ӘРБІР БАСТАМА БАҚЫЛАУДА
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастырумен қаламыздағы «Достық үйінде» «Қазақстан-2050 Демократиялық күштері» аймақтық коалициясының кезекті отырысы өтті.
Оған коалиция мүшелігіндегі партия жетекшілері мен белсенділері, ҮЕҰ өкілдері, белсенді жастар мен БАҚ өкілдері қатысып, Елбасы ұсынған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағыттарының облыста жүзеге асуын талқылады.
Қызылорда облысында 5 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға толықтай негіз бар. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекет саясатының басты ұстанымы екенін, әрбір бағыттың орындалуын Елбасы «Нұр Отан» партиясына тікелей бақылауды тапсырғандығын айтты.
– Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау үшін республикадан бастап, барлық өңірлерде қоғамдық кеңестер құрылды. Өңірлердегі кеңестер құрамына саяси партиялардың аймақтық өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар және сарапшы мамандар мүше болды. Бұл кеңестер Елбасы бастамаларының уақытылы әрі сапалы орындалуына жалпыхалықтық бақылауды қамтамасыз етіп, қоғамдық мониторинг жүргізіп, оны тұрақты бақылайтын болады. Сондай-ақ, бағдарламаның орындалу барысы туралы халыққа ақпарат беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады, мәселелерді анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын ұсынатын болады, – деді Ибадулла Құттықожаев.
Жиын барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Шынтасов жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырудағы атқарылған жұмыстарды баяндап, жатақханалар жайымен таныстырды.
Бүгінгі таңда облыста техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асыратын 30 колледж бар. Алайда, мемлекеттік 16 колледждің бесеуінде жатақхана жоқ, біреуіне қосымша жатақхана құрылысын салу қажет. Сонымен бірге, 14 жекеменшік колледждің алтауында жатақхана жоқ. Хабарламашы жалпы жатақханаға қажеттілік 1525 орынды құрайтынын, бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде шешу қолға алынып отырғандығын атап өтті.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов шағын несие беруді көбейту жұмыстарына тоқталды.
– Биылғы жылды біз облыс әкімінің қолдауымен «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялап, жалпы бюджеті 32 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлікті дамытудың «Жол картасын» бекіттік. Соның ішінде, «Стартап» жобаларға 3 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Бұл кемінде 500-ге жуық жобаны несиелендіруге мүмкіндік береді, – деді ол.
Коалиция өкілдері әрбір бастамаға қатысты жұмыстарды күшейту бағытында өз ойларын ортаға салып, тиісті ұсыныстарымен бөлісті.
Ш.БЕКБАН.