«БӨРІОЙНАҚТЫҢ» БИІГІ
Дана жұртымызда «Туған жерге туыңды тік!» деген нақыл сөз бар. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Яғни, кез-келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керек. Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті.
Ал туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал.
Әңгіме үстінде біз жүріп келе жатқан жол Бөріойнаққа, Әптан ағаның үйіне бастап әкелді. Темір жол жағасындағы төбенің етегіне тоқтадық.
– Бөріойнақ төбесі осы, – деп Ғалымжан биікке қарай емпеңдей көтерілді, мен артынан еріп келемін. Көзге жатаған көрінгенімен көз жететін жерді түгел шолуға болатын кәдімгідей биік екен.
– Осы жерде бұрындары, мен өмірге келген 1962 жылға дейін 50-60 қаралы үй тұрған. Анау үйіліп жатқан кесектер біздің Пішән атамыз тұрған үйдің орны. Інім Әжібек сол үйде дүниеге келген. Ал, әне-еу жолдың арғы бетіндегі шоқ талдың түбінде Пішән атамыздың кейінгі салған төрт бөлмелі үйі болған. Сол талдар көкемнің қолымен егілген талдар. Біздің балалық шағымыз осы жерде өтті, сол үйде тұрдық. Мына төбенің басынан сырғанақ ойнайтынбыз, – деді Ғалекең өткен күндер көз алдында тіріліп шыға келгендей, даусы қарлыға сөйлеп.
– Бұл өлкені неге Бөріойнақ деді екен? – деп мен төбе басындағы әңгімені биіктете түстім.
– Бөрі де кез келген жерге ойнақ салмайды. Әйтеуір осы төбенің басы ел қоныстанбай тұрғанда бөрілер мекені болған сияқты. Үлкендер солай дейтін. Енді Әптан ағаға жолығайық, – деