АУЫЛДЫҚ КІТАПХАНАЛАР ТОЛЫҒЫМЕН КОМПЬЮТЕРЛЕНДІРІЛДІ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өткен жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қоғам өкілдері, жалпы қалың бұқара жылы қабылдады. Себебі, онда қазіргі қоғам талабына сай ел болашағына бағытталған айқын басымдықтарды атап көрсетілген.
Бағдарламалық мақалада айтылған «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде», «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобалары бойынша өткен жылы-ақ Қызылорда облысында көлемді жоспар әзірленіп, жүйелі жұмыстар қолға алынды.
Рухании бағдарлама аясында атқарылған шаралар аз емес. Мәселен, Жалағаш ауданында «Рухани қазына» кіші бағдарламасының бір бағыты – «Цифрлы Қазақстан» жобасы бойынша игі жұмыстар атқарылуда.
«Цифрлы Қазақстан» кіші жобасы аясында оқырмандарға кітаптарды электронды нұсқада оқу, аса құнды сирек кітаптар мен өлкетану құжаттарын сақтау үшін кітаптардың электрондық көшірмесін жасау, жергілікті баспадан шығатын басылымды көшіру, виртуалды анықтама, веб-сайт арқылы кітапхана сайтына кіріп, қордағы әдебиеттер мен іс-шараларды қашықтықтан оқып отыруға мүмкіндік жасау жағы мықтап қарастырылды.
Осыған сәйкес ақпараттық жүйелерді қалыптастыру, жетілдіру мақсатында жергілікті бюджеттен 1400,0 мың теңге қаржы бөлініп, ауылдық кітапханалар толығымен компьютермен жабдықталды.