ЕРЛІКТІҢ ҰРАНЫ, ЕЛДІКТІҢ НЫШАНЫ
Республикалық инспекциялық топ жүргізген тексеру жұмыстарының қорытындысымен облыстағы Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен пайдалану жай-күйіне оң баға берілді. Сонымен қатар, өңіріміздегі Мемлекеттік рәміздердің базасын қалыптастыру мен патриоттық тәрбиелеу бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарды басқа облыстарға тәжірибе ретінде ұсынбақ. Бұл туралы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Отырысты ашқан Қызылорда облысының әкімі, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев мемлекеттің егемендігі нышандарының оның әд\лемдік имиджін қалыптастырудағы ерекше маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздер - еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін әлемге танытатын әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Әлемде 7000-нан астам ұлт болса, олардың басым көпшілігінде өздерінің салт-дәстүрі мен тұрмыс тіршілігінен хабар беретін нышандары жоқ. Ал, біз ширек ғасырдың ішінде өз Тәуелсіздігімізді жариялап, мемлекеттігімізді айқындайтын ұлттық нышандарымызды қабылдадық. Мемлекеттік рәміздер өзінің болмысымен, мазмұнымен әрбір азаматтың туған еліне деген отаншылдық, патриоттық рухын асқақтатады», - деді аймақ басшысы.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының м.а. Гаухар Исмаилова облыстық мекемелер мен ұйымдардағы мемлекеттік рәміздердің жай-күйі туралы баяндап берді.
«Ағымдағы жылғы 14-18 мамыр аралығында облысымызда Мемлекеттік рәміздердің қолданылуына Республикалық инспекциялық топ тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру қорытындысымен, облыстағы Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен пайдалану жай-күйіне Республикалық инспекциялық топ тарапынан оң баға берілді. Сонымен қатар, өңірімізде «Жас Отан» жастар қанаты жанынан құрылған «Жас патриот» еріктілер тобының жұмысын, кемшіліктерді жою мен оларды қалпына келтіру мақсатында БАҚ-тар мен әлеуметтік желілердегі және облыстағы Мемлекеттік рәміздердің базасын қалыптастыру бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарымызды басқа облыстарға тәжірибе ретінде ұсынбақ», - деп мәлімдеді Гаухар Исмаилова.
Сондай-ақ, басқарма басшысының м.а. бірқатар мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздердің шеті сетінеп, түсі өңген және өзге де кемшіліктер орын алғанын хабарлады.
Комиссия отырысының қорытындысымен облыс әкімі Қ.Көшербаев мемлекеттік орган басшыларына анықталған кемшіліктерді жойып, нәтижесін ішкі саясат басқармасына баяндауды тапсырды.