АРАЛ ӨҢІРІНІҢ ЭКОЛОГИЯСЫН ЖАҚСАРТУҒА ЖОЛ АШТЫ
«Арал маңындағы жер ресурстарын орнықты пайдалану және биоалуантүрлілігін сақтау». Бұл тақырып аймақтық ғылыми-практикалық семинарға арқау болды. Оның жұмысына Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Арал, Қазалы ауданы әкімдіктері, пилоттық жобаға қатысушы шаруашылықтар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
Шараны Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі жобаларының менеджері Талғат Кертешов жүргізіп отырды. Ол БҰҰДБ мен ҚР Үкіметінің 2013 жылдан бері Қазақстанның 3 аймағында шөлді эко-жүйелердің репрезентативті учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аймақтар экожүйесіне қосуға, құнарлы ландшафтарды орнықты пайдалану тетіктерін іске асыруға және жергілікті қоғамдастықтарды биоалуантүрлілікті сақтауға бағыт-талған бірлескен жоба жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. 2013 жылдың қыркүйек айында Қазақстанның Үстірт, Арал-Сырдария, Іле-Балқаш жобалық аумақтарында басталған бағдарлама алдағы тамыз айында аяқталады. Бағдарламаға Ғаламдық экологиялық қоры 4 млн 365 мың доллар, Қазақстан үкіметі 9 млн доллардан астам, БҰҰ- гранты есебінде 60 мың доллар қаржы бөлінді.
Осы уақыт аралығында бағдарлама аясында Арал-Сырдария жобалық аумағында жүргізілген жұмыстардың маңызы зор болғанын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инпекциясы басшысының орынбасары Марат Нұр¬мағамбетов облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәменов, Арал аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сәбитжан Нұрғалиев өз сөздерінде мәлімдеді. Осы бес жыл мерзім ішінде бірлесіп атқарылған 15 жоба Арал өңірінің экологиясын одан әрі жақсартуға өзіндік үлес қосты.
География және табиғат пайдалану институтының геоақпараттық картография және модельдеу орталығының басшысы Нұрлыбек Зинабдин және БҰҰДБ менеджері Т.Кертешов жердің құлазуымен күрес саласындағы нәтижелі жұмыстар жайын баяндады. Арал аймағында фитомелиоративті аймақтарды және халық қоныстанған жерлерді жасылдандыру үшін орман питомнигі құрылып, құрғаған теңіз табанында, елді мекендер аумағында 3 млн дана сексеуіл, 20 млн дана қылқан жапырақты ағаштар отырғызылған. Жасыл екпелер теңіз табанындағы тұздың көтерілуін азайтумен қатар ауылдық елді мекендер шетіндегі құмға да тосқауыл болуда. Арал питомнигін қалпына келтіруде Оңтүстік Корея мемлекеті берген қаржы көмек болған. «Барсакелмес» қорығы мен Арал-Сырдария аймағында құландардың, қарақұйрық пен ақбөкендердің көбеюіне де осы бағдарлама өз септігін тигізді. Сонымен бірге облыста жылына 10 млн дана балық аулану үшін инкубациялық жүйе құрылды. Жоба аясында Арал ауданында су каналдарын құжаттандыру мәселесі де шешімін таба бастады. Өйткені аудан көлеміндегі су каналдарының құжаттары болмауынан Су комитеті су беруге рұқсат етпей келген еді.
Бағдарламаның үшінші бағыты жергілікті халықпен жұмыс істеуге арналған. Осы бағытта шаруа қожалықтарында пилоттық жобалар аясында жұмыс жасалып, 5 мыңнан астам мал басын сумен қамтамасыз ету үшін су станциялық бекеттер орнатылды. Аралқұм, Аманөткел елді мекендерінде жылыжайлар салынды. Шағын күн жел станциялары мен су жылыту қондырғылары іске қосылды. Шаруашылықтарда тамшылатып суару әдісі енгізіліп, суды үнемдеумен қатар өнімділіктің артуына да септігін тиізуде. Сонымен қатар, тұрғындарға экологиялық білім беру мәселесі ұмыт қалған жоқ.
Семинарға қатысушылар мұнан соң Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-дың пилоттық учаскесіндегі тамшылатып суару әдісімен және «Байқадам» су торабындағы суды үнемдеу, сол секілді есепке алудың автоматтандырылған жүйесімен танысты.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