ТІЛ БІЛІМІНЕ КІРІСПЕ» ОҚУЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

Осы жұмыспен тікелей айналасып жатқан «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қазіргі күні 18 оқулықты жарыққа шығарып үлгірді.
Солардың бірі – «Тіл біліміне кіріспе» оқулығының 2014 жылғы оныншы басылымы. Оқулық авторлары – Виктория Фромкин, Роберт Родман және Нина Хайамс. Кітап – кіріспеден, 12 тараудан және арнайы глоссарийден тұрады. Әрбір тарау соңында қорытынды, қосымша оқуға арналған әдебиеттер тізімі, теориялық материалды өз бетінше игеруге арналған жаттығулар берілген.
Аты айтып тұрғандай бұл оқулық болашақ филолог мамандарға тіл білімі, оның зерттеу нысаны, салалары, қазіргі даму қарқыны мен жаңалықтары, негізгі проблемалары туралы алғашқы мәлімет беретін құрал болып табылады.
Елімізде мұндай оқулықтар бұрын тек орыс тілінде ғана болды. Кеңес заманында қазақ тіліне аударылғаны бұл күнде теориялық жағынан да саяси-моралдік жағынан да әбден ескіріп, тозығы жеткен еді. Дегенмен еліміздегі жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті және қазақ филологиясы мамандықтарында әлі де қолданып жүрген Кәкен Ахановтың «Тіл білімінің негізері», Төлеубай Қордабаевтың «Жалпы тіл білімі» оқулықтары осы пәннен сабақ беретін профессор-оқытушылардың арқасында осы заманға лайықтандырылып, толықтырылып амалсыздан пайдалануға ұсынылып жүр еді.
Міне, аталған жаңа оқулықтың қазақ тіліне аударылуы осы олқылықтың орнын біршама толтырғандай болып отыр. Толық толтырды, қанағаттандырды деп айтуға болмайды. Өйткені бұл мәселенің бір қана қырын қамтитын бар-жоғы бір ғана оқулық. Қанағаттанушылық лингвистикалық ілімді өз ана тіліміздің материалы негізінде түсіндіріп, қазақы ұғыммен бергенде болуы мүмкін. Әрине, ондай күнге де жететінімізге сеніммен қарайық.
Ағылшын тілінен аударылып, оқырманға ұсынылып отырған оқулықтың ауқымы өте кең. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 12 тараудан тұратын бұл оқулықта тіл білімінің негізгі салаларымен қатар, салыстырмалы талдаулар да көп берілген. Кітап негізінен ағылшын тілінің грамматикасын қамтиды. Сондықтан оқулық бірінші кезекте шет тілі филологиясында оқитындарға, ағылшын тілін үйренушілерге таптырмас құрал. Ол сондай-ақ тіл білімінің жалпы теориясынан, тілдің табиғаты мен өзіндік жүйесі, даму заңдылықтарынан т.б білім алушыларға да терең ғылыми мәлімет беретін ақпарат көзі болып табылады. Сондықтан оқулық оқытушылар мен жалпы тіл біліміне қызығушылар үшін пайдалы болмақ.
Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықтың әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылатындығына ерекше қуаныштымын. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі, рухани жаңғыруымыздың басы. Дегенмен, асығыстыққа бой алдырып жатқандаймыз. Олай дейтінім – осы 100 оқулық қазіргі орыс-қазақ әліпбиі – кирилл жазуында емес, төл дыбыстырымыздан жасалған лингвистикалық егемендігімізді танытатын жаңа төл әліпбиімізде басылып шықса, мемлекеттік тілдің беделі артып, қолданыс аясы кеңіп, абройы асқақтар еді. Халықтың жаңа әліпбиді тез меңгеруііне өз септігін тигізер еді.
А.АБАСИЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
қауымдастырылған профессоры