ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕГІ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТТЫ
Аймақтағы әлеуметтік жобалардың басым бөлігі ауылдық жерлерде жүзеге асырылады; ағымдағы жылғы 139 жобаның 79 аудандық деңгейде жүзеге асырылып жатыр.
Облыс әкімі үкіметтік емес ұйымдармен кездесу барысында әлеуметтік жобаларды қалыптастыру кезінде ғылыми-зерттеу орталықтарымен жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы, өңірлік статистикалық көрсеткіштер, БАҚ-тар мен интернет ресурстарда жиі көтерілетін мәселелер, үкіметтік емес ұйымдардың бастамалары ескеріле отырып әзірленіп жатқанын айтты.
«Облыста ауылдық деңгейдегі ҮЕҰ әлеуетін арттыру үшін жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2017 жылғы 181 жобаның 100-і Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен іске асқан болса, ағымдағы жылғы 139 әлеуметтік жобаның 79-ы аудандық деңгейде жүзеге асырылуда. Осы орайда жобаларың басым бөлігі қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайтуға, жастар саясатын іске асыру мен балалар бастамаларын қолдау, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына қолдау көрсету әлеуметтік қызмет салаларында екенін атап өткен жөн», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Қызылорда облысы ҮЕҰ қызметін қаржыландыру бойынша көшбасшылар қатарында екенін атап өтті.
«2017 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы Үкіметтік емес ұйымдардың қызметін белсенді ету бойынша қаржыландыру жағынан Астана мен Алматы қалаларынан кейін 3-ші орынды иеленді. Бұл сіздер мен біздердің бірлікте атқарған жұмысымыздың нәтижесі деп білемін. Бұдан басқа, аймақта Үкіметтік емес ұйымдарды бюджеттен тыс көздерден қаржыландырылады», - деді аймақ басшысы.
Атап айтқанда, өңірде «Дағдарыс жағдайына тап болған балалар мен аналарға арналған әлеуметтік қонақ үй» жобасы іске асырылуда. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің гранты негізінде жергілікті Үкіметтік емес ұйымдарға әдістемелік көмек көрсету үшін жарияланған конкурстың жеңімпазы болып «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» Қауымдастығы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған ресурстық орталық тағайындалды.
Өңіріміздегі оңтайлы істердің жалғасы ретінде әлеуметтік жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселесі, оның ішінде мүгедек азаматтарды оңалту мен әлеуметтендіруге бағытталған жобаларды қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапқан. Мысалға: мүгедектердің ақпараттық технологиялық сауаттылығын көтеру, электронды әкімдік бағдарламасын қолдануды үйрету, «Инватакси» әлеуметтік жобалары.
Бұдан басқа, аймақтағы қоғамдық кеңестердің қызметін тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, қоғамдық бақылауды дамыту әлеуметтік жобасы іске асырыла бастады.
Жергілікті қоғамдық бірлестіктердің басшылары салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндама жасады.
Кездесу барысында билік пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасын орнықтыратын кеңестер және орталық атқару органдарында салалық үкіметтік емес ұйымдар қатысуларымен консультативтік-кеңестік органдардың қызмет жасауы, еліміздің әлеуметтік модернизациясында үкіметтік емес ұйымдардың алатын орны мен билікпен бірлескен іс-қимылдың маңызы жайлы айтылды, азаматтық қоғам өкілдері үкіметтік емес секторын дамыту шаралары жайлы ұсыныс-пікірлерін айтты.