ҰЛТТЫҚ ЖӘДІГЕРІМІЗ ҰМЫТ ҚАЛМАСЫН
Кезекті еңбек демалысымда туған ауылыма жол барудың сәті түсті. Алдымен ауылдағы бақилық болған кісілердің үйіне кіріп құран бағыштадық. Бір байқағаным, бұрынғы әр үйдің алдында мен мұндалап қазақы ұлттық болмысымызды дәлелдеп тұратын ақ шаңқан киіз үйлер жоқтың қасы.
Қараша үй деп атап кеткен қасиетті киіз үйлер тек қара жамылған үйлердің есігінің алдында ғана қазаның хабаршысындай қарауытады. Бұрынғы іші-сырты ою-өрнекпен нақышталып, шашақ бау, басқұрлары мен баулары әдемі безендірілген киіз үйдің тек сұлбасы ғана ешқандай оюмен өрнектелмеген. Шындығында сол балалық шағымыздың куәсіндей еңселі ақ отаулар қайда кетті бүгінде?
Қалалық жерде тек наурыз мерекесінде маржандай тізіліп тұратын киіз үйлер ауылда әлі де бар болар деп ойлағанмын. Киіз үймен бірге ол кездері ұлттық өнеріміз де қоса дамушы еді. Шешелеріміз жүн иіріп, бау тоқып, киіз басатын. Бізге сондай күндер мереке болатын. Әжелеріміз қазақтың әдемі әндерін құйқылжыта айтып, атшаптырым ақ отауды әуезге бөлейтін, ертегі айтатын, оны біз киіз үйге сыймай, іргеден бұйып тыңдайтынбыз.
Кейде бейне тойға келгендей анамызбен киіз басуға ілесіп келген өңкей балақайлар сол үйдің ауласында ойынның базарын қыздыра түсетінбіз. Оқта-текте бізді жүн түту мен киіз білектеуге көмекке шақыратын. Қайран қайта оралмас балалық шақпен біздің ұлттық болмысымыздың әдемі бейнесін айшықтай түсетін ақ шаңқан киіз үйлеріміз де көзден ғайып болып барады. Көзге оқта-текте бір түскенмен көңілден кетпей, жүректе қимастық сезім қылаң беріп, бал дәуреннің белгісіндей киіз үйлерді аңсайды екенсің. Ерте тұрып киіз үйдің түндігін ашуға таласатынбыз. Үлкен кісілер киіз үйдің іргесін түріп тастап, қызу әңгімеге кірісетін. Жаз бойы ұйықтайтын жеріміз киіз үй болатын. Азанда сергек болып, ұйқымыз қанып тұратын. Ал кесек тамға жатқандар ұйқысын аша алмай, тал түсте тұратын.
Қайран қазақтың ең ғажап ұлттық байлығы саналатын киіз үйлер қазірде қиялға айналғандай. Кереге, уық жасайтын шебер қариялар болатын ауылда. Сол кісілердің көзі тірісінде мұрағаттап алатын шеберлер қазір қалмаған сыңайлы. Қазыналы қарттарымыздың пікіріне сүйенсек екі мың жылдық тарихы бар киіз үй көшпелі қазақ халқы үшін өте қолайлы болған. Қазірде ата-бабамыздан мирас болып қалған жәдігерді мақтан тұтамыз. 1990-жылдарға дейін біздің өңірдің Жаңақорған ауданында ғана осы кәсіппен айналысқан шеберлер болған. Ал Қарақалпақстанда киіз үй жасау үлкен кәсіп түріне айналған. Ең арзаны 3 мың АҚШ долларынан кем емес. Ұлтымыздың бренді саналатын киіз үйлерді туристік мақсатқа неге пайдаланбасқа? 500-ден астам мақал-мәтелге арқау болған ұлттық құндылығымызға баланатын киіз үйдің бөлшектерінің жүзден астам атауы бар екен.
Демек, киіз үйлер ұлттық мәдениетіміздің биік шыңы десек қателеспейміз. Ежелгі көшпелі тарихымыздан сыр шертетін киіз үйді қазір тек мереке мен құдайыжолы өткен шаңырақтардан ғана кездестіреміз. Киіз үй жасайтын щеберлердің айтуынша, киіз үйдің сүйегі үйеңкі мен талдан дайындалатын көрінеді. Оның ағаш есігі мен маңдайшасы, табалдырығына самырсын ағашы пайдаланылады. Киіз үйді құрастыру барысында шеге тұрмақ сына да қолданылмайды. Қазіргі көнекөз қариялардың пікірінше киіз үй жасайтын шикізат тапшы көрінеді. Бұрынғы Сыр жағасында өсетін үйеңкі, самырсын, талдар да азайып кеткен. Мүмкін кәсіптік мектептер жанынан шеберлердің дәріс беретін мектебін ашса мәселе шешімін табар ма еді кім білсін...
Қазір киіз үйдің бағасы тым қымбатқа түсетін болғандықтан оны уақытша жалға алу қолайлы. Зауыттық өндірушілер жиналмалы алты қанат киіз үйді 900 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін, он қанаттысын 1,8 миллионнан 2,4 миллионға дейін сатады екен.
Ең өкініштісі, Қытайдың Шыңжан провинциясында қаңқасы темірден құрастырылып, синтетикалық матадан жасалған жасанды киіз үйге сұраныс артып отыр. Себебі, жинауға құрастыруға қолайлы, бағасы да мың доллардан аспайтын тиімді бағада жалға берілетін осы бұйымнан Қытайлықтар қыруар пайда тауып, өз елдерінің экономикасын көтеруде.
Аспан асты елдерінің экологиялық талаптарға жауап бермейтін өнімдерін қолданысқа енгізе берсек, ұлтымыздың сән-салтанатқа толы ақордалы ақ үйін ұмыт қалдырып, кейінгі ұрпаққа аманат ете алмауымыз мүмкін. Онсыз да тапшы ұлттық жәдігерлеріміздің ең салмақтысы киіз үйді сақтап қалғанымыз жөн. Ертең кеш қалып, сан соғып өкініп жүрмейік!
Г.АСҚАР