ЗАМАНАУИ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ІЛІМ БАСПАЛДАҒЫ
Елімізде жүргізіліп жатқан рухани жаңғыру аясында жаңа гуманитарлық білім беруі қолға алуда әлемдегі ең танымал деген, соңғы жылдарда бірнеше басылымы жарық көрген 100 оқулықты қазақ тіліне аудару жұмысы қарқынды түрде басталып кетті.
Осы жұмыспен тікелей айналасып жатқан «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қазіргі күні 18 оқулықты жарыққа шығарды. Солардың бірі – «Тіл біліміне кіріспе» оқулығының 2014 жылғы оныншы басылымы.
Оқулық авторлары – Виктория Фромкин, Роберт Родман және Нина Хайамс. Кітап кіріспеден, 12 тараудан және арнайы глоссарийден тұрады. Әрбір тарау соңында қорытынды, қосымша оқуға арналған әдебиеттер тізімі, теориялық материалды өз бетінше игеруге арналған жаттығулар берілген.
Оқулық аты айтып тұрғандай болашақ филолог мамандарға тіл білімі, оның зерттеу нысаны, салалары, қазіргі даму қарқыны мен жаңалықтары, негізгі проблемалары туралы алғашқы мәлімет беретін құрал болып табылады. Елімізде мұндай оқулықтар бұрын тек орыс тілінде ғана болды.
Кеңес заманында қазақ тіліне аударылғаны бұл күнде теориялық жағынан да саяси-моралдік жағынан да әбден ескіріп, тозығы жеткен еді. Дегенмен еліміздегі жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті және қазақ филологиясы мамандықтарында әлі де қолданып жүрген Кәкен Ахановтың «Тіл білімінің негізері», Төлеубай Қордабаевтың «Жалпы тіл білімі» оқулықтары осы пәннен сабақ беретін профессор-оқытушылардың арқасында осы заманға лайықтандырылып, толықтырылып амалсыздан пайдалануға ұсынылып жүр.
Міне, аталған жаңа оқулықтың қазақ тіліне аударылуы осы олқылықтың орнын біршама толтырғандай болып отыр. Толық толтырды, қанағаттандырды деп айтуға болмайды. Өйткені бұл мәселенің бір қана қырын қамтитын бар-жоғы бір ғана оқулық. Қанағаттанушылық лингвистикалық ілімді өз ана тіліміздің материалы негізінде түсіндіріп, қазақы ұғыммен бергенде болуы мүмкін. Әрине, ондай күнге де жететінімізге сеніммен қарайық.
Ағылшын тілінен аударылып, оқырманға ұсынылып отырған оқулықтың ауқымы өте кең. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 12 тараудан тұратын бұл оқулықта тіл білімінің негізгі салаларымен қатар, салыстырмалы талдаулар да көп берілген. Кітап негізінен ағылшын тілінің грамматикасын қамтиды. Сондықтан оқулық бірінші кезекте шет тілі филологиясында оқитындарға, ағылшын тілін үйренушілерге таптырмас құрал. Ол сондай-ақ тіл білімінің жалпы теориясынан, тілдің табиғаты мен өзіндік жүйесі, даму заңдылықтарынан т.б білім алушыларға да терең ғылыми мәлімет беретін ақпарат көзі болып табылады. Сондықтан оқулық оқытушылар мен жалпы тіл біліміне қызығушылар үшін пайдалы болмақ.
Оқулық қазақ тіліне сапалы аударылған деп айтуға болады. Тұтастай бір ғылым саласы болғандықтан, оның өзіндік ғылыми түсініктер жүйесі, айналымға түскен, кейде әлі де жарыса қолданылып жүрген термин-ұғымдары болатыны даусыз. Сондықтан оны бір тілден екінші тілге бірден мінсіз аудара салу да оңай шаруа емес. Мұны аударма редакторлары да жасырмай айтады: «Кітаптарғы кейбір эпиграфтар мен мысалдар, кестелер мен кейстер түпнұсқа тілде беріліп отыр. Мысалдарды талдау және сөздердің маңызын жоғалтпау үшін олар ағылшын тілінде қалдырдық. Фонетика мен фонологияға қатысты біраз термин де түпнұсқа тілде қалдырылды Өйткені ағылшын тіліндегі дыбыстардың кейбір қасиеттері қазақ тілінде басқаша немесе тіл дыбыстарына қатысты кейбір анықтамалар қазақ тілінде мүлдем жоқ. Түсінікті болу үшін қазақ тілінде айналысқа түспеген кейбір терминдер де аударылған жоқ. Дегенмен олардың қазақша мағыналары да келтірілді».
