ИГІЛІКТІ ІС
Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне байланысты Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылында бүлдіршіндерді қуантқан игілікті шаралар өтті.
Ауылдағы №8 "Қызғалдақ" балабақшасында "Бақытты балалық шақ" тақырыбымен ертеңгілік ұйымдастырылды. Бұған қоса, Т.Ізтілеуов атындағы №29 мектеп жанындағы балалардың жазғы тынығу лагерінің ашылу салтанаты өтті.
Мерекенің құрметіне «Тұрмағамбет» ЖШС директоры, аудандық мəслихат депутаты Нұржан Пірмантаев балабақшадағы бүлдіршіндер мен жазғы тынығу лагерінде демалатын балаларға тəттілер түрлі таратып, балаларды бір қуантып тастады. Жүздері қуаныштан бал-бұл жанған балалар ел ағаларына алғыстарын білдіріп жатты.
Сонымен бірге шаруашылық төрағасы Нұржан пірмантаевтың демеушілігімен және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен қазақ күресінен жарыс өтті. Тартысты өткен жарысқа спортты жасынан серік еткен ауыл жастары қатысты.
Жеңімпаз палуандар «Алғыс» хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарысты ұйымдастырған ауыл тұрғындары Д.Қазыбаев пен Н.Өндібаевтар «Халықаралық балалар күні» мерекесіне үлкен мəн беріп, осындай жарысты ұйымдастыруға демеушілік жасаған серіктестік басшысы Н.Пірмантаевқа алғыстарын білдірді.
Иә, «қуанса – бала қуанысын» деген дана қазақ. Өйткені, балалар біздің келешегіміз, қоғамның болашағы.