АҚ ШУАҚ (ӘҢГІМЕ)
Бұл үйде күні кеше дуылдап, дүркіреп бір думанды той өтті. Исі қазақта той мен астың қалай өтетіні, біз айтпасақ та орысың мен орманыңа түгел аян.
Баяғыда өткен ата-бабалардың заманында ауызы ептілер: «Қазақтың қайтқа-нынан сақта құдай» деп бекер айтпаса керек. Ерлі-зайыпты Тәкеш пен Мәруа түннің бір уағында аяқталған тойдан кейін ұйқыға тастай қатып шым батыпты.
Екеуі де езіліп шаршаған еді. Дегенмен ұйқылары қанып тұрды. Төсекке осы әлгінде ғана жатқандай көңілді оянды. Енді мына манаураған маң дүниеге зер салса, пәли-и, несін айтасың, үйдің іші айра-жайра.
Мәруа сыртқа шықты. Көргені тағы да көпірген былық. Үйдің балалар ойнайтын алаңы, шарбақпен қоршалған кең жайсын ауланың жері түгел бүлінген. Ыбырсыған қағаз, шала шегілген темекі тұқылдары, бір тістеп тастай салған бауырсақ, алма, пешеней, кәмпит, түйір қант, нанның қалдық-тары, мүжілмеген сүйектер етімен шашылып жатыр; төгілген май мен шыл-қыған жуынды су; быттасқан аяқ-табақ, сұйығынан босаған шөлмектер. Қысқасы бұл үйдің төбесінен құдды бір алапат күшті құйын ұйытқып өткен-дей.
– Құдай әкем сақтасы-ын-н, бұл не деген ысырап… – деді Мәруа ішегін тартып. – Масқара-ай… обал-ай…
Содан «жазған құлда шаршау бар ма», Тәкеш шарбақтың, Мәруа үйдің ішін ал-кеп алқын-жұлқын тазалауға кіріссін. Ықыласпен қолға алса, бітпейтін не бар, сабылып жүріп бәрін тазартып, ретке келтіріп алды. Содан кейін балаларды естияр дегеніне тапсырып үйге қамады. Сыртынан кілттеді. Шарбақтың есігін бекітіп, екеуі моншаға кетті.
Енді қаймағы қалың сүт қатқан алқоңыр шайды тойдан ауысқан тәттілермен ішіп болып, дел-сал күйде маужырап, балбырап отырғандары мынау. Көңілдері тоқ. Көптен ойға алғандары абыроймен орындалды. Той көңілдегідей өтті. Көптің ықыласына бөленді.
– Мәкеш, сенің арқаңда бір міндеттен құтылып, адам болып қалдық-ау, – деді Тәкеш желпініп.
– Сен болмасаң жалғыз мен не бітірем. Бәрі сенің арқаң да…
– Ой, әйелсіз береке қайда-а, еркектің жайы белгілі ғой, әйелсіз іс біткен бе, мына заманда…
Екеуі осылай шүңкілдесіп, шүйіркелесіп отырып той үстінде болған қызықтарды, одан отау құрғасын осы үйдің іргесін біссіміллә-ә деп әуелгі тікейткен күндерін еске алды.
Осы үй салынғалы үш рет кеңейтілді. Үшеуінде де кешегідей той жасап, үлкендердің батасын алғанды. Алғашында шағын екі бөлмелі, ортасында қазан-ошағы бар, қоржын там тікейтті. Уақыт өте келе бөпелі бола бастады, араға екі жылдан салып бөбектердің бірінен кейін бірі келді, қонақ-қопсы да топырлап жиіледі.
Содан екеуі білекті сыбанып жіберіп, жатпай-тұрмай шағын баспананы тағы екі бөлмеге кеңейтті. Айтарыңыз не, еңбектері еш кеткен жоқ, осы үй екеуінің құтты қонысына айналды. Көптің берген батасы қабыл болып іші жанға, қорасы өздеріне боларлық малға толды. Сондықтан бұл үйді тырбанып жүріп тағы да кеңейтті. Енді «хан сарайындай» зәңгірлеген жеті бөлмелі үйге айналды.
– Бәрекелде-е, құтты болсын! – деді жақын-жуық, көрші-көлемнің бәрі.
Иә, той үстінде не айтылмады дейсіз. Баяғы Қасым ақын жырлағандай, бір кездегі оңаша отау «шағын мемлекетке» айналды деген осы… – деп екеуінің көңіл құсын қияға самғатты. Абыройларын аспандатты.
