ҚОРҚЫТ АТА МЕМОРИАЛДЫҚ ЕСКЕРТКІШ КЕШЕНІ
Қорқыт ата – түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, күйші әрі қобызшы болған тұлға. Қорқыт ата туралы деректер бізге үш түрлі жолмен жеткен. Олардың бірі - ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер болса, екіншісі - тарихи шежірелер, үшіншісі - Қорқыт ата кітабы.
Қорқыт атаның дүниетанымдық ойлары әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. «Өлген кісі тірілмес, өткен қайтып келмес», - дейді Қорқыт бабамыз. Иә, өткенді қадірлеуге, одан сабақ алуға болады, бірақ оған қайтып оралу жоқ екен, тек ілгері ұмтылу қажет. Аңыз бойынша Қорқыт бабамыз адамның өлімнен қашып құтылмайтындығы, оның ғұмырын жарық дүниеде бітіріп кеткен жасампаздық ісі мен өшпес өнері ғана жалғастыра алатындығы туралы данышпандық пәлсапалық ойлар қалдырды. Осы ғаламат ой әрбір саналы жанның ғұмыр бойы темірқазық етіп ұстар бағдаршамы болуға лайық десек, қателеспейміз.
Ал Қорқыт атаның өзі туралы зерттеген ғалым Ә.Марғұлан төмендегідей пікір айтады: «Қорқыт - тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын аңыздар Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-әңгімелер, ән-күйлер қазақ пен түркімендерде көбірек жолығады.
Қорқыт ата – Оғыз заманында өмір сүрген дана тұлғалардың бірі әрі аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені белгілі. Міне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдөйтін тарихи деректер бар. Ал оның теңдесі жоқ күйші-композитор болғандығын халық жадында сақталған «Қорқыт ата күйі», «Қорқыт сарыны», т. б. музыкалық шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйшілер мен ақын-жыраулар өздеріне Қорқыт атаны пір-ұстаз тұтқан. Олар өздерінің өлең жырларын бастамас бұрын, алдымен Қорқыт атаның есімін ауызға алуды шарт деп білген:
Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,
Бата алған барлық бақсы асқан ата.
Таңғалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда.
Ел аузындағы аңыздарда Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмырбойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында «өлмейтін нәрсе жоқ екен» - деген пікірге келеді. Осылайша, Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ұлы күйші өзі іздеген мәңгілік өмірді шынында да тапқан секілді. Қорқыт атаның жан тебірентерлік сиқырлы күйлері, ұлағатты ғибрат сөздерінің әрбір жолы мақал-мәтелге айналып кеткен. Өлең-жырлары ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра, мәңгілік қазына ретінде ауысып, мыңжылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келе жатыр.
Қорқыт атаны асқан күйші, ақылгөй, данышпан, атақты жырау деп оның мәңгілік мекен тапқан мазар-күмбезіне бас ию сонау оғыз-қыпшақ заманынан басталады. Қорқыт атаның мемориалдық ескерткіш кешенін (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында) халық сан ғасырлар бойы қадірлеп келеді. Ол жерді Қорқыт атаның күй тартатын жері деп, басына күзетші, шырақ жағушы адам қойып келді. Қорқыт ата күмбезі шамамен ІХ-ХІ ғасырларда салынған.
Қорқыт - ерте кезде оғыз, қыпшақ және қаңлы тайпаларын басқарған данышпан кісі бейнесіне VIII—IX ғасырларда-ақ аңыз кейіпкері болған. Қорқыт ата жөніндегі жыр-дастан алғаш қыпшақ даласы мен Сыр бойында туып, халық эпосының дәстүрі бойынша сан ғасырлар бойы ауызша айтылып келген. Тек XVI ғасырда ғана Қорқыт есімімен байланысты бұл дастан қағазға түсірілген.
Қорқыт ата туралы сан қилы аңыз - әңгімелер қазақ арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Солардың бірі - Қорқыттың тууына байланысты аңыз. Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Оны жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт туар алдында күллі әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басып тұрыпты. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қатты қорқыныш сезімі билейді. Сыр бойы мен Қаратау өңірінің аспаны да қараңғы тартып, қарауытып кетіпті. Сондықтан бұл маңай «Қараспан» аталыпты. Ашық күн тастай қараңғы түнге айналған қорқынышты күні туғаны үшін баланың атын «Қорқыт» деп қойған екен. Қорқыт ата туралы аңыз – әңгімелердің бірі Қорқыттың өліммен күресі. Аңызда Қорқыт жиырма жасқа жеткенде түс көріп, түсінде ақ киген қария «қырық жастан артық жүрмейсің» деп аян береді. Қорқыт одан сескеніп, өлмейтін, өшпейтін дүние іздеудің соңына түседі. Желмаясына мініп, дала кезіп кетеді. Көп уақыт жүріп келе жатса, алдынан жер қазып жатқан бір топ кісіге жолығады. «Мұны неге қазып жатырсыңдар?» дегенде, әлгілер «Қорқытқа қазып жатырмыз» деп жауап береді. Оны естіген соң, зәресі тағы ұшып, өлімнен құтылу үшін дүниенің екінші шетіне жөнеледі. Онда барғанда да, бұрынғы түсін көреді. Таң бозынан аттанып, тағы да дала кезіп кетеді. Түсінен шошынып, дүниенің төрт бұрышын тегіс кезіп шығады. Бірақ қайда барса да, көретіні қазып жатқан көр болады. Жан сақтауға жер таба алмай, әбден тарыққан соң, Қорқыт жер ортасына келеді. Ол өзінің туған жері Сыр суының жағасы еді, бұл жерде отырып, Желмаясын сойып, оның терісі мен қобызын қаптайды, Ол қазіргі Қорқыт кешенінің тұрған жері еді. Бұрынғы түсі тағы кіреді. Суда көр қазушы болмас, оған ажал да келе қоймас деп, өлімге қарсы амал ойлайды. Сусыз жерде жан сақтауға болмаса, енді судың ортасында тұрайын деп Сырдың бетіне кілемін жайып, жүз жылдай сонда тұрып өмір сүреді. Қорқыт Сырдарияның үзілмей ағатын суына қарап, өлім мені қанша қуса да, оны бұл жерге келтірмеспін деп, қобызын толқытып күңірентіп тарта беріпті. Қорқыттың күйін дүниедегі жан иесі түгел ұйып тыңдапты. Аспандағы құс ұшуын қойып, самал жел есуін қойып тыңдапты. Ажалдың өзі де Қорқыттың күйіне балқып, бұған жақын келе алмапты. Қорқыт осылайша күндіз-түні ұйқы көрмей, қобыз тартып өліммен алысыпты. Көп заман ұйқы көрмей, қатты ұйқыға батқан кезде оны өлім іздеп тауып, кілемде ұйықтап жатқан Қорқытты кішкене қайрақ жылан келіп шағып өлтіріпті. Бірақ Қорқыт өлгенімен, оның ұзақ заман тартқан қобызының күйлері халық жадында әлі сақталған. Бұл аңыз туралы академик Ә. Марғұланның пікірі: «Қорқыттың өмір бойы арман еткені - өлмейтін, жасай беретін өмір іздеу, сол үшін күресіп, өлімге қарсы тұру. Мұнда ажалмен айқасумен бірге, құдайдың өзімен алысудың аялғысы бірге жүреді. Қазақ аңыздары бойынша Қорқыт бар өмірін тағдырмен, дүниені жасаушымен алысу үстінде өткізеді. Өлмейтін өмірді көксеп, тағдырға, өлімге қарсы тұрады. Жас Қорқыттың іздегені адам баласының өлмей уайымсыз еркін жасауы. Қорқыт дүниетанымы бойынша, өлім оның көзіне зұлымдықтың басы болып көрінеді. Онымен күресуді Қорқыт өзіне бірінші міндет етіп қояды.
Қорқыт Ата туралы бізге жеткен тағы бір құнды деректердің бірі - Қорқыт ата кітабы. Бұл кітаптың екі қолжазба нүсқасы сақталған. Олардың бірі қазір Германиядағы Дрезден қалалық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы тұр. Бұл қолжазба кітаптың мұқабасында көрсетілген аты: «Кітаби дедем Қоркут ғали лисани таифаи у огузан», яғни «Қорқытатаның оғыз тайпасы тіліндегі кітабы». «Қорқыт ата кітабының» осы Дрезден қолжазбасы он екі жырдан, басқаша айтсақ, он екі бөлімнен тұрады.
Ал «Қорқыт ата кітабының» екінші қолжазба нұсқасы Ватикандағы (Италия) Аростолика кітапханасында сақталып келеді. Бұл қолжазба алты жырдан құралған, ол: «Хикаят оғыз-наме Қазанбөк уа ғайри» деп аталады. Мұны осы кітапханадан тауып, итальян тіліне тұңғыш рет аударған ғалым Этторе Росси болды.
Қазақстан ғалымдарынан «Қорқыт ата кітабын» зерттеу, аудару, насихаттау ісіне Ә.Марғұлан, X.Сүйіншәлиев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Ысқақов, М.Байділдаев белсене ат салысып келді.
«Қорқыт ата кітабы» сол кездегі оғыз-қыпшақ тайпаларының бәріне бірдей түсінікті көне түркі тілінде жазылды.
Сонымен, «Қорқыт ата кітабы» Көк түріктер дәуірінің сан қилы қоғамдық-әлеуметтік көріністерін, салт-санасын, діни сенімін, әдет-ғұрпын, көркем сөз үлгілерін, ертегі-аңыздарын біздің заманымызға жеткізген ғажайып туынды болып табылады.
Қорқыт ата ескерткіш кешені Сырдария өзені жағасында орын тепкен. Ескерткіш кешенде қобын үні естілетін қобыз бейнесіндегі стелла, түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалауға арнап көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған Амфтеатр және Қошқар тас мүсіні қойылған. Қошқар бейнесінің көрініс табуының өзі оғыз жаманында тоқшылық пен молшылықтың мағнасын береді деген түсінікпен қойылған. Келіп тамашалаушыларға Мұражай қызметі жұмыс жасайды. Орыс ғалымдарының Сыр бойында Қорқыт Атаны қадірлеудің мыңжылдық үлгісі бар деуі тегін емес. Себебі, Қорқыт ата Түркі халықтарына ортақ, өз заманының дарынды тұлғасы. Қанша уақыт өтсе де Қорқытты қадірлеуді қазақ халқы ұмытқан жоқ. Сондықтанда ол қазақ даласының қастерлейтін киелі орындарының бірі.
Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
Қызылорда облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау
мекемесінің ғылыми қызметкері