ОТАН – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Берекелі шаңырақ мүшелері әркез тәрбие мен білімді қатар ұштастырып, ата-анадан көрген тәлімді сіңіріп, қиындықты еңсеруге, белестерді бағындыруға тәрбиеленген. Осы арқылы бүгінгі таңда бірталай жетістікке жеткен отбасы мүшелері ел дамуына үлестерін қосуда.
Рақымжан Бәйменов білім саласы мен партия органдарында басшы қызметтер атқарған. «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атанған ол табанды еңбек пен қажырлы қызметті ұштастыра білді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де салауатты өмір салтын ұстанып облыс, аудан көлемінде ардагерлер арасындағы жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Ізін жалғар ұрпақтары да әке салған сара жолмен ел мәртебесі, отбасы берекесі үшін қызмет етуде.
– Өмір жолым ұстаздық қызметтен басталды. Мұғалімдіктен соң, аудандық партия ұйымында нұсқаушы, бөлім басшысы болдым. Мектеп директоры қызметін де атқардым. Ағартушылық, білім саласынан зейнеткерлікке шықтым. Отбасы – ұлы құндылық. Осындай игі шараны ұйымдастырушы жандарға алғысым шексіз, – дейді ардагер ұстаз Рахымжан Бәйменов.
Әулеттің отанасы Сапура Бәйменова «Алтын алқа», «Күміс алқа», І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені, І-ІІ дәрежелі «Ана» медалі, «ҰОС жылдарында тылдағы еңбегі үшін», «ҰОС 70 жылдығы» медалімен марапатталған. Алтын жүректі анаға ең бастысы – перзенттерінің амандығы. Балаларының қызығын бірге көрген қос қария немерелерінің жетістігіне әрқашан марқайып отырады.
– Тәрбие бесігі – рухани тазалықтан басталады. Ата-ана, ең алдымен, өзара сыйластығымен, қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен, адалдық, шыншылдығымен, уәдеге беріктігімен, рухани және тән тазалығымен ерекшеленуі керек. Яғни, жаман әдет-қылықтардан ада болса, адамгершілік қасиетімен ұрпағына өнеге бола білсе, жақсы тәрбиеге сол негіз болады, – дейді батыр ана Сапура Сейітжанқызы.
Іргелі әулетте өзіндік отбасылық құндылық қалыптасқан. Бұл ұстаным, атадан балаға мұра болып қала бермек.
Н.САҒАТҰЛЫ,
Сырдария ауданы