БІРЛІГІ МЕН ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН АУЫЛ
Қызылорда облысындағы көпұлтты елдімекен дегенде ІІІ Интернационал ауылы ойға оралары анық. Ауыл тарихы 1937 жылдан бастау алады. Ал ІІІ Интернационал ауылы десек, есімізге алдымен осы ауылдың іргетасын қалап, өңірімізде күріш дақылын өсіруді бірінші болып бастаған Еңбек Ері Цай Ден Хак оралар еді.
Зұлмат жылдары Сталиннің жүргізген саясатымен сонау Қиыр Шығыстан қазақ жеріне еріксіз қоныс аударылған корей ұлты жергілікті халықпен бірлесе жұмыс істеп, осы құтты мекенде тұрақтап қалды. Цай Ден Хактың ауыл үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Атпал азамат өзі басқарған елдімекен әлеуетін өркендетуге бар саналы өмірін арнады. Аталған ауылды аймағымызға, тіпті республика мен Кеңестер Одағына танытты.
Сол жылдары Қармақшы ауданына келген қонақтар алдымен «Цайдың ауылын барайық» деп те айтатын. Сол дәстүрді бұзбай, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысудағы кезекті сапарамызды біз де бірлігі мен ынтымағы жарасқан көп ұлтты ауылдан бастадық.
Міне, ұлы жолдың бойындағы ауылға да жеттік. Көкке оранған көшемен жүйткіп келеміз. Көше бойында қаз-қатар заманауи үлгіде салынған тұрғын үйлер мен ілінген билбордтар ауыл көркіне сән беріп, көз тартады. Бізді қарсы алған ауыл әкімі Әсет Омаровқа іс-сапарымыздың мақсатын жеткізгенбіз. Ол дереу іске кірісті.
– Нақты кезеңде округ бойынша 114 кәсіпкер ауыл тұрғындарына түрлі бағытта қызмет көрсетуде. Оның ішінде дала жұмысының майталманы Милияр Арифов басқаратын «Достық Жер МК» ЖШС-да еңбек ететін 241 диқан-механизатор биыл 2400 гектар алқапқа күріш дақылын орналастырды. Қазіргі таңда суға бастыру жұмыстарын аяқтаған. Бұған қоса 1686 гектарға егілген ескі және жаңа жоңышқаны да баптауға алды. Жалпы, ауылда 11 шаруа қожалығы күріш және түрлі бақша дақылын өндіру жұмысымен айналысады.
Осы жылы ауыл тұрғындары Әли Маханбетов пен Аслан Дямуршаев мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы бірі – мал басын көбейту, ал енді бірі – автокөлік жөндеу цехын салуға жұмыс істеуде. Бұған қоса, 12 тұрғын «Бизнес-бастау» жобасымен облыстық кәсіпкерлік палатасы жанынан ұйымдастырылған 1 айлық курстан білімін жетілдіріп, осы күні жобаларын іске асыруға жұмыс істеуде.
Булут Исмаилов деген азаматымыз бүгінде ара шаруашылығын дамытуда. Басқа да кәсіпкерлер мал және егін, оның ішінде бақша мен көкөніс өндіруде еселі еңбек етуде. Мәселен, Әли Гейдаров «Ақ сарай» атты көліктік қызмет көрсету кешені мен ауыл орталығында «Бади-Нур КZ» жеке балабақшасын ел игілігіне пайдалануға берді. Бүгінде олар бірнеше ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр, – дейді ауыл әкімі Әсет Омаров.
Иә, біз әкімнің өз ауылын шырайын шығара мақтауына сеніп, осы аталған жұмыстармен танысуға аттандық. Алайда, ауыл әкімі мәдениет үйінде өткізілетін шараға қатысатынын айтып, қасымызға Мақсат есімді әкімдік маманын жолбасшы етіп жіберді. Оның бастауымен біз «Достық Жер МК» серіктестігіннің №3 егіс бригадасындағы жоңышқалықта орналасқан омарташы Булут Исмаиловтың кәсібін көруге аттандық.