Бәрі рас, қалпалы жоқ, бәрі ақтарылып адалын айтты. «Балалы үй – базар» дегендей, алғаны Тәкешке бес перзент сүйгізді. Бірінен бірі аумайтын ылғи бір балпанақтай бүлдіршін. Қаздың балапандарындай бірі мен бірі қол ұстасып, тізіліп жүреді. Енді бұл отбасын «шағын мемлекет» демей көріңіз.
Бұл үйде күнде базар. Екеуі осы үпір-шүпірлерінің ортасында арқа-жарқа болып отырады. Ал сыртта – есігінің алдында шарбақтың ішін құлпыртып қойған, жайнап тұр. Қоршауды жағалай асқабақтар мен қауын-қарбыздың неше атасы жатыр пәлектерін жайып. Құдды отқа бас қойған қозылардың құйрығындай. Көкөністердің де түр-түрі албырап-жалбырап, жайқалып өскен. Балақтары сарғайып ырғалған жүгері қатары самалмен бірге сыңсығандай болады. Алма, алмұрт, өрік, шабдалы, жиде, жүзім түптері мәуелі жемістерін көтере алмай бастарын иіп, желектері желбіреп әрең тұр. Түрлі түсті гүлдер шоғыры да қызықтырып көзді арбайды. Темір тормен қоршалған алаңқайда қозы-лақтар күншуақ астында секіріп ойнап құлдыраңдап жүр.
– Бір міндеттен құтылып көңілді бірледік. Енді жәйімен қысқа дайындала беруіміз керек, – деді Тәкеш зайыбына мейірленіп.
– Айтпа, ертерек құтылып алғанымыз жақсы болды.
– Отын жағы бір қысқа молынан жетеді. Амандық болса, қамбаны биыл да толтырып алайық. Жүгеріміз бітік болды. Балдарға жылдағыдай шетінен қуырып беріп отырасың ғой. Қыстай патырлатып жеп шықсын. Банка басу жағың қалай болып жатыр?
– Үлгіргенімше қайнатып, жауып алудамын.
– Жарығымсың ғой сол! Алла маған бере салған ғой сені…
Міне, бұл жұп осындай. Ойлайтындары бала қамы, тілейтіндері Отаны мен отбасының амандығы. Басқа бұра-тұрамен шатағы жоқ. Кейбіреулердей не болса, соған араласып, босқа арамтер болмайды. Әңгіме-қауға, өсек аяңды көйітуден, білгішсініп «саясат» соғудан аулақ. Телевизордан лаңкестікті көрсе: «Осыларға не жетпейді екен, айдың-күннің аманында. Күштері тасып бара жатса, жапырып еңбек етпей ме… – деп отырады екеуі, бірін бірі мақұлдап. – Біреуге біреу соқтықпай-ақ, сөз теріп өштеспей-ақ аман-есен өмір сүруге болады ғой…»
Ал өздері өмірдегі орны мен міндетін, жүретін жолын біледі. Біреу-лерден бірдеңе дәмету, кейбіреулердей қисыны келсе қарпып қалу деген әдеттерінде жоқ. Ондай ниет бұл жұптың Алла жаратқан жаратылысына дарымаған. Маңдай терді сорғалатқан ақ адал еңбектерімен күнелтіп келе жатыр, біреулерден кейін, біреулерден ілгері дегендей.
Бүгін – демалыс. Үйде уыздай ұйыған тыныштық. Балақайлардың бөлмесінен жеті жастағы ұлы бір жарым жасар інісін жетектеп кіре берді: – Мама-а! Ерұлан оянды, – деп.
– Гаршогы қайда? Әкел тез, тосып алайын.
Бұл үйдің кенжесі кіш-кішін болғасын бұтындағы түймесі шелтиіп шешесінің құшағына құлай кетті. Сосын әдеттегідей: – Нәнәкә, – деді қыңқылдап. Жейтін берші дегені. Мәруа баласын құшырлана иіскеп-иіскеп болғасын айналып, толғанып аймалады. Нәнәкаға тойғызды. Құдды құстың балапаны. Жемсауына нәр жайғасқасын:
– Папаға бар енді, – деп әкесіне қарай демеп жіберді. Ерұлан тәй-тәй, қаз-қаз басып төрде газет қарап отырған әкесіне келіп: – Әу! – деді. Бұнысы өлең айт дегені. «Әуді» үйретіп жүрген әкесінің өзі еркелетіп. Тәкеш:
– Келе ғой күнім, – деп баланы әуелі бауырына басып құмары қанғанша иіскелеп емірінді. Сосын малдасын құрып алдына отырғызды. Домбыраны қолға алып қомданды. Құдды дәулескер күйшідей былқылдатып бір бунақ жорға желіске салды өзі білетін. Бала бұған еліге қоймады.
