ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ МАРАТ БЕКЕТАЕВТЫҢ ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Әділет министрі Марат Бекетаевтың өңірлермен бейнеконференциялық байланыс арқылы халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Марат Бекетаев әділет органдарының 2017 жылғы қызметін қорытындылап, 2018 жылға қойылған міндеттері туралы атап өтті, сондай-ақ азаматтардан, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдерінен келіп түскен сұрақтарға жауап берді.
Марат Бекетаев Әділет министрлігі үшін заңнаманың сапасын арттыру басты міндет екенін атап көрсетті.
Нормашығармашылықты автоматтандыру және процесті оңтайландыру үшін Министрлік «Е-заңнама» бірыңғай электрондық жүйесін жасау бойынша жұмыс жүргізуде. Жүйе заң жобаларын әзірлеудің барлық кезеңдерін электронды түрде сүйемелдеуге бағытталған.
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Әділет органдары тіркеу рәсімдерін жеңілдету үшін қарқынды жұмыс жасауда. Зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бірыңғай жүйесін енгізу жоспарлануда. Тиісті заңға ағымдағы жылғы 20 маусымда Мемлекет басшысы қол қойды.
Меншік құқықтарын қорғау және қабылданған сот актілерін орындауды қамтамасыз етуге бағытталған сот шешімдерін орындау жүйесінде де жаңашылдықтар бар. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап ақпараттық жүйе мүлікті тіркеудің мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған. Енді жылжымайтын мүлікке тыйым салуды және салынған тыйымнан босатуды электронды түрде жасауға болады. Бүгінгі таңда жеке сот орындаушыларының саны артуда.
Әділет министрлігі елдегі кәсіпкерлік ахуалды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде. 2017 жылы азаматтық және банктік заңнаманы жетілдіру бойынша ережелерді қамтитын Заң қабылданды.
Бұдан былай «электронды Үкімет» веб-порталында шағын және орта бизнес субъектілерін тіркеу кезінде банктік шот ашып, сақтандыру шартын жасауға болады. Халық үшін ең сұранысқа ие қызметтердің бірі қол жетімді әрі жеңілдетілген болады. Нотариаттық емес мәмілелерді тіркеу рәсімі мен мерзімі 3 күннен 1 күнге дейін қысқартылады.
Әділет министрі Марат Бекетаев өз баяндамасын қорытындылай келе, ағымдағы жылы әділет органдарының қызметі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ауқымды мақсаттар мен міндеттерді одан әрі орындауға бағытталатынын атап өтті.
ҚР Әділет министрлігінің
баспасөз қызметі