ЧЕМПИОН
– Ассалаумағалейкум, – деп есіктен еңгезердей алып тұлғалы, зор денелі кісі кіріп келді. Екі иығына екі кісі мінгендей жанды бұрын-соңды көрмесем де тегін адам емесін ұқтым. Көзілдіріктің арғы жағынан бетіме аздап үңілді де «қай баласың?» деп жаныма жайғаса кетті.
Жөнімді айттым, тегімді айттым, әйтеуір танысып, емен-жарқын шүйіркелесе кеттік. Ал мен ол кісіні танымағаныма ұялдым. Жатсынбай қолындағы отыз бес медальдің әрбіріне тоқталып, тарихын айтып жатыр.
Иә, бұл кісі Қармақшы топырағында талай спортшының бағын ашып, даңғыл жолға түсірген, атақты спортшы Жарболсын Құндақбаев болатын.
Тағдырдан теперіш көріп, жақындарынан айырылған ағаның сонда да сағы сынбай, жалғыз қалса да күрескерлігін тоқтатпағаны бойыма бір алапат күш ендірді.
– Мен қарапайым жұмысшылар отбасында өмірге келдім. Атадан қалған жалғыз тұяқпын. Шамамның келгенінше шаң шығарып, талай жарыстарда болдым. Белдесіп, жеңіске де жеттім, – деп бастады әңгімесін Ж.Құндақбаев.
Мойнындағы отыз бес медальдің салмағы басын төмен идіріп, белін майыстырғаны болмаса, әлі де болса, талайдың көкесін көзіне көрсетер күш бар.
1939 жыл еді... Екінші сәуір. Осы күні ол қасиетті Қармақшы топырағында жарық дүниеге қадам басады. Шекесі торсықтай ұлдың болашақта жауырыны жерге тимеген балуан боларын ешкім тап басып айта алмаған еді. Жастайынан қатарынан оза шауып, қашанда бірінші болуды мақсат еткен ол күрес спортына 9-сыныпта келді. Оған дейін ебі барын білсе керек, қақпақ жауырын, апайтөс бозбала талай спортшының аяғын аспаннан келтірген.
– Аудан орталығындағы №26 мектептің 9-сыныбында оқып жүргенде елге Қапыш Пірімжанов деген бапкер келді. Бізге таңсық дүние келсе, құмартатын қазақпыз ғой. Ә дегеннен үйірмеге үйірілісе кеттік. Ішінде мен де бармын. Әдепкіде 30 бала қатыстық, кейін соның оны ғана қалды. Қалғанымыз қолдан күрес алаңын салып, айқасып, өзара шыңдала бердік. 1957 жылдың наурызында Мәскеуде үлкен сайыс болды. Сонда қарсыласты шақ келтірмей бас жүлдені қанжығаға байлап қайттым. Бұл – менің алғашқы жеңісім еді, – деді өткен шақтың көмескі бейнесін көз алдынан сырғыта өтіп Ж.Құндақбаев.
Сол жылы мектептен түлеп ұшқан соң жан-жаққа жұмысқа жегетін сол кездегі бастаманың аясында елдегі жылжымалы механикаландырылған колоннаға токарь қылып жібереді. Зауытта кілең жастар. Қашан да жұмысқа ынталы, өзгеден ерек, басқадан бөлек болмыс иелері бірден көзге түсері анық. Механикалық зауыттың директоры Жарболсын Құндақбаевты шақырып алып:
– Сенің бойыңдағы талантың ерекше. Мына іштегі жігіттерді дайындайтын жаттықтырушы бол. Жастарды спортқа баулы, – деп сенім артады.
Әлбетте, спорт десе ішер асын жерге қоятын елгезек жасқа басшының тапсырмасы бұлжымас заңдай еді. Білек сыбана іске кірісті де кетті. Бұл 1958 жыл еді. Күндіз-түнгі үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде зауыт құрамасының шығар шыңы биік болды. Әрбір сайыс сайын шыңдалып, тасы өрге домалай бастады. Жігіттер алдымен ауданда биік тұғырға шықса, одан соң облыста топ жарды. Жеңіске масаттанып, мастанған жоқ. Өйткені, бұл – еңсерер жетістіктің басы ғана еді.
