ҚАРА КЕМПІРДІҢ ҰЛЫ МЕН КЕЛІНІ (ӘҢГІМЕ)
Әбіләзи жасынан қалжыңбас болып өсті. Қағытпа сөзге кеткен. Жүрген жерін күлкіге көміп жүргені. Үйде де сол, қайдағыны тауып айтқыш әзір-жауап. Анасы: «Жасыңда қалжыңбас болсаң, қартайғанда мылжыңбас бола-сың» деп ескертсе де қоймайды. Қоралы жаннан шаңыраққа ие болып қалған екеуі ‒ шешесі мен өзі. Іші пысып еріккенде «тиісетіні» осы қолтоқпақтай қара кемпір. Өңі көмір түстес болғандықтан шешесіне африканка деп ат қойып алған.
Күн бүгін жексенбі еді. Әбіләзидің жақсы көретін күні. «Категория жизни» деген кітапты түннің бір уағына дейін оқимын деп кеш тұрған. Күнде таңмен талас тұрып ағыл-тегіл терлегенше жүгіретін. Таңертеңгілік жаттығуды содан кейін жасайтын. Ұйқыдан кеш оянғандықтан бүгін жүгірген жоқ. Бірден жаттығуға кіріскен.
Іште дастарханын жайып, сары самаурынды ызылдатып анасы күтіп отыр. Түнемелік қарбытқан тағамның шөлі болады. Көзкөргендер «Қара кемпір» атандырған Мәйеш – шайқор. Бір самаурынның суын бір өзі сарқуға бар. Ал баласы шайға жоқ, пиаласын анасына мықтағанда үш-төрт рет ұсынады. Сонымен болды. Дегенде, кейбіреулердей бетін бір сипап тұрып кетпейді. Шешесі шайға әбден қанып, көңілін бірлегенше көз алдында әрнені бір айтып жайраңдап отырады. /Шамасы шешесінің көңілін аулау үшін әдейі сүйтетін болуы керек/.
Мәйеш баласының қалжыңына кейде күліп мәз болады, кейде әңгімелері жараспай тәжікелесіп те қалады. Бұл үйдің демалыс күнгі тіршілік тынысы көбіне осылай басталады. Былайғы күндері Әбіләзи таңертеңгі шайға қарамайды. Мектебіне асығады.
Әдеттегідей бұл жолы да:
‒ Африканка! Как дела? ‒ деп дастархан шетіне жайғасты.
‒ Келін болмағасын дела қайдан дела болады...
‒ Ой, қандай контрас. Ақ дастархан, қара кемпір, сары самаурын, қызарып піскен бауырсақ. Тағы не? Қолдың сары майы. Апа, сенің осы сары майың бар-ау, маған майдай жағады. Жүрегіме тимейді. Керемет!
‒ Сөзді қой. Мені қашанғы алдарқата бересің. «Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» дегендей, қойдың жасындай жасым қалды. Бір шүйкебасты қашан әкелесің? Қайратты-ақ едім, қашанғы болсын, шалдығайын дедім. Осы күні аяғымның тамыры тартылып қала беретін болып жүр.
‒ Жаңақорғанның тұзды балшығына апарайын. Емдел.
‒ Емдел дейсің, мына үйге, малға кім қарайды? Бір шүйкебас болса, бір сәрі...
‒ Апа, сенің арманың бір шүйкебас екен. Ербитіп оны қайтем. Менімен ойнама, Африканка. Мен мынауский қыз аламын, білдің бе? ‒ деп Әбіләзи оң қолының төрт саусағын бүгіп, бас бармағын шошайтты. ‒ Шөпжелкелерді Айғара алсын, ‒ деп өзіндей бойдақ құрдасына бере салды.
‒ Сол мынаускиіңді енді қашан әкелесің?
‒ Қолым тимей, табаным тартпай жүр ғой...
‒ Сен осы кімге ұсағансың? Өлуге қолы тимей жүрген шешеңді әрі итеріп, бері жығасың да отырасың...
‒ Қызық, кімге ұсағанымды мен қайдан біледі екем. Апа, өзің айтшы, мен осы кімге ұсадым, а? Қарап жүргенше біле жүрейін.
‒ Қой әрі оттамай. Сопа басың сандалып жүргеніңе қарағанда, итке ұсаған шығарсың. Осы ма менен есітейін дегенің? Қатынды мен үшін алма, өзің үшін ал. Осы жаз қолыма бір шөпжелкені ұстатпадың бар ғой, бесеуі бес елге пенде болып кеткен ана апаларыңның біріне кетіп қаламын, білдің бе? (Бұл енді баласын қорқытқандағысы). Жүр сосын кірің жуылмай азып-тозып. Ө несі-әй түге...
‒ Қыздарыңа кететін болсаң тіптен жақсы. Бәрін айт та, бірін айт, емін-еркін сайран салып жүргенді айт. Иә, апа?
‒ Я, жетісерсің...
‒ Апа деймін-ау, маған бір ой келіп жүргені.
‒ Ол не деген ой?
‒ Ішіме симай жүрген ой. Үйленіп керегі не деймін де. Құдайақына. Өзің ойлашы, үйленсем мойныма құрық түседі. Сосын біткенім ғой. Ол сосын қарап жүре ме, қыңқылдап жүріп жүкті болады. Сосын қайтеді, ыңқылдап жүріп бала туады. Тағы туады. Туа береді, туа береді. Шөпжелке, шүйкебас дегендер сондай ғой, апа. Жұрттан да, өкіметтен де ұялмайды. Сосын жүргенім ғой батпан бейнетке батып. Бала-шағаны қалай асыраймын деп. Жоқ, онан да сыбай салтаң жүргенім жақсы емес пе, иә апа?