Сондай-ақ оқулық аудармашылары: «Кейбір мысалдар тым қарапайым да орынсыз болып келетіні рас. Мысалы, «қоянның баласы» дегенді неге «көжек» деп бере салуға болмайды? - деген сұрақ тууы мүмкін. Алайда, тақырып баланың тілі туралы. Ал бала қоянның баласы «көжек» деп аталатынын білмеуі де мүмкін. Кітап авторларының осындай ұстанымын сол күйінде қалдыруды жөн көрдік»,- деп өз уәждерін айтады.
Әдетте тіл білімі өзінің нені зерттейтіндігіне және оны қалай қарастыратынына байланысты екі үлкен арнаға бөлінеді. Оның бірі – ішкі лингвистика, екіншісі – сыртқы лингвистика. Оқулықта осы екі сала бірдей қамтылған. Ішкі лингвистика немесе құрылымдық лингвистика мәселелері ретінде оқулықта 2-тараудан 6-тарау аралығындағы «Морфология», «Синтаксис», «Тілдің мағынасы», «Фонетика: тілдегі дыбыстар» және «Фонология: тілдегі дыбыс үлгілері» деген тақырыптар берілген.
Оқулық авторлары мұны: «2-тараудан 6-тарауға дейінгі жазылу тәртібі әдеттегідей болмауы мүмкін. Кітапта өз тәжірибеміз және бүкіл әлемдегі әріптестердің ұсыныстары ескерілді. Морфологияны алдымен бердік, себебі тілдің құрылымдық аспектілері туралы алғаш оқыған адам үшін оңайырақ болатынына сенімдіміз. Әрі қарай синтаксис (сөйлемдердің құрылымы), ол студенттерге көптеген семантикалық тұжырымдар арқылы таныс. Одан кейін студенттер жиі ұшырастыратын ерекше қиын, неғұрлым жаңа (студенттер үшін) фонетика мен фонологияға көшеміз. Кітап фонетика, фонология, морфология, синтаксис және семантика (5,6,2,3 және 4-тараулар) әр оқушы қиналмай, материалды дәстүрлі тәртіппен ұсына алатындай етіп жазылған»,- түсіндіреді.
Ал сыртқы лингвистика мәселелеріне оқулықта: «Тіл дегеніміз не?», «Тіл және қоғам», «Тілдің өзгеруі: уақыт кезеңдері», «Тілді меңгеру», «Тіл және адам миы», «Тілдің компьютерде өңделуі», «Жазба тілдің негіздері» деген тарау тақырыптары берілген. Айталық, «Тіл және қоғам» деп аталатын тарауда лингвистиканың маңызды мәселесі ретінде әлеуметтік лингвистика қағидаттары мен факторлары қамтылған. Жойылған және жойылудың алдында тұрған тілдер, гендерлік айырмашылықтар, латын-америкалық ағылшын тілі сияқты диалектілер, әрқилы лингвистикалық аумақтан табылатын дүбәра тілдер, креолдар және лингва франка сияқты мәнмәтіндік тілдер, компьютерлерді әлеуметтік-лингвистикалық талдауда пайдалану, екінші тілді меңгеру, басқа ұлт өкілдеріне екі тілде білім беру мәселесі сөз болған.
«Тіл және адам миы» деп аталатын тарауда «психолингвистика және нейролингвистика» мәселелері қамтылған. Мұнда тіл психологиясына қатысты мәселелер қарастырылады, тіл мен мидың ара-қатынасы сипатталады.
«Тілдің компьютерде өңделуі» тарауында компьютерлік линвистиканың негізгі қағидалары түсіндірілген. Сонымен қатар компьютерді табиғи тілде қолданатын таңғаларлық прогресс туралы сөз болады. Осы тарауда ауқымды жаңа материал – тілдің компьютерде өңделіндегі Мәдени төңкеріс. Мұнда миллардталған компьютер талданған.
Оқулықтың тағы бір жақсы тұсы - кітап соңында кеңейтілген әрі жақсартылған глоссарий берілгендігі. Мұнда оқырмандардың тілдік лексемасына 700-ге жуық термин ұсынылып, оларға сілтемелер берілген.
Р.S. Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықтың әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылатындығына ерекше қуанышты болдым. Бұл – өз қолымыздың ө аузымызға жеткендігі, тәуелсіздіктің жемісі, рухани жаңғыруымыздың басы. Дегенмен асығыстыққа бой алдырып жатқандаймыз. Олай дейтінім – осы 100 оқулық қазіргі орыс-қазақ әліпбиі – кирилл жазуында емес, төл дыбыстырымыздан жасалған лингвистикалық егемендігімізді танытатын жаңа төл әліпбиімізде басылып шықса, мемлекеттік тілдің беделі артып, қолданыс аясы кеңіп, абройы асқақтар еді. Халықтың жаңа әліпбиді тез меңгеруіне өз септігін тигізер еді.
Аман АБАСИЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
қауымдастырылған профессоры