– Өздігімнен үйренген дүниемен мұнан артық биікті бағындыру, бағындырмауым екіталай еді. Әлемде «менмін» деген алыптардың тәлімін алсақ, ары қарай алар асуымыз асқақтай беретініне сендім. 1964 жылы Ашхабадтағы спорт техникумына қабылдандым. Самбоның шебері болып, 1967 жылы бітірген бойдан Мараға жіберді. Кейін әкем ауырып, елге қайтуға тура келді, – деген ардагер спортшы бір сәт үнсіздікте терең ойға берілді де әңгімесін қайта жалғады.
– Елге қайтайын десем, техникум басшылары жібермейді. Түрікмендер маған өкпесін айтты. «Біз сені оқыттық, тәрбиеледік. Тым құрыса бір жыл бізге қызмет ет. Шәкірт баулы. Әкең мен отбасыңды осында көшіріп әкел. Біз бар жағдайыңды жасаймыз. Ал егер көнбей, кетемін десең, есік ашық. Бірақ дипломыңды бермейміз» деді. Екі оттың ортасында қалғандай болдым да, ауылға қайтуға бел будым. Сөйтіп, үш жыл оқып, дипломсыз елге қайттым, – деді жылы жымиып.
Өйткені, оны ауру бойын дендеген әке мен сүйген жары тосып отырған-ды. Отбасын тастап, ел кезіп жүре беруге де болмас. «Есің барда елің тап» деп «Қармақшым, қайдасың» деп тартып отырады. Әлбетте, дипломды алып қалса да бойдағы дарынын, үйреткен тәлімін алып қала алмас. Мұның өзі үлкен мектеп. «Дариға-ай, көркем, туған жер» деп, пойыздың терезесінен атамекеннің ыстық лебін сезініп, бойын сағыныш билеп, алып-ұшып елге келеді.
– Елге келген соң баяғы зауытыма жұмысқа орналас¬тым. Құдай-ау, барлығы таласып қалғаны қызық болды. Аудандық білім бөлімі іздепті. «Жарболсын келіпті» деген хабар жан-жаққа тарап кетеді емес пе?! Ауыл алақандай. Бір күні зауыт директорына ауданның хатшысы Жанпейісов хабарласып: «Жарболсынды бізге жібер. Нақ керек маман», - дейді.
Директор қойсын ба, «ол маған да керек» деп жауап қатады. Сөйтіп жүріп, хатшы шақырып алды. «Ауданнан спорт мектебін ашу керек. Елден спорттың қыр-сырын білетін жан таппай отырмыз. Өзің керексің» деді. Әлбетте, өзіңнің мына қоғамға керек екеніңді сезінгеннен артық бақыт бар ма?! Директордан рұқсат алып, аудандық білім бөліміне тартып отырдым. Сөйтіп, 1968 жылдың 1-қыркүйегіне балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін аштық, – деді сол бір керемет шақты еске алған ардагер.
Қармақшыда спорт мектебін ашуын ашты-ау, бірақ маман қайда? Осы ретте Жарболсын Құндақбаевтың бұрын өзі баулып, үйреткен шәкірттерінің қажеттілігі туды. Осылайша Қармақшы ауданында қазақ күресі, еркін күрес, классикалық күрес түрлерінен спортшылар тәрбиелене бастады. Саланы ұршықша иірген ағамыз басшылықтың көзіне түсіп, 1970 жылы аудандық спорт комитетінің председателі болды. Көп ұзамай Жалағаш пен Қармақшының комитеттерін біріктіріп, көпшілік таңдауы тағы да Жарболсын Құндақбаевқа түседі. Қара күш иесі бұл жолы қос ауданның спорт саласын бірдей басқарады. Егіз ұлды құшағына қысқан анадай екеуіне бірдей қарап, саланы дамытуға аянбай тер төгеді. Алайда, баяғы өзі ашқан спорт мектебі Жарболсын Құндақбаевқа қарайлап қалады. Білім ұясы әскерден баласын күткен әкедей «қашан келер екен» деп жәутеңдеп жолға қараса керек. Басшылық демде дұрыс шешім қабылдап, «үйренген жау атыспаққа жақсы» дегендей Жарболсынның өзіне құйып қойған алтын тақтай баяғы спорт мектебін басқаруды ұсынады. Үйреншікті орынға келіп, өзінің сүйікті ісіне қайта орнықты.
