ЖАҢА ЖАҒДАЙДА ЖАҢҒЫРУҒА ДЕГЕН ІШКІ ҰМТЫЛЫС – БІЗДІҢ ДАМУЫМЫЗДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ
Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «...Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсеткен болатын, яғни табысқа жетудің негізгі бір жолы –білімнің салтанат құруы. Адамды да, қоғамды да алға жетелейтін құдіретті күш – білім. Ахмет Игүнекидің «Бақыт жолы –білімде» деген қанатты сөзі күн сайын емес, сәт сайын дәлелін тауып келеді. Үстіміздегі жылдың 10 қаңтарында Елбасы жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының ЖЕТІНШІ міндетінде адами капитал – жаңғырудың негізі екенін тағы нақтылай келіп, білім беру бағдарламалары бойынша өзгерістерге үнемі бейім болу керектігін және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту қажеттігіне тоқталады.
Осы орайда біздің мектебімізде де Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде, ауыз толтырып айтатын мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы жобасы аясында мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, зейнетке шығып, бақилық болған ардагер-ұстаздарымыздың құрметіне орай өткізілген мектепішілік олимпиаданы атап көрсеткіміз келеді. Мектеп басшысының бұйрығымен ұйымдастыру комитетінің құрамы бекітіліп, арнайы қазылар алқасы құрылды.
Мұндағы ең бірінші мақсат ардагер-ұстаздардың өнегелі істерін өсіп келе жатқан ұрпаққа таныту болса, екінші алға қойған мақсат – Қазақстан Республикасындағы жалпы пәндер бойынша өткізілетін олимпиада резервтегі дарынды оушылармен даярлық жұмыстарын жүргізу, танымдық қызығушылығын дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
П.Сахабаева, К.Тасыров, Р.Нұржанова, А.Пірімбетов, Г.С.Платицина, А.Қиынбаева секілді ардагер-ұстаздарымыздың кәсіби біліктілігі, өз мамандықтарына деген сүйіспеншілігімен қоса, адамгершілік қасиеттері жайында олардың шәкірттері, көзкөрген ұжымдастары, ауыл ақсақалдары үнемі айтып жүреді. Демек, олар қандай құрметке болса да лайық.
Сондықтан, бұл олимпиаданыңжоғары деңгейде өтуіне мектеп ұжымы бірауыздан атсалысты. Ардагер-ұстаздарымыз жайында көптеген мәліметтер жинақталды. Олимпиаданың ашылуында олардың өмірдерегі оқылып, туған-туыстары, шәкірттері естеліктер айтты.Олимпиада бастауыш 2-4-сыныптарда қазақ тілі мен математикадан, 5-10-сыныптар арасында қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, физика, математика пәндерінен өткізіліп, төрт күнге созылды. Мектепішілік олимпиада нәтиежесінде жоғары білім деңгейін көрсеткен жеңімпаз мектеп оқушылары арнайы дипломдармен марапатталды. Мектеп оқушылары осындай ұстаздарымыздың болғандығын мақтаныш сезіммен айтып жүрерліктей тағылымды үлгі алса, мектеп ұстаздары олимпиада өткізу барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді орындауда сәл де болса үлестерін тигізгендерін түсінді.«Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін үдеріс. Екі дәуір түйіскен айтулы уақытта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.
«Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» – деген болатын Елбасы өз мақаласында.
Олай болса, бұл олимпиаданы алдағы уақытта да мектепте дәстүрлі түрде өткізіліп, оған ардагер-ұстаздарымыздың ағайын-туыс, бауырларын, ұл-қыздарын, ұрпақтарын да шақыру жоспарда бар.
Осындай игі істердің бірі ретінде мектепте өткізілген жаңартылған мазмұндағы педагогикалық кеңес отырысын атап өтуге болады. Педкеңесте қаралған бірқатар мәселенің ішінде қыркүйек-қараша айлары аралығындағы ҰБТ қорытындысын талқылау барысында педкеңес мүшелері 5 топқа бөлініп, мектептің стратегиялық даму бағытындағы міндетті түрде жауап беретін сұрақтармен жұмыс жасады. Мектептің таяу уақытта атқаратын міндеттері мен оқу-тәрбие жұмысының даму бағытына байланысты ой-пікірлерін, ұсыныстары мен шешімдерін айтты. Топтық талқылаулар жүргізілді. Талқылау сұрақтары төмендегідей мәселелерді қамтыды:
1.Біздің басты мақсатымыз не? Ол қандай? Басты міндеттер мен құндылықтар не?
2.Біздің тұтынушымыз кім? Олар бізден не күтеді? Олардың сұранысына жауап беру үшін біз қай жағынан мықты болуымыз керек? Білім беру ұйымынан білім алушы нені талап етеді? Тұтынушының талап, тілегін анықтау үшін қандай амал, технология және әдістерді қолданамыз?
3.Жетістікке жетудің жолы. Біздің күшті, әлсіз жақтарымыз, мүмкіндіктер мен қатерлеріміз. Біздің жетістіктерімізге қатер төндіріп тұрған қандай факторлар?
4.Сапаны жүзеге асыру. Қандай стандартты, қалыпты анықтаймыз? Сапаны қалай қамтамасыз етеміз? Біз үшін бұл сапаның тиімділігі қаншалықты?
5.Ұжым қызметкерлерін қалай таңдаймыз?
6.Көзделген нәтижеге жетпеген жағдайда, қателіктер жібергенде оны түзетудің нақты іс әрекет механизмі бар ма? Нәтижелі жұмыс жасап жатқанымызды қалай білеміз?
Топтарға бірлескен мұғалімдер талқылау сұрақтарымен жұмыс жасай келе, орталарынан спикерлер шығарып ой-пікірлерін айтты. Олар өз сөздерінде басты мақсатымыз – табысты білім беру екендігіне, табысты оқыту үшін білім алушылардың бойындағы қабілеттерді жете тани алу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ білім алушыларды сынақтарға дайындауда алған білімдерін өмірде өз қажеттіліктеріне жарата алатындай етіп дайындауды, баланың білімі жеткіліксіз болған жағдайда өзіне көп мүмкіндік бере отырып, өз бетінше қатесін жөндеуге жағдай туындату керектігін айтты. Осындай бағыттарда педкеңес мүшелері тарапынан шешімдер, ой қорытулар айтылды. Сонда ғана нәтижелі жұмыстарға қол жеткізуге мүмкіндік туатыны анықталды. Педкеңес соңында екінші топтың құрамындағы мүшелер топтық талқылау сұрақтарына белсенділікпен атсалысқандары әрі сұрақтарға ғылыми тұрғыда жауап бергендері атап айтылды.
Біздің өмір сүріп отырған дәуіріміз - ғылым мен білімнің даму дәуірі. Бұл дәуір бізге жаңа инновациялар ашуда. Бұл дәуір ұстаздарды күнделікті білім берумен шектеліп қалмай өсуге, ізденуге, білімі мен тәжірибесін үнемі толықтырып отыруға итермелейді. Сондықтан ғұмыр бойы оқитын, ізденетін, ұрпақ тәрбиелейтін кім десек, ол – ұстаз деп жауап беріп, ұстаз атына лайық болуды өзімізге міндеттейік.
Жамбыл КЫРДАНОВ,
№174 орта мектеп директоры