МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ
Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері Халықаралық балаларды қорғау күніне орай және мұсылман жұртшылығының қасиетті айы – Рамазан айында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету мақсатында «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында болып, балалардың 1 күндік уақытының қызықты әрі танымды өтуіне жағдай жасады.
Шара бас қосу жиынынан бастау алды. Тәртіп сақшылары тәрбиеленушілермен әңгіме-дүкен құрып, ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Тәртіп сақшысы болуды армандайтын балалардың қандай талаптарға сай болу қажеттігін баяндап берді.
Атап айтқанда, балалардың кішкентай кезінен салауатты өмір салтын ұстанып, жат қылықтардан аулақ болып, спортпен жүйелі түрде шұғылдану қажеттігін ескертті. Осы мақсатта, балалар ауылына естелік сыйлық ретінде заманауи талаптарға сай келетін, қажетті жабдықтармен жабдықталған теннис үстелін сыйға тартты.
Сонымен қатар, арнайы жасақ қызметкерлері өздерінің ұрыс және қорғаныс кезіндегі әдіс-тәсілдерін де көрсетті. Таңданыстарын жасыра алмаған бүлдіршіндер полицей ағаларына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті.
Шаттықты шара «Арай» спорттық сауықтыру кешенінде жалғасын тапты. Полиция қызметкерлері балаларды түрлі аттракциондарға ойнатып, еркін демалуына жағдай жасады.
Шара соңында бүлшіндер бүгінгі күннен мол әсер алып, бір жадырап қалғандарын жеткізіп, осындай жақсы көңіл-күй сыйлаған полицей ағаларына ризашылықтарын білдірді.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі