ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАНЫ ЕКЕНІҢДІ ҰМЫТПА
Біз жүгінетін мынандай деректер бар. Өткен 2017 жылдың қортындысына сәйкес облыста әскерге шақыру бойынша медициналық комиссияға 72 азамат келмеген.
Биылғы жылы көктемгі әскери қызметтен жалтарғандар саны 309 болды.
Бұл туралы Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жасыратыны жоқ, қазір әскерден қашып жүр деген құлаққа жағымсыз сөзді жиі еститін болғанбыз. Батырлар жырын жаттап өскен аталарымыздың болмысында жоқ жалтақтық қасиет бойымызға қайдан жұқты? Кешегі кеңес өкіметі кезінде де әскерден қашпайтын, әскерге жарамсыз балаларды достары да келеке етіп, тіпті қыз қарамайтын. Біз сол Кеңес әскерінің сапында болған ұрпақпыз.
Қазіргі жас азаматтарға өзім қызыға қараймын. Өйткені олар тәуелсіз Қазақ елінің қорғаушылары! Өз отанының сарбазы!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бұл дүниеде біздің бір ғана отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» деген сөзі әрбір отандасымыздың жүрегінен орын алуы тиіс.
Бүгінгі әскерден жалтарып жүргендерді көргенде батыр Бауыржанның рухы алдында бетімізді басып, жерге қарайтын күйге жеткеніміз бе деген ойға шомамыз.
1963 жылы Мәскеуге мемлекеттік сапармен келген Куба басшысы Фидель Кастроға «Сіз үшін екінші дүниежүзілік соғыс¬тың бас¬ты қаһарманы кім?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда Куба көсемі көп ойланбастан: «Бауыржан Момышұлы», – деп жауап беріпті. Бұл ел Бауыржан атамыздың жауынгерлік тактикасын әскери сабақ есебінде өткізеді екен.
1946 жылы бе묬гілі тәржімашы Шломо Эвен-Шошан Бауыржан батыр туралы жазылған А.Бектің «Волокалам тас жолы» кітабын иврит тіліне аударыпты. Палмахтағы еврей ¬ишувы қарулы күштеріндегі командирлердің бірі Бени Маршак осы кітапты өз жауынгерлеріне таратып, Бауыржанның отаншылдық бейнесін үлгі қылған.
Біз Бауыржанды туған халықтың баласы емеспіз бе?!
Соғыста қорқақтық танытқан сарбаздарға Бауыржан атаңның не дегенін білесің бе? «Сен тек өз позициямды ғана тастап кеттім деп тұрсың ба? Жоқ, сен Мәскеуді жауға бердің», – деген. Ал, бұл сөзді атамыз қазақшалап «Қарабет болып қашқаннан, қайрат көрсетіп өлген артық» деп өсиет еткен.
Ендеше, әскерден қашып, әкеме көмектесіп жүрмін деме, жас азамат, ол сенің туған еліңе жасаған сатқындығың. Ауыр естіле ме екен? Бірақ, бұл – шындық.
Отан дегеніміз – өз анамыз, өз әкеміз. Қазір жат ағымға еріп, Алла ризашылығы үшін мұсылманды қорғаймын деп қолына қару алып, Сириға кетіп жатқан қандастарымыздың бар екені де белгілі болып отыр. Дініміз «Алланың ризашылығы – ата-ананың ризашылығында, Алланың ашуы – ата-ана ашуында» демеп пе еді. Ендеше, Алла ризашылығын іздеген азамат ең бірінші өз отанын сүюі керек, өз отанынының қорғаушысы болуы тиіс.
Жиырма жасында Отан соғысының қанды қасабына кірген бір бауырымыз қатты жараланып, окопта жатып өлетінін білгенде қасындағы ауылдан бірге барған досына: «Менің өлгенімді апама айтпай-ақ қойшы» деп жалыныпты. «Өлгенім ата-анама ауыр тимесін, қиналмаса екен, жыламаса екен» деген сол боздақтың жан сезіміне еніп көрші!..
Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың әскери борышын өтеуден жалтарғандарға қатысты сөз қозғап жүргеніне бірнеше жыл болды. Осы мәселеге қатысты бір жиында аймақ басшысы орын алып отырған жағдайға төзбестік танытты. «Көпшілік әскер қызметінен қашып жүрген, отан алдындағы қасиетті борышын орындаудан құтылып кеткісі келіп жүрген азаматтарды көрсін. Сонда өздерінің құқығын және мемлекеттен тиістісін талап етуді біледі екен де, мемлекет алдындағы борышын орындауға келгенде қашады екен», – деді аймақ басшысы. Қашып жүрген азаматтарды іздеп әрі есімдерін жергілікті БАҚ-тарда жариялауды тапсырды.
«Қара тізімге» іліккендердің осы әрекеттен соң сабасына түсіп, отан алдындағы парыздарын түсіне бастағаны қуантады. Бұл бүгінгі көрсеткіштерден де көрініп тұр. Мысалы 2013 жылы облыс бойынша 1116 азамат әскерден жалтарып жүрсе, қазір ол төрт есеге жуық қысқарып отыр. Бұған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен облыстық ішкі істер органдарының бірлесе атқарған жұмыстары да елеулі септігін тигізгені анық.
Бұл мәселеге ең бірінші ата-аналар қатаң жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Әскерден, отан алдындағы борышынан бас тарту ол баланың ата-анасына ғана емес, ертеңгі өз баласының бетіне шіркеу болатынын осы бастан ұғындыру өмір көрген үлкендердің міндеті.
Бүгінгі жас, мынаны ұмытпа, біздің әкелерімізді мақтаныш тұтқанымыз секілді сенің де ертеңгі ұрпағың «менің әкем ұлы дала ұланы болған» деген сөзді асқақ үнмен айта білуі тиіс.
Намысты жігіттер мұны да жадына түйер деп сенеміз.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
Қызылорда қаласы