1 ШІЛДЕДЕН БАСТАП ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАТЫСУ ӨТІЛІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ АРТАДЫ
Бүгін Елбасы Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындау әдістемесін өзгерту туралы өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнетақы жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды primeminister.kz
Оның айтуынша, еліміздің алдында бірінші кезекте тұрған міндеттердің бірі — азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлемдік стандарттарға сай ету, зейнетақы жүйесін дамыту арқылы олардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында зейнеткерлік жасқа лайықты өмір сүру үшін зейнетақы төлемдерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған «ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданған.
«Президент өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есеге ұлғаяды деп атап өтті. Биыл шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындау өзгереді. Барлық қарт адамдарға еңбек өтілі болғанына немесе болмағанына байланысты демогрант (мемлекеттік зейнетақы) қамтамасыз етіледі», — деді С. Жақыпова.
Спикердің түсіндіруінше, жоғарыда аталған Тұжырымдамада зейнетақы төлемдерінің мөлшері инфляция деңгейінен 2% өсіп, оның көлемін жыл сайын арттыру көзделген.
«Осылайша, 2018 жылы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің 6% болғанын есепке ала отырып, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8%-ке артты. Базалық зейнетақының мөлшері 6%-ке жоғарылап, оның мөлшері 15 274 теңге болды», — деп нақтылады ол.
Зейнеткерлер арасында кедейліктің алдын алу және азаматтардың жұмысқа қабілетті шағында экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында Тұжырымдаманы іске асыру одан әрі жалғастырылады.
Базалық зейнетақыны зейнеткерлік жасқа жеткен кезде, сондай-ақ, азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындау қарастырылады.
«Яғни, барлық зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты болады», — деді С. Жақыпова.
Егер бүгінгі таңда барлық зейнеткерлерге бірдей ең төмен күнкөріс деңгейінің 54% мөлшеріне базалық зейнетақы немесе 15 274 теңге алып отырса, биылғы 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты артатын болады. Өтілі он жылдан аз немесе мүлдем болмаған азаматтарға базалық зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54% белгіленетін болады. Ал 10 жылдан кейін әрбір жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ке ұлғаяды.
«Базалық зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері 100% немесе 28 284 теңгені еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған азаматтар алатын болады», — деп түсіндірді вице-министр.
Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған және нақты зейнетақыны тағайындаған кезде есепке алынған еңбек өтілі; 2) 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдері негізінде есепке алынатын болады.
«Зейнетақыны есептеу барысында еңбек өтілі ғана емес, егер зейнеткер әйел адам болса, бала туып, баланы үш жасқа дейін тәрбиелеп отырған кезеңдері де ескеріледі. Және бала 16 жасқа дейін мүгедек болса, сол мүгедек баланы тәрбиелеп, асыраған ананың да еңбек өтіліне бұл жылдар қосылады. Сондай-ақ 1, 2 топтағы мүгедектерге күтім жасаған азаматтардың жылдары еңбек өтіліне енгізіледі», — деп қорытындылады С. Жақыпова.