ТҰЛҒАЛАРҒА ТАҒЗЫМ
Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш белгі қойылды.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында «Қызыләскер», қазіргі Дүр Оңғар ауылының азаматтары – Ахмет Тұрғанбаев, Тыныштыбай Жайшылықов, Жұқа Төребаев, Сүйіндік Бекмұрзаев және Омар Баймаханов жалған жалаға ілігіп, нақақтан құрбан болды.
Осы боздақтардың есімін тасқа қашап, ескерткіш салдырған М.Ахметовке ауылдағы ағайынның алғысы шексіз. Игі істі қуғын-сүргіннің құрбаны Ахмет Тұрғанбаевтың немересі Молдабек Әбдіраманұлы Ахметов жүзеге асырды.
ҚР ІІМ-нің мұрағаты қорынан алынған деректер бойынша, сол кездегі қазақ халқының басына түскен жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған кейбір азаматтар елге аман-есен оралса, көбісі барған жерінде мәңгілік мекен тапты. Күні бүгінге дейін кейбірінің жатқан жері белгісі.
Иә, тарихтан тағылым, өткенге тағзым ету өскелең ұрпақтың парызы. Көнекөз қариялардың айтуынша, аты аталған азаматтар көптің жағдайына қарап, елге сүйеу, жұртқа қамқор болған.
Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау – біздің қасиетті борышымыз.
Киелі Қармақшыдан шыққан азаматтарды елі ешқашан ұмытқан емес. Талай тұйықтардан жол тапқан тұлғаларға бүгінде ұрпақтары құран бағыштап, рухтарына тағзым етеді.
Нұрбек САҒАТҰЛЫ,
Қармақшы ауданы