ДҮНИЕ БАЙЛЫҚ – РУХАНИ КАПИТАЛМЕН БАЯНДЫ
«Біздің Қазақстанымыз серпіндірек, лайықтырақ, сенімдірек және дәулеттірек болады», - дейді Елбасы өзінің – «Ұлт жоспары-қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында. Бұл иландыратын пайым. Өйткені, нарықтық қатынастарды жете меңгере бастаған замандастарымыз расында бірге бірді қосып екі етудің жолын жақсы үйреніп қалды.
Есеп білуімен қатар атакәсіпті өрістетіп, ауылдың жұмыссыз тұрғындарына жұмыс беретін, қамсыз тірлікпен айналысуына жағдай жасайтын жерлестеріміздің бой көрсетуі расында ертеңге деген сенімді нығайта түседі.
Қазақ қашанда бірлесе, ынтымақтаса тіршілік етуге қалыптасқан халық қой. Ең аяғы бір тостақ көжесін де бөле ішуі өзімізге лайықты, ағайынгершілігімізді арттыратын қасиет емес пе?
Басқалардың таңырқай жүретін, елдің іргесін бекемдей түсетін осындай әдеттеріміз жоғалып кетпесе, қандастарымыздың тұтастығы ешқашан ажырамайды. Кейде, өзгенің қаңсығына тамсана қалатын әуесқойлығымыздың жетектеп кететіні болмаса, біздің халық расында ойшыл, дана да, батыр халық.
Бұған жұртты жатырқамайтындығы мен төзімділігін, бейнеткештігін қосыңыз. Осыларды ойға салсаңыз, біздің өзгеден емес, өзгелердің бізден үйренетін жөні бар. Содан да телеарналардың төбесінде жүрген дөкейлер осыны неге ойламайды, неге үндінің бе, түріктің пәтуәсіз сериалына әуес деп налисың.
Көбік киноны күндіз-түні айналдырып, ақкөңіл қазақты білгенінен неге жаңылыстырады деймін-ау?! Теледидардағы ыржақай әуен мен тыржақай би қарамаймын дегеннің еркісіз назарын аударып, көңілін бұзады. Құпиялы иірімі мол интернетің анау, үлкен-кішіні телміртіп қойған телефоның мынау. Дүниенің өсегін теріп айтатын әлеуметтік желі деген тағы шықты. Соларың адамды адамнан бездіріп, тіпті әке-шешесіне ешкікөзденіп қарайтын ұрпақты тәрбиелеп жатқандай ма. Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман, айтпасқа тағы амал жоқ, айналып келгенде осының бәрі қарапайым қазақтың соры.
«Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар», дейді Мемлекет басшысы өзінің маңызды құжатында.
Армандаған жақсы, оны жүзеге асыратын да осы өзіміз, әлем елдерінде жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды алып жатқан мелекеттің негізгі тұрғындары және олармен ертеден қояма-қолтық өмір сүріп келе жатқан бауырлас халықтар. Дегенде, өз қандастарымызға артылар жүктің салмағы басқаларға қарағанда ауырлау, жауапкершілігі де мол. Сондықтан да қай жағдайға да бізге сабырлы болып, ақылмен шешкен орынды.
Солай болуы тиіс, біздің халықтың дарқандығы тұрғанда солай болады да. Елбасының айтып отырғаны да осы. Бірақ, ұлы дала елінің ауасын жұтып, нанын жегендер, кеңқолтық жергілікті халықтың мейіріміне бөленгендер де сыйластық білдіріп, шаңыраққа қарап жүргені жөн.
Қазақты қадірлесін, қазақтың дәстүрі мен тілін сыйласын. Ынтымақты өмір сүруге олар да құштарлық танытсын.
Мемлекет басшысының дипломатиялық саясатының астарын оң ұғынсын. Міне, Қазақстан - 2050 стратегиялық жоспарының орындалу шарапаты сонда нұрлана түседі, баршасына шапағатты болады.
Өрлеуге бет алған Сыр өңіріне ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп құстың қос қанатындай – дамуының басты тиянағы екендігі анық. Бұл жөнінде аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың: «Аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытуда. Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы келісімнің негізінде Жаңақорған ауданына Қытайдан томат пастасын өндіретін зауыт көшіріп әкеп салу мәселесі қолға алынды. Осы келісімнің негізінде 4 мың гектар жерде тамшылатып суару арқылы томат өсіру жобасы жүзеге асырылмақшы. Сондай-ақ, қазіргі таңда қытайлық инвесторлармен Қызылорда қаласында түйе сүтін өңдейтін зауыт салу мәселесі де талқылануда», - дегені есте.
Бұған қоса, Шиелі ауданында 13 мың гектар аумақта мақсары және басқа да ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру жобасын бастау мен өсімдік майын өндіретін зауыт салу жөнінде ирандық инвестормен келісім жасалуда. Сүйсінерлігі, агроөнеркәсіпті дамытуға өз кәсіпкерлеріміздің қатысуымен 2016 жылы өндірістік жылыжайлар құру, тамшылатып суару арқылы картоп өсіру, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасын салу, күріш өңдеу зауыты, құс фермасын салу секілді бірқатар басқа да жобалар іске асырылады делінді.
Адамның үйі болмас, күйі де болмайтындығы түсінікті. Бұл мәселеде айтарлығы, Қызылордада баспана кезегіндегілердің саны 17 пайызға азайды
Өткен жылы облыста 460 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Мемлекет қаржысы есебінен салынған тұрғын үй көлемі 3,5 есеге, ал Қызылорда қаласындағы тұрғын үй құрылысы – 8 есеге өсті, пәтерге кезекке тұрғандар саны 17%-ға азайды.
Ал 2015 жылы облыста жалпы саны 4 мың 227 пәтер салынды. Соңғы үш жылда Қызылорда облысында 8901 пәтер салынып, тапсырылыпты. Осы қарқынды биыл да сақтап қалу үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Самрұқ-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» және «Тұрғын Үй Құрылысы Жинақ Банкімен» бірлесе жұмыс істеу жалғаса түспекші.
Қаратау – тұнған байлық. Оны игеру барысында облыс әкімімінің идеясымен жақсы қадамдар жасаланып жатыр. Жаңақорған ауданындағы «Шалкия» қорғасын-мырыш кен орнын қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, тау-кен байыту комбинатын салу жұмыстары басталды.
Облыс әкімінің тиянақты саяси шешімімен аймағымызда газдандыру жұмысы өз мерзімінен бұрын басталып, облыстың 4 ауданы көгілдір отынның игілігін көре бастады. Бұл – облыс экономикасына қосымша қуат беріп, халықтың күнделікті өмірін түбегейлі түрде өзгертетін үлкен жаңалық. Газдандыру биыл да қарқынды жалғастырылады. Қармақшы ауданын газдандыру ісі басталып та кетті.
Қашанда дүние байлық қоғамға қалай керек болса, рухани капитал да соншалықты қажет. Батыл бағдарламалар ойлылықпен қошталуы тиіс. Елбасы «Мен қазақстандықтарды Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын», - деген еді.
Иә, бұл Қазақстанның өркендеуінің сенімді жолы, оны жүзеге асыру баршамыздың парызымыз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Шиелі ауданы