– Спорт мектебін 20 жылдай басқарыппын ғой. Сол жылдары талай шәкіртті қыранның томағасын сыпырғандай биікке ұшырдық қой. Қазір шүкір. 1994 жылдан бастап зейнеттемін. Шәкірттерім құрақ ұшып жүреді. Ең басты айтатыным, елде жүрген Серік Құлмырзаев деген азамат. Ұстазын ұлықтап жүрген мұндай тұлғаларға құрметім шексіз, – деді балуан.
Иә, ол 1994 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Мойынға таққан медальдар саны енді бұрынғыдан бетер арта түсті. Енді балуандықтан бөлек, гір тасын көтеруді қолға алды.
– Үйде зейнеткермін ғой. Ауық-ауық теледидар тамашалап, сыртқа бой жазып шыққаннан басқа не істейсің?! Бір күні теледидардан гір тасын көтеруден сайыс ұйымдастырылып жатқаны жайлы айтылды. Өткізіп алдым. Келесі қайталағанда мекен-жайын жазып алып, шәкіртім Серікке хабарласқанмын. Ол да көріпті. Екеуміз бір-бірімізге серік болып хат жаздық. Минскіден шақырту жауап келіп, екеуміз тартып отырдық. Рақмет, аудан әкімі және марқұм Қылышбек Әбішев бауырымыз көп көмектесіп, жолға шығарып салды. Біз солай Минскіге тартып отырдық, – деп зейнеттен кейінгі спорттық өмірден сыр тартты.
Әр елден келген мықтылар арасында үш қазақ болыпты. Олар шықса басқалар «моңғолдар келе жатыр» деп жол беретін көрінеді. «Күш атасын танымас» деп ортада гір тасын көтеруден сөйтіп қармақшылық екі саңлақ топ жарып, тіпті Гиннес рекордтар кітабына енген екен.
Мұнан соң Жарболсын Құндақбаев әлемді аралап жүріп, 14 мәрте әлем чемпионы атанды. Ресей чемпиондығын төрт рет иемденді. Еуропадан үш рет үздік атанды. Азиядан бір мәрте таудай белесті бағындырды. Минскіден, губернатордың екі мәрте чемпиондығына қол жеткізген тұлға Геннис медалін тағынып, Витевск қаласының, Белоруссия олимпиадасының, Ушаков атындағы турнирдің, Ломоносов атындағы спорт сайысының жеңімпазы болып, әлемде аңыз болып аты аталып жүр.
Міне, талай жылдан бері спорттың бірнеше түрінен жауырыны жерге тимей, қарсыласын шаң қаптыра білген қаһарман бұл күнде ардақты ардагер. Аудан жұртшылығы сый-құрметпен қарайды. Алтын медальдарын сұқтанған көзден сақтаумен жүр екен. Көз алартқан талайлар оңай олжаға батқысы келетін көрінеді.
Әлбетте, маңдай термен келген еңбектің қадірі ешуақытта қашпайды. Сөз соңында бір мәрте терең күрсініп алды. «Менің ең зор жетістігім – шәкірттерімнің шыққан шыңдары», - деді менімен қоштасып жатып.
Кейіпкеріме сексеннің сеңгіріне шығуға бір қадам қалыпты, «Алла ұзақ ғұмыр берсін!» деп қала бердім.
Иә, ол нағыз чемпион...
Дәулет ҚЫРДАН,
Қармақшы ауданы