Міне, ауыл орталығынан 15 шақырымдай жерде орналасқан жоңышқалыққа да жеттік. Алқап ортасында арнайы көлікке тиелген ара ұяларын қарап жүрген омарташы Булут ағамыз біз жақындағанда жұмысын доғарып жанымызға келді. Амандасып, сапар мақсатын айтып жатырмыз.
– Омарташылық кәсіп бала кезгі арманым. Бұған дейін ауылдағы шаруашылықта дәнекерлеуші болып еңбек еттім. Еңбегім еленіп, марапатқа да ие болдым. Десе де, бала кезгі арманым ойымнан шықпады. Міне, бірер жыл болды арманым мемлекеттің қолдауы арқылы жүзеге асып отыр. «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау тауып, Тереңөзек кентіндегі омарташылардан бірнеше ара ұясын сатып алдым. Бүгінде оның санын көбейтуге жұмыс істеудемін. Аллаға шүкір, бастамам да жаман емес, аз да болса еңбегімнің жемісін көрудемін. Өзім өндірген ара балын аудан орталығы мен Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен көршілес Жалағаш ауданынан сұрап келеді. Адам баласы нені армандаса ол міндетті түрде орындалады екен, – дейді омарташы.
Біз танысқан келесі кәсіпкерлік нысан ауыл орталығындағы базарда орналасқан «Файзулла» шағын кәсіпкерлік қызмет көрсету орталығы болды. Мұнда Мейрамкүл Қосылбаева несібесін тауып отыр.
– Сауда-саттық саласында көп жылдан бері істеп келемін. Бұған дейін өзге кәсіпкердің қарамағында жұмыс істедім. «Бизнес-бастау» бағдарламсы аясында былтыр «Ауылшаруашылығын қаржылау қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан мал шаруашылығын дамытуға несие алып, отбасылық кәсіпті бастадық. Осылайша, өңірімізде мал шаруашылығын дамытуға атсалысудамыз.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына дәмхана мен түрлі баспахана қызметін, сонымен бірге азық-түлік және басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі тауарлар ұсынудамыз. Жұбайым Бақи Ибыраев қорада бағымда тұрған мүйізді ірі қара санын көбейтуге жұмыс істесе, мен өзім өндірген айран, қатық, ірімшік пен құртты ауыл тұрғындарына қол жетімді бағамен сатамын. Бастысы, табиғи өнімге сұраныс жоғары. Дәмхана да жұмыс істейді. Күндіз ауыл ақсақалдары дәмханадан ағарған ішіп, әңгіме-дүкен құрып кетсе, кешке ауыл жастары осында бас қосады. Бізде спирттік ішімдік мүлдем сатылмайды. Жастар түрлі сусындар ішіп, күліп-ойнап қайтады, – дейді кәсіпкер.
Иә, «Туған жердің түтіні де ыстық» дегендей, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ІІІ Интернационал ауылында ер-азаматтардың ізгілікті тірліктері арқасында ел мүддесі үшін атқарылып жатқан игі істер көп-ақ. Әрине, сондай бастамалардың басында іскер азаматтардың жүретіні анық.
Аслан Дямуршаевтың есімі тек ауылдастарына ғана емес, аймақ тұрғындарына етене таныс. Жас кезінен автокөлікке құмар болып өскен Аслан өсе келе бұл кәсіпке жан-тәнімен беріліп, оны өз өмірімен байланыстырды. Бүгінде ол көлік жөндеудің хас шебері атанған маман. Асланның қызметін тек ауылдастары ғана емес, мына шеті Қызылорда қаласы, ал мына шеті айдынды Арал өңірі тұрғындары пайдаланады. Біз маманның шағын цехына барғанымызда ол шетелдік автокөлікті сырлап жатқанының үстіне келдік.
