"НҰРЛЫ ЖОЛ" АЯСЫНДА 105 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ
2017 жылы кәсіпкерлерге 145 млрд теңге субсидия берілген, сондай-ақ "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 105 507 жұмыс орны ашылған.
ҚР Парламент Сенатының отырысы барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2017 жылы кәсіпкерлерге 145 млрд теңге субсидия берілгенін, сондай-ақ "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 105 507 жұмыс орны ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Есепті қарау кезінде бюджет қаражатын пайдаланудағы біраз маңызды сұрақтар қойылды.
"Есепті жылы қаражаттың тиімсіз жұмсалу сомасы 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Қаржылық бұзушылықтың 86%-ы бухгалтерлік және қаржылық есептерді жүргізудегі заңнаманы бұзуда көрініс тапқан. Бұл мәселе мамандардың біліктілігін арттыру мен оларды міндетті түрде кәсіби сертификаттау арқылы ғана шешіледі деп ойлаймыз", - деді Бақыт Сұлтанов.
Қаражаттың тиімсіз жұмсалу себептері деп министр стратегиялық жоспарлау мен бюджеттік жоспарлаудың бір-бірінен алшақтығы, олардың индикаторларының сапасыз жоспарлануы екенін атап өтті.
"Бағдарламалық құжаттардың орындалуы барысында жіберілген біраз кемшіліктер бар. Бірақ, жақсы жетістіктері де аз емес. Мәселен, кәсіпкерлерге 145 млрд теңгеге әртүрлі бағытпен субсидия берілді. Олар жыл қорытындысы бойынша 132 млрд теңге салық төледі. 2017 жылы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының аясында 105 577 жұмыс орны ашылды", - деді Қаржы министрі.
Бақыт Сұлтанов бір-бірімен үйлеспейтін мемлекеттік жоспарлау құжаттары туралы айтты.
"Мемлекеттік органдар біріншіден бюджеттік бағдарламаларға қаражат алуға тырысады. Кейін сол алған қаражаттың аясында стратегиялық бағыттарын жоспарлайды. Сондықтан, келесі үш жылдық бюджеттің жобасын әзірлеу процесінде бірінші кезекте мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттарын, индикаторларын талдау көзделіп отыр. Содан кейін мақұлданған стратегиялық бағыттарға лимит бөлу қазір қарастырылуда. Жоғарыда айтып кеткенімдей, Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс тобы құрылған. Сол топта осы мәселелер де қарастырылуда", - деді ол.
BNews.kz