АЛАШТЫҢ АЛҒАШҚЫ АСТАНАСЫ
Биыл елордамыз Астана қаласына 20 жылдығын кең көлемде атап өткелі отырмыз. Бұған қоса, Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп атаған Қызылорда қаласының құрылғанына 200 жыл толғалы отыр.
Осы аралықта сыр бойындағы бас қаланың дамуы бір сәтте тоқтамады. Сырдарияның жағалауын мекендеген қасиетті өлкенің әрбір ескерткіші, көшесі, көне ғимараты шежіреге, тарихқа толы. Бірақ уақыт еншісінің иелігінде қалған көптеген құнды деректер әлі де оның қатпар - қатпар қойнауында үнсіз мүлгуде.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін,Алматыда ғылыми жұмыстармен ХХ ғасырдың 20 – 30 жылдары Қазақстанның саяси – экономикалық және әлеуметтік тарихи кезеңін зерттей жүріп, ҚР Мемлекеттік Орталық мұрағатының 5 – ші, ҚР Президенті мұрағатының 140,141 қорларының Қызылорда Қазақстанның астанасы болған кезеңдегі көптеген тарихи тың деректермен танысуға тура келді. Құнды деректердің көпшілігі Қызылорда қаласының экономикалық дамуына және құрылысының қарқынды жүруіне бағытталған екен. Сол тарихи құжаттарды оқырман қауыммен бөлісуді ұсынамын.
1925 жылы 5 – 19 сәуір айында Ақмешіт қаласында болған Қазақ АКСР бесінші сьезі еліміздің өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Ақмешіт қаласы Қызылорда болып өзгертілді. Қазақ жері мен халқын біртұтас ұлттық республикаға біріктіруде зор экономикалық және саяси маңызы бар деп танылған орталыққа орналасқан Қызылорда астана ретінде таңдалып алынды. Сонымен қатар, Қырғыз АКСР деген атау Қазақ АКСР болып өзгертіліп, халық тарихи атауын қайтарып алды.Сол жылдары еліміздің астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіп келгеннен кейін, қалада қарқынды құрылыстар салына бастады. Халық комиссарлар кеңесі жанынан құрылған құрылыс комитеті болашақ астананың жобасын жасады.Негізінен екі жоба ұсыныс ретінде қаралып, бірі Ресейдің ірі қалаларының үлгісіне сәйкестендірілсе, екіншіден Ташкент, Самарқанд секілді шығыс қалаларының негізінде қарастырылды. Қала құрылысының бас сәулетшісі Мұхамеджан Тынышбаев, құрылыс бюросының бастығы ұлты италияндық Будасси мен В. Львовтар уақытпен санаспай еңбек еткенін көруге болады. Құрылыс комитетінің құжаттарына сәйкес екі жылда Қызылорда қаласында 150-ге жуық ғимараттар салу жоспарланған. Басты назарда тұрған ғимарат екі қабатты үкімет үйі болды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұрағатында Халық Комиссарлар Кеңесінің іс басқарушысы Ж. Ақаевтың 1926 жылы ақпан айында Мәскеудегі Архитекторлар қоғамына жолдаған қатынас хатында ғимараттың сметасы шығарылып, төрт жүз мың сом ақша бөлінгені туралы анықтама сақталған. 1925 – 1929 жылдары үкімет үйінде Қазақ АКСР Өлкелік Партия Комитеті, Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі, Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті орналасқан еді. Бұрынғы К. Маркс №2 (қазіргі Әйтеке би)көшесіндегі ғимарат болатын.Өкінішке орай, алғашқы астана Қызылорда қаласындағы бұзылып кеткен үкімет үйін кейінгі ұрпақ көре алмайды. Бұл біздің тарихи мәдени ескерткіштерге жататын ғимараттарға салғырт қарайтынымызды көрсетеді.
Сөз реті келгенде айта кетуіміз керек, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының бастамасымен Сырдың сол жағалауында қала құрылысы басталды. Осы жерде 1925 жылғы сызба негізінде ҚазОАК – нің ғимараты салынды. Кезінде үкімет басшысы Нығмет Нұрмақов пен ҚазОАК – нің төрағасы Жалау Мыңбаев қызмет атқарған жаңа үлгідегі ғимаратта аймақтық рухани жаңғыру орталығы мен мұражайдың орналасуы көңіл қуантады.
