ДОНОР
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы «Алты алаштың анасы» саналатын тарихи мекеннің рухани дамуына өзгеше серпін берді.
Киелі өнерді, қасиетті орындарды қадір тұтып, қастерлеудің өзіндік жолын қалыптастырған қызылордалықтар қалтарыста қалған қазыналарды қайта жарқыратуға ден қойды. Елбасы өзінің осы тарихи мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін айрықша атап өткен болатын. Сыр өңірінде «Туған жер» бағдарламасы аясында атамекенінің дамуына өз үлесін қсоып жүрген іскер азаматтар аз емес. Солардың бірі – белгілі кәсіпкер, «Нұр-Ай» ЖШС бас директоры Сейітқали Алшынбаев.
Бабаларымыз ат тұяғымен дүбірлеп шауып өткен туған жерді түлету үшін жанын салып жұмыс істеп жүрген жомарт жанды танымау – азаматтығымызға сын, қалпымызға ұят.
Адамгершілік ары мен азаматтық борышын жан дүниесіне жасыра жүріп, жақсылықтың басы-қасында жүрген сырбойылық азаматтың бірі – Сейітқали Алшынбаев.
Сейітқали Бегманұлы – елдің доноры. Медицина саласында адам жанын құтқару үшін өз еркімен қан тапсыратын адамды осылай атаса, ел үшін жанын келіге сап түйетін арда азаматты да дәл осылай айтудың реті бар. Өйткені, ол балалары мектеп жасына жеткенше балабақша кезегін күтіп жүретін халыққа балабақша салды.
Бүгінде «Шұғыла – 1», «Шұғыла – 2», «Алтын Орда-Шұғыла» балабақшалары Қызылорда қаласында жұмыс істеп тұр. Ал өткен 2017 жылдың күзінде Алматыда «Алтын Орда-Шұғыла» балабақшасының филиалы ашылды. Барлығы мыңнан астам бала, 2000-нан аса ата-ана бар және 375 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Қызылорда қаласына қарасты Досан ауылындағы оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін апатты жағдайдағы білім ордасының орнына жаңа мектеп тұрғызып берді. Жалпы төрт балабақша, бір мектепті қоса есептегенде 2 млрд теңгенің үстінде инвестиция құйылды. Қарауылтөбе ауылына 10 млн теңге қаржылай демеушілігімен «Тағзым алаңын» салғанының өзі тағзым етуге тұрарлық өнеге.
Бұл игілікті шара мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда, аймақ басшысының тікелей бастамасымен бастау алған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ұйымдастырылды. Осының барлығы – тәуекел. Басталған іс аяқталғанша абыроймен атқарылуы керек. Бірінші мәселе – қаражаттың қайтымы емес, абырой.
Өзін туған жердің, Отанның бір бөлшегімін деп санайтын Сейітқали Бегманұлының жаны жайсаң, жүрегі жомарт. Тұнған тарих, ата-салт, өнеге, өмір белестері, қоғам шындығы мен келешек ұрпақтың қамы үшін алаңдайтын азаматтың кісілік келбеті өз алдыңа бөлек әңгіме. «Мақтан қума, бірақ бар күшіңмен мақтауға лайық әрекет жасауға тырыс» деген гуманист Я.Коменскийдің сөзі Сейітқали ағаға арналғандай. Қарапайымдылық қасиетіне көз тойып, көңіл марқаяды.
Бұл – ел азаматымен алғаш жүздесуім. Бұған дейін ол кісіні «жасыл балабақшалардың» иесі деп естігенім болмаса, таныстығым жоқ. «Қалай қабылдайды, сөйлесуден бас тартса қайтемін?» деген күмәнді ой болды. Бекерге күмәнданыппын, жылы қабақпен қарсы алып, бүгінгі қоғамның жүгін арқау ете отырып еркін әңгімелестік. Ұрпақтар мұратының орындалуы үшін жанталасқан қоғаммен бірге даму көшінде келе жатқан бағыты айқын. Теңіз суының дәмін сезу үшін оны табаны тартылғанша ішіп көру міндет емес. Сол секілді туған жер топырағының түрленуіне еңбек етіп, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, не көрсе де елмен бірге болуды мақсат тұтып жүрген азаматтың сөз саптауы мен пікір-пайымына қарап халықтың адамы екеніне көзім жетті.
Елбасының мақаласындағы рухани жаңғыру мәселесі бұ кісінің жаны мен жүрегінде онсыз да жаңғырып тұр екен. Қайран қалдым.
Нұрбике ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Қызылорда қаласы