РУХАНИ ӨРЛЕУДІҢ ӨРІСІ
Қармақшы – Сырдың төменгі ағысындағы қойнауы тарихқа тұнған мекен. Түгел түркінің ортақ тұлғасы, желмая мініп, жерұйық өмір іздеген Қорқыт бабаның осы жерде мәңгілік тыныс табуының сыры әлі де толық ашылған жоқ. Адамзатты ғарыштың тылсым әлемімен байланыстырған әлемдегі ең алғашқы космодромның осы маңнан салынуында ғылыми негізделген терең мән бар. Жеті атасынан бері жыраулық дәстүрдің алтын тінін үзбеген, көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздар шоғыры Қармақшыны «жүз жыраудың елі» атандырғаны өзінше бір тарих. Елдік пен ерлікті, еңбек пен бірлікті жыр еткен, достық пен туыстықты ту еткен халық ата салтты алтындай сақтап, баба дәстүрін қастерлеп жаңа ұрпақ өрбітіп келеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы тарихи мекеннің рухани дамуына өзгеше серпін берді. Киелі өнерді, қасиетті орындарды қадір тұтып, қастерлеудің өзіндік жолын қалыптастырған қармақшылықтар қалтарыста қалған қазыналарды қайта жарқыратуға ден қойды. Әргі-бергідегі асылдардан қалған мұраларды түгендеп, абзал азаматтардың атын жаңғыртуды қолға алды.
Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Мажит Самитов аудандағы рухани өрлеудің өрісі туралы ойларын төмендегіше өрнектеді:
– Елбасы мақаласында айтылған мәселелерді талдау мен насихаттау барысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын, соның ішінде арнайы жобаларды іске асыру басталды. «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» атты арнайы жобаларды іске асыру жоспары талқыланып, тұжырымдамалық ұстанымдар мен қызметті одан әрі жетілдіру мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, салалық кәсіпорындарда, яғни аудандық Мәдениет үйі, Жыраулар үйі, тарихи-өлкетану музейі, кітапханалар қызметкерлері бағдарламалық мақаланы талқылау, насихаттау мақсатында «дөңгелек үстел» өткізілді.
Мәдениет саласынан «Рухани қазына» кіші бағдарламасы «Туған жер – Туған ел» базалық бағытының аясында іске асырылатын «Менің тарихым – менің мақтанышым», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» базалық жобасы аясында «Ұлы даланың мұралары», «Туған өлке мәдениеті, өнегелік құндылықтар» базалық жобасы аясында «Жауһар жыр», «Ұлттық құндылықтар – ел бірлігі» базалық жобасын жүзеге асыру аясында «Жыр керуені», «Біз таланттарды іздейміз!» атты мәдени-ағарту экспедициясы кіші жобаларын жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Елбасының бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін казақ әліпбиін латын графикасына көшіру міндетін алға қойған болатын. Ауданда латын графикасына көшу мәселесін кеңінен талқылау мақсатында әр салада дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен білім саласы ардагерлері, аудандық архив, тарихи-өлкетану музейі, халыққа қызмет көрсету және Жас¬тар ресурстық орталығында «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып, латын қарпіне көшудің маңыздылығы талқыланды.
Елбасының бағдарламалық мақаласы елдің тұтас руханиятының алдағы даму бағытын көрсетіп берді. Осы мақаладан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру тек руханият, мәдениет, білім саласының қызметкерлеріне жүктелген деп түсінсек, қателесеріміз анық. Дегенмен, жұмыстың ауқымды бөлігін осы салалардың сарбаздары атқаратыны белгілі.