– Әу! – деп «бұйырды» әкесіне.
– Құлдық, тақсыр, құлдық! – деп Тәкеш күліп жіберді. – Біздің үйдің ақ патшасына қызметіміз қашанда дайын! Ал енді тыңда! – Тәкеш «ақ патшасы» осылай қыңқылдауды не жылауды бастағанда жұбататын әләулайымына басты:
– Уау! Асыл, асыл-ай,
Киім, кидім жасыл-ай.
Қыз сұлуды көрмесем,
Ауырады басым-ай…
Мәруа мәз: – Сонда, менің келінімнің аты Асыл болғаны ма? Асыл деген атынан айналайын!
Тәкеш: – Біздің келініміз, құдай қаласа, асылдың да асылы болады! – деп алып, «әуді» одан әрі әуелете түсті:
– Уау! Діңгіл, діңгіл, Діңгілбай!
Діңгілбайдың қызын-ай,
Алма берсем алмайды,
Сағыз берсем шайнайды.
Діңгілбайдың сол қызы,
Қыр ізімнен қалмайды.
Ойлай, ойлай келгенде,
Діңгілбайдың қызына,
Үйленбесем болмайды…
Мәруа: – Папасы-ау, біздің құдамыз сонда Діңгілбай деген бола ма? – деп кәдімгідей жайыла күліп, елжіреп отыр.
– Аһа, құдай қаласа, құдамыз Діңгілбай деген болады!
– Бәрекелде-е, құдаңыз құтты болсын!
– Баяғыда, бала күнімізде, ауылдағы ағаларымыздың үйреткені ғой, – деп Тәкеш домбырасын күмбірлетіп күй бунағына ауысты.
– О, ақ көкем менің! Діңгілбайдың «күйеу баласынан» сол! Әй, папасы-ау, қайырмасын айтпайсың ба енді?
– Қайырмасы дейсің бе? Я, оны да айтайын. Ал тыңдаңдар:
– Айт, дігідік, шабамын,
Байдың қызын аламын.
Өкімет басына барамын,
Жаңа қала саламын…
– Ой-дөйт деген-ай! Менің ақ көкем сөйтеді, – деп Мәруа балқып, балбырап отыр. Бұл бөлмеге балалар да жиналып үйіріле қалды. Бірі билеген болып, бірі алақанын шапаттап, бірі дөңгелене секіріп, арсалаңдап бөлмені у-шуға толтырып жіберді.
– Әй, әй, мыналар құтырып кетті ғой. Тынышталыңдар! – деді Мәруа еркелерін зілсіз қайырмалап. – Бұл не, бәрің бірдей шулап колхоз болып кеттіңдер ме түге. Бар, аулаға шығып біруақ ойнап келіңдер.
Балақайлар ығысып сыртқа шығып бара жатқанда, Тәкеш: – Үнде-е-ме, шуласа шулай берсін, – деді жанары жарқылдап. – Биыл колхоз болсақ, скоро совхоз боламыз. Сосын қалаға айналамыз…
– Құдай қаласа де.
– Әлбетте құдай қаласа! Мына дәдеңнің сабы мен сенің қабың сау болса, әлі талай қызыл майқан болады. Сені батыр ана қылмай тынбаймын!
– Ой, сен енді осылай ешіріп кетесің ғой. Айтқаның келсін! Батыр ана болсақ, арман не.
– Мәкеш, а Мәкеш!
– Ау, не демексің?
– Айғырлығымның ұстап отырғаны…
– Кетші, күн жарықта ондай бола ма екен.
– Неге болмайды?
– Болмайды. Түнді күт.
– Мәке-е-еш, бүгінгі түн – біздің түніміз емес пе? Күндіз де бір көрейік те, қызық болсын…
– Не болды сонша мені бүгін көргендей…
– Тентегім қылқылдап болар емес, еліріп тұр.
– Қойшы, ерікпей. Тентегіңе тентек болма де.
– Тентегім маған көнбейді ғой, тек сені ғана тыңдайды.
– Бала болма-а. Болмайды дегесін болмайды. Күнәға түнде батқанымыз аздай, енді күн жарықта күлмәнімізді көрсетіп… Онанда тынығып ал. Мен малыма қарайын, огородым мен гүлдерімді баптайын, – деп Мәруа сыртқа шығып кетті.
Далада аспаннан ақ шуақ төгіліп тұр екен.
Мәруа: – Ой, рахат-а-ай… – деп әрі-бері керіліп, керіліп алды.
Сонан соң күндегідей тіршілік қарекетіне кірісіп кетті.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қызылорда қаласы