ЖЕТЕС БИДЕН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР
Арал аудандық музейінде Арал-Қазалы аймағында өмір сүрген әйгілі Жетес бидің тұтынған заттары бар екенін білесіз бе?
Дауласқан ел арасын бітістірген дала данагөйінің мыс шәйнегі мен ағаш сандығы бүгінде мұражайдағы құнды экспонаттардың қатарында сақтаулы тұр.
Тарихи жәдігерлер топтастырылған мәдени орталықта келушілерді қызықтыратын заттар жетерлік. Алайда, әйгілі биден қалған құнды дүниелер барған көпшіліктің назарын бірден өзіне аударады.
Аудандық музей директоры Мәди Жасекеновтің айтуынша, мыс шәйнекті 1991 жылы Жетес бидің ұрпағы Алғазы Жетесов тапсырған екен.
Бұл 5 литрлік ыдыстың диаметрі – 30 см. Шүмегі құс тұмсықты, астыңғы жағы отқа қоюға ыңғайлы етіп жасалған шәйнекті үй тұрмысына пайдаланған.
Шәйнекте Жетес бидің руы – Жақайымның таңбасы басылған. Тілді би 19 ғасырда өмір сүргенімен шәйнектің жасалған уақыты одан ерте, яғни 18 ғасырға тиесілі.
Бұл Ресей шеберханаларының бірінде, орыс ұсталарының қолынан шыққан бұйым. Қазақ жеріне қалай келген дейсіз ғой? Шәйнекті Жетес биге сол кездегі Қазалы уезінің генерал-губернаторы сыйға тартқан.
Бұған қоса, музейде Жетес би тұтынған ағаш сандық та бар. Көлемі орташа экспонат жіңішке сым темірлермен бекітілген. Сандықтың сыны кетсе де, сыры кетпеген. Музей мұраларынаың құндылығын арттырып тұр.