ЖОСАЛЫ КЕНТІН ГАЗДАНДЫРУ ІСІ БАСТАЛАДЫ
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы С.Имандосовтың төрағалығымен қоғамдық кеңес мүшелерінің кезекті отырысы болды. Онда екі мәселе қаралды.
Бірінші мәселе Қызылорда қаласындағы жаңғыртуды қажет ететін тұрғын үйлерге жасалып жатқан жұмыстар жайлы болды. Қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаевтың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 3186,7 млн теңге бөлініп, 115 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жөндеу жұмыстары “Байқоңыр” ӘКК” ҰК” АҚ және жергілікті атқарушы орган жанынан құрылған арнайы мамандандырылған мекеме арқылы екі тетік бойынша жүзеге асырылған. 2015-2017 жылдары қайтарымды қаражат есебінен 203,5 млн теңгеге 9 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғырудан өткен. Бүгінгі күні 13 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, бірқатар үйлердің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Алайда, төлем төлеуде пәтер иелерінің салғырттық танытып жатқандығы белгілі болып отыр.
– Мамандар жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлерден қаражатты қайтару мақсатында пәтерлерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ бұған қарамастан, біраз пәтер иелері төлем жасауға асығатын емес. Осыған орай, бекітілген кесте бойынша төлемақыны мүлдем төлемей отырған 62 көпқабатты тұрғын үйдегі 1131 пәтердің иесінен 2017-2018 жылы 163,4 млн теңге қаражатты сот арқылы өндіруге арыз берілді. Қазіргі күні 787 пәтер иесінен 55 млн теңгені мәжбүрлеп өндіруге шешім шықты. Қаражатты қайтару бойынша жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады, – деді қала әкімінің орынбасары Берік Әбдіғаппарұлы.
Екінші мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов сөз алып, қаланың шет аймақтарындағы елді мекендерді, облыстың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмысын баяндады.
2013 жылдан бастап аймақта газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асуда. 2014-2017 жылдар аралығында қалаға қарасты Тасбөгет, Қызылжарма, Талсуат, Белкөл елді мекендерін және индустриялық аймақты газдандыру жұмыстарына республикалық және облыстық бюджет есебінен 3,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 197 шақырым газ құбыры жүргізілді. 2015 жылы бұл жұмыс жалғасын тауып, “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ-ның 24,7 млрд теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламасы аясында 4 аудан орталығы және Байқоңыр қаласы газдандырылған.
Нәтижесінде 5 автоматтандырылған газ тарту стансасы және 1,3 мың шақырым газ құбыры жүргізілді. Қуанарлық жайт, жобалардың жүзеге асуы мен облыстың газдандыру үлесі 34 проценттен 63 процентке дейін көтерілсе, Қызылорда қаласын газдандыру үлесі 95 процентке дейін ұлғайып отыр.
– Бүгінгі күні басқарманың басты міндеттерінің бірі – Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек аудандарын газбен қамту мәселесін шешу.
Жосалы кентіне арналған АГТС құрылысы өткен жылы басталған, биыл 18-мамырда аяқталды. Ал Жосалы кентіне кварталішілік газ құбырының құрылысын маусым-шілде айларында бастауды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, Сырдария мен Жалағаш аудандарына арналған АГТС орнату жобасына республикалық және облыстық бюджеттерден осы жылға 1,2 млрд теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жобаның құны 3,2 млрд теңгені құрайды, – деді Е.Жоламанов.
Шара соңында баяндамашыларға кеңес мүшелерінің тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Оның ішінде тұрғын үйлерге жүргізілген жаңғырту жұмыстарына көңіл толмайтындығы, сапаның төмендігі мен есептегіш құралдардың жұмыс жасамайтындығы сөз етілді.
Сондай-ақ, жөндеу жұмыстары барысында құрылған комиссия құрамына партия және ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның белсенді мүшелерінен өкілдер енгізуге ұсыныс жасалды.
М.ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