1927 – 1928 жылдары Қызылорда қаласының дамуына 1 млн. 313 мың сом қаржы бөлінген. Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл қаржыға қалалық аурухана, су құбырларын жүргізу, биологиялық станция, мектеп, 13 екі пәтерлі үйлер салынуы тиіс болды. Бұл жұмыстарды атқаруға 1200 – ге жуық жергілікті жұмысшылар тартылып, олардың 40 пайызы арнайы мамандықпен қамтылды. Ғимараттарды салу үшін арнайы күйдірілген кірпіштерге тапсырыстар берілді, себебі мұндай кірпіштер жыл сайын күрделі жөндеуді қажет етпейтін. Күйдірілген кірпіштерді алыстан тасымау үшін қаланың төңірегінде жақын орналасқан Бірқазан станциясынан кірпіш зауыты салынды. Алып құрылыстарға аталған зауыттан 8 млн дана кірпіш тасымалданды. Мұрағат құжаттарына қарап, құрылыс комитетінің өте іскерлікпен айналысқанын көруге болады.
Келесі өзекті мәселелердің бірі қала көшелерін аяқсумен қамтамасыз ету болды. Осы мәселемен айналысу үшін Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Ө.Бекімбетовке міндеттелді. 1921 жылы Ташкентте білім алғаннан кейін оныңШымбай ауданында суландыру жөнінде қызмет атқарған тәжірибесіде мол болатын. Осы сала бойынша тиімді зерттеу жұмыстары қарастырылып қала іргесіндегі Бидайкөл, Көксу көлдерінен аяқсу тартылды. Қызылорда қаласы құрылыстарының дамуына арналған бес жылдық жоспар жасалып, оған 8 млн сом ақша игеру жоспарланды. Сонымен қатар, үкімет тарапынан Қызылорда қаласының құрылысын жасаған мамандарға жеңілдіктер беруілуі де назардан тыс қалмаған. 1927 жылдың мамыр айында Орталық Атқару Комитетінің мәжілісінде құрылысшы мамандарға мемлекет есебінен демалыс орындарына баруға жолдамалар бөлінген. Олардың балалары да мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктерді пайдаланған.
Тарихтан белгілі сол жылдары елімізді индустрияландыру науқаныда қызу жүріп жатты.Индустрияландыру құрылысы экономикалық дамуы артта қалған шет аймақтарды өнеркәсіп өндірісі дамыған орталық аудандармен теңестіру ұранын көтерді. Осы ұранның астарында Қазақстанда темірдің, көмірдің, түсті металдың, мұнайдың мол қоры бар екенін ескеріп, болашақта республиканы шикізат қорының отанына айналдыру саясаты жатты. Соған қарамастан қол жеткен табыстар да аз болған жоқ. Қызылорда өңірінің өнеркәсіптерін дамытуға жаңа бетбұрыстар жасалды.Арал балық зауытын құру мақсатында Ж.Мыңбаев 524 мың сом қаржы бөлу туралы КСРО мемлекеттік жоспарлау комитетіне құжат дайындап, Мәскеу тарапынан Г.Пятаков, Г.Сокольниковтармен келісім – шарт жасаған құжаттар бар. Сонымен бірге, олардан Қазақ балық тресін қаржыландыру үшін 200 мың сомның затын сұраған. 1921 – 1922 жылдары Ресейдегі ашаршылық кезінде Арал балықшылары Волга бойындағы жағдайы қиын тұрғындарға Лениннің өтінішімен 14 вагон балық жіберіп көмектескенін ескерсек, бұл өлкеде бұрыннан балық кәсіпшілігі кең көлемде дамығаны белгілі. Арал теңізіндегі балық шаруашылығына арналып, қосалқы мұздатқыш ғимараттар орнату қолға алынды. Бұл ауланған балықтарды ұзақ уақытқа дейін сақтауға мүмкіндік беретін еді.Арал теңізінен ауланған балықтарды вагонмен Ресейдің қалаларына жөнелтіп отырған. КСРО мемлекеттік жоспарлау комитеті секциясында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев пен Ресей үкіметі атынан Н.Лежовтың осы мәселеге қатысты қол қойған келісім құжаттары сақталған.Қазақстанда тұңғыш рет Аралсульфат комбинатының құрылысы іске қосылды. Қызылорда қаласында тері өңдеу кәсіпорынның жобасы жасалып, оның құрылысына 200 мың сом күрделі қаржы бөлу жоспарланды.
Қаланың демографиялық құрылымы өзгеріп, халық саны 4 мыңнан 20 мыңға дейін өскені анықталды.
Біз тарихтың сарғайған беттерінен Қызылорда қаласы астана болған кезеңдегі құрылыстарының тарихымен мұрағаттағы кейбір құжаттарымен таныстық. Алаштың алғашқы астанасы Қызылордада өткен тарихи оқиғаларды өскелең ұрпаққа таныстырып, өлкеміздің тарихынқұрметтеуге тәрбиелеу аға ұрпақтың міндеті болып қала бермек.
С.СЕРІКБАЕВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша
ПҚ БАИ директорының орынбасары,
тарих ғылымдарының кандидаты