Осының бәрін шешесін сөйлетпекке айтып отыр.
‒ Құрсын, құрсын, ‒ деп күрсінді қара кемпір. ‒ Сен, балам, осының бәрін табылған ақыл деп шынымен айтып отырсың ба?
‒ Иә, шыным апа.
‒ Оқуыңды бітіріп аузыма нан салғаныңа биыл бес жыл болды. Қатарыңның бәрі аяқтанып үлгірді. Алды шешелеріне немере сүйгізді. Ал менің отырысым мынау, бір бәлекейге зар болып. Асылы, жігіттің нашары Айғара екеуің болдыңдар-ау. Қу тізелеріңді құшып қашанғы жүресіңдер, ел-жұрттан ұялмайсыңдар ма?
‒ Ұялғанда қайтеміз, қыздар қарамаса...
‒ Әй, онда бар ғой, көңілің соққан бір қызды сыртынан көрсетші. Құда түсейін. Маған қызын бермейтін қандай жұрт екенін көріп алайын сосын.
‒ Жаманға кім қызын беруші еді.
‒ Кім жаман?
‒ Мына мен ‒ ұлың. Жаңа ғана өзің айттың ғой, нашарсың деп.
Мәйеш амалы таусылып: ‒ Саған сөз шақ келмейтін шығар. Саған айттым не, айтпадым не? Құр далаға айтқанмен бірдей... ‒ деп қатуланып сілкінді. Әбіләзи күліп:
‒ Әй, апам-ай менің! Африканкам-ай менің! ‒ деп шешесін екі бетінен алма-кезек сүйіп-сүйіп алды да, телевизорға дем берді. Дегендей бір шоғыр қыз үкілері желкілдеп билеп жүр екен. Әдемі-ақ! Бірінен бірі өткен сұлу, билері де, өздері де көзді қызықтырады. Құйқылжыған әсем қоңыр күй сарыны шалқы түсті.
Мәйеш: ‒ Адам-ай, осылардың басыбайлы байлары бар ма екен? ‒ деп баласына қарады. ‒ Ылғида осы, көйлектері көлеңдеп билейді де жүреді. Өйістіп жүріп байсыз қалмаса болғаны ғой, пәтшағарлар...
‒ Ой, апа-ай, қызықсың-ау...
‒ Өздерін біздің жаққа да жіберіп алмайды-ау, ә!
‒ Ал жіберді, неғылар едің?
‒ Біреуін қазыққа байлап алып қалар едім.
‒ Көнеді деген.
‒ Неге көнбейді? Үйде де телебезір бар ғой, келсін де билей берсін.
‒ Ай, апа. Көзі жоқ әулиесің-ау...
‒ Апаламай-ақ қой. Қатынды мен өлгесін аларсың. Шешесінің көзі тірісінде аяқтанбай, көзі кеткесін үйленіп, байғұс қара кемпірді өлтіре алмай жүр екен ғой деп күллі көшеге күлкі болып жүрме... ‒ деп Мәйеш қыжым шапанын бүркеніп, теріс қарап жатып қалды.
Бұл енді ұлына өкпелегені.
Үйдің іші тым-тырыс. Қолында «Категория жизни» деген кітап, Әбіләзи сыртқа шығуға ыңғайлана берген. Шешесі қыжым шапанының астынан: «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген. Менің көзім жұмылуын күтіп жүрген шығар...» деп күңкілдеп жатыр. Әбіләзи күліп:
‒ Африканка, құр босқа жатып алғаның не? Басың ауырады ғой, ‒ деді не дер екен деп.
‒ Жынымды келтірме. Осы жатқаным жатқан, ‒ деді зекіп. Артынша шапанын серпіп жіберіп: ‒ Неғып тұрсың селтиіп. Бар, баратын жеріңе, ‒ деді дауысы құмығып.
‒ Апа, келініңді осы қазір бұрымынан сүйреп әкелсем бе екен деп ойланып тұрғаным.
‒ Әй, қасқа бала, немене, ен салып, қойғаның бар ма еді?
‒ Бары бар ғой.
‒ Не дейді ойбай-ау?! Олай болса неменеге созбақтап жүрсің, а?
‒ Әне үйленбейін десем де ойбай, үйленейін десем де ойбай. Соншама не болды?
‒ Ойбайламай қайтейін...
‒ Ал мен кеттім, Африканка!
‒ Қайда жаным-ау?
‒ Келін әкелуге. Қандайынан әкелсем екен, ә? Орыстан ба, кәрістен бе, жоқ, әлде хакастан, африканкадан, татардан, чукчадан...
‒ Ойбай, шүршіттен болса да бір бәлекейді әкеліп кіргізші, менің жаным тыныш тапсын десең.
Мәйеш енді жата алмады. Ап, пірім-ау! ‒ деп бір-екі ұмтылып тұрды төсегінен, тізелері сықырлап. Жиналмай қалған дастарханды жинастырып болғасын тысқа шықса, «келінді тап қазір бұрымынан сүйреп әкелемін» деген ұлы көлеңкеде қаннен қаперсіз кітап оқып отыр. Кемпір үйге үндемей ғана қайта кіріп кетті. Сосын қыжым шапанын тарс бүркеніп жатып алды, теріс қарап.
/жалғасы бар/
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қызылорда қаласы