– Жақында «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы кәсібімді одан әрі кеңейтуге байланысты жоба қорғап, бүгінде заман талабына сай автокөлік жөндейтін, бір мезгілде бірнеше автокөлік қабылдайтын цех құрылысын бастап отырмын. Жаңа цех автокөлік кузовын жөндейтін, сонымен бірге сырлайтын, автокөліктердің майысқан жерін қайта қалпына келтіретін құралдармен жабдықталады. Бұған дейін бұл жұмысты өзім істейтін едім, алдағы уақытта өзіме көмекші ретінде тағы 2-3 маманды жұмыспен қамтымақ ойым бар, – деді тәжірибелі маман.
– Біздің ауылда Асландай ел игілігі үшін қызмет көрсетіп, құрметке бөленген кәсіпкер көп. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал шаруашылығын дамыту, мал бордақылау, ет пен сүт өндіру және басқа да сала бойынша нәсібін табушылар саны күннен-күнге артуда. Ауыл мектебі де мұндай игі істен құр алақан қалмауда. Қажет десеңіздер мектеп жанынан ашылған жылыжайдың да жұмысымен таныстырайын, – деді Асланның сөзін іліп әкеткен жолсерігіміз Мақсат. Оның бұл ұсынысын құп көріп, біз ауыл орталығындағы №108 орта мектепке келдік.
Мектеп басшысы Дәулет Қауысов өзі басқаратын білім ордасының жаңалықтарымен таныстырды. – Биылғы оқу жылын мектеп жақсы жаңалықтармен қорытындылады. Шәкірттер арасында, атап айтар болсақ Иса Милияров жуырда Түркістан қаласында өткен білім сайысында үздік атанып, халықаралық түрік-қазақ университетінің грантын жеңіп алса, 10-сынып оқушылары Тен Надежда қазақ тілінен республикалық пәндік олимпиададан жүлделі ІІІ орынды иемденді, ал Арайлым Мұстафа деген шәкіртіміз республикалық пәндік олимпиадада география пәні бойынша «Үздік нәтиже көрсеткені үшін» номинациясының иегері атанды. Осындай білімді шәкірттер тәрбиелеген ұстаздар қауымы да өз біліктіліктерін көтеріп, үлкен нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ, оқушылардың жазғы демалыс айларында мектеп бойынша сыртқы және мектеп жанынан ашылған тынығу лагеріне 60-қа жуық оқушы тынығуға барады. Оның 20-дан астамы ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен, ал қалғаны Үкімет тарапынан бөлінетін қаржы арқылы. Ал, енді өз ішіміздегі тірлік жайына тоқталсақ. «Руханият-2015» қоғамдық қоры арқылы БҰҰ мен ҚР Үкіметінің бірлескен жобасы аясында «Қармақшы ауданында жаңа технологияларды енгізу арқылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жобасы» бойынша мектепте жылыжай салынған. Міне, бүгінде мектеп қызметкері Ларя Лян мен оның Сарыбай Ділмағамбетов және Тұрғанбек Дүйсенбаев сынды көмекшілерінің тыңғылықты жұмыстарының арқасында жылыжай өз жемісін беруде.
Биыл жылыжайға қияр мен қызанақ, баклажан, кинза, болгар бұрышы мен пияз және басқа да көкөністер ектік. Бүгінде сол көкөністердің алды жеміс беруде,– дейді мектеп директоры.
Жоғарыда айтқандай, біз үлкен еңбекпен өрісі кеңейген, кәсібі дамыған, бір үйдің баласында тірлік еткен ымтымақты «Цай ауылының» тыныс-тіршілігімен таныса келе, елдің берекесін көтеріп жүрген ауылдағы жаны жайсаң ер-азаматтардың тірлігіне риза болдық. Жолсерігіміз Мақсат айтқандай, ауданға танылған интернационалдықтар нағыз кәсіпкерлер ауылы екенін білдік.
Н.ЖАНӘДІЛОВ,
Қармақшы ауданы