ҚАЗАҚСТАНДА ЖАУАПТЫ ТУРАГЕНТТІКТЕРДІҢ ТІЗІМІ ЖАСАЛАДЫ
Қазақстанда сенімге ие болған жауапты туристік агенттіктердің тізімі жасалатын болады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан турагенттер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Қазіргі уақытта «Түристік қамқор» қорымен бірге ешқандай уайымсыз жолдама сатып алуға болатын жауапты турагенттіктердің тізімін жасау туралы ортақ келісімге келдік. Бүгінгі таңда біз осы туристік агенттіктердің жұмысына кепілдік бере алатындай талаптарды әзірлеп жатырмыз», - дейді ол.
Әсел Нүркебаева «Рұқсаттар мен хабарламалар» туралы заңға сәйкес талаптар қойылатын турагенттіктердің мемлекеттік реестрі барын атап өтті. Бірақ, бұл талаптар жеткіліксіз болып отырған көрінеді.
«Өкінішке қарай, жауапты органда аталған заңды сақтамағаны үшін жаза қолдануға болатындай немесе бақылайтындай жеткілікті дәрежеде құзыр жоқ. Сондықтан, бұл ретте біз кеңейтілген талаптарды алға тартып отырмыз. Негізгі талаптардың бірі ретінде туроператорлар тарапынан кімнің жақсы брон жасайтыны, кімнің уақтылы төлем жасайтыны туралы кеңес алу болып табылады. Әлбетте, олар қанша жыл нарықта еңбек етіп жатқанын, құжаттарын, байланыс нөмірлерін сұрастырамыз. Бірақ, бұл талаптардың соңы емес», - дейді Әсел Нүркебаева.
Оның айтуынша, жауапты туроператорлардың тізімі маусым айының соңында толық дайын болмақ.