ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ІЗЕТТІЛІК БЕЛГІСІ
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жалпақ жұртыңды құрметтеу – туған өлкеңнің тарихын танудан, азаматтарды ардақтаудан басталады» деген еді.
Иә, ұлттық жаңғыру, рухани жаңғыру дегеннің өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Біріншіден ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту болса, екіншіден ұлттық болмыстың өзегін сақтау. Осы орайда жас ұрпақтың бойына имандылық, бауырмалдық, ұлтжандылық және адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіру маңызды.
Міне, нақ осы мақсатта Қазалы ауданындағы Қазалы қалалық мәдениет үйінде Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі жанынан құрылған «Өнеге» бірлестігінің ұйытқы болуымен «Ерлер – жердің қорғаны, елдің тұтқасы» тақырыбында тағылымдық кеш өтті.
Кешті Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова жүргізді. Ол сөз басын қазақтың кемеңгер акыны Сәбит Дөнентаевтың «Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артында» деген қанатты сөзімен бастап, сахна төріне тыл ардагері, «Еңбек ардагері» Мәлік Тілеповты, «Еңбектегі ерлігі үшін», ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен «Қазалы ауданының құрметті азаматы», су шаруашылығының білікті маманы, Қазалы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Көлановты, БЛКЖО ХІХ съезінің делегаты, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Ғанидың ізбасары Әділжан Ерниязовты құрметпен шақырды.
Қазіргі кезде Мәлк ата 83 жасқа аяқ басқан. Қимылы ширақ қария таңертеңмен малын өріске қосып, бау-бақшасын баптайды. Бүгінде ол кіндігінен тараған сегіз баласынан 24 немере, 19 шөбере сүйіп отырған бақытты ата.
Ал, Көланов Қуаныш аға туралы айналасындағылар ағайын-туысты бірлікке шақырып, бағыт-бағдар беріп жүретіндігін сүйсініп айтады. Ауданның құрметтісіне айналған ағаның ел-жер тарихын терең білетіндігі де бір төбе. Кез келген әріптес, жолдас, шәкірттің бойынан тек жақсылықты іздеп, таба білетін басшы құдай қосқан қосағы Нағима Оралбайқызымен өмірге ұл-қыз әкеліп, тәлімді тәрбие беріп отыр.
Асқаралы алпыс жасты еңсерсе де болдым-толдым демей, үнемі ізденіс үстінде жүретін Әділжан Қанағатұлының болмысы бөлек. Ол өз бойына әкенің қаны, ананың ақ сүтімен келген адамгершілік, тиянақтылық пен жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді ұрпақтарының бойына дарытуды мақсат еткен жан.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухнаи жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен шарада алдымен кеш кейіпкерлері балалық, жастық шақ, жігіттік кезедерден сыр шертіп, естен кетпес естеліктер ортаға салды. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс өткен Мәлік ата сол кездегі қиын тұрмысты үлкен тебіреніспен айтып берді. Жан-жағындағыларға үнемі қамқорлық танытып, ағалық ақылын айтып жүретін Қуаныш аға да бұл күні ағынан жарылды. Ал, заманында өзінің жастық жігері, көшбасшысылық қабілетімен көзге түскен Әділжан Қанағатұлының да айтары аз болмады.
Шарада Мәлік атайдың жасынан бірге ойнап, бірге өскен досы Кәрім Баймұратов, Қуаныш Көлановтің кластас досы, Түктібаев ауылының тұрғыны, ауылшаруашылық саласының ардагері Нұрғабыл Әбсұлтанов сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Әділжан Қанағатұлының ағасы, ауған соғысының ардагері, генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы бейнеролик арқылы інісіне деген ақжарма тілегін арнады.
Қарттармыз ұлттық салт - дәстүріміз, тіліміз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиістігін, бүгінгі жастарға туған жердің тарихын біліп, оны мақтан еткен дұрыстығын атап өтті.
Сондай-ақ, төрге шыққан кеш кейіпкерлерін достары, ағайын-туыстары, ұжымдастары, сыйлас құрбы-құрдастары да құттықтап келіп, сый-құрметтерін көрсетті. Бір-бір шаңырақтың ақылшы тірегі, асқар тауына айналған аталарына немере-шөберелері жыр-шумақтарын арнап, гүл шоқтарын табыстады.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, жас ұрпаққа өнеге болар әсерлі кешті ұйымдастырған музей ұжымына да ризашылықтарын жеткізді.
Ұ.ТАЛАПБАЕВА,
Қазалы ауданы