ҰБТ-2018: ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕҢ ЖОҒАРЫ БАЛЛ – 135
Қызылорда облысының 4742-і мектеп бітіруші түлегі 20-22 маусым аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. 1131 бала 100-ден жоғары балл жинады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мәлімдеді.
Облыста 9 тестілеу пункті ереже талаптарына сәйкес 107 аудитория әзірленіп, қажетті құралдармен жабдықталған. Пункттерде рамалық детектор, қолда ұстайтын металл іздегіш, телефон дыбысын жоятын құрал және бейнекамера орнатылды.
"Биылғы жылдың басты ерекшелігі тестілеу барысында онлайн трансляция жүргізілді. Кез-келген ата-ана тестілеу пункттеріне бармай-ақ, балаларының тест тапсыру кезін өз телефондарынан немесе компьютерлерінен бақылай алды. Осыған орай, тестілеу пункттері қажетті жоғары жылдамдықтағы Интернет желісімен және бейнекамералармен жабдықталды", - деді М.Мелдебекова.
Сонымен ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары деңгейден Қызылорда қаласы көрінді. Балалардың білім деңгейі орташа 90,9 балды құрайды. Өткен жылы 80,9 балл болған. Ал, ең жоғарғы 135 балл алған Қазалы ауданының №249 мектеп-лицейдің түлегі Рат Еркін Қазбекұлы және Қызылорда қаласының №15 мектеп-лицей түлегі Жалғасбай Абылай Ергешбайұлы.
Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеу басталмас бұрынғы тексеруден 429 ұялы телефон, 167 шпаргалка, 8 калькулятор алынды.
Сонымен бірге, 93 мектеп бітіруші апелляциялық комиссияға жүгінген. Олардың 19-ын жергілікті апелляциялық комиссия республикалық апелляциялық комиссияға жіберуге шешім қабылдаған. Нәтижесінде, оларға техникалық қатемен 44 балл (Арал ауданы) және оқу сауаттылығы, математика, қазақ әдебиеті, химия, география пәндері бойынша 17 балл қосылды.
Айта кету керек, тестілеу ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған бала болған жоқ.