ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында – Заңның үстемдігі мен жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретіндігін және мемлекеттік органдар ақпараттық қызмет көрсетуге көшу бағытында нақты тапсырмалар бойынша жұмыс жасау қажеттігін міндеттеген болатын.
Осыған орай, Арал ауданы әкімдігінде ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өткізілді. Кеңес отырысына аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, «Нұр Отан партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қала әкімінің орынбасары, дербес бөлім басшылары мен мектеп директорлары, білім саласының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, күн тәртібінде Арал ауданы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы кейбір мәселелер және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары сөз болды. Бірінші мәселеге қатысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменттің Мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы М.Байқуатова баяндама жасап, жалпы облыс көлемінде I-тоқсанда көрсетілген қызмет түрлерін жіктеді. Соның ішінде Арал ауданында көрсетілген мемлекеттік қызметтерге ерекше тоқталды. Оның пайымдауынша Арал ауданында электронды қызмет алушылар үлесі төмендеп, қағаз жүзінде көрсетілген қызмет саны артқан. Осы орайда хабарламашы аудандағы қызмет көрсету барысындағы кейбір мәселелерді талдай келе бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Одан әрі сөз алған сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Н.Жакудаев, республика көлемінде жемқорлық мәселесі жылдан жылға күшейтіліп, тиісті заң жобаларына сәйкес қолға алынған істерге тоқталды.
Жиынды қорытындылаған төраға А.Жоланов айтылған ұсыныстарды ескере отырып, жүйелі жұмыстарды жұмыла атқаруға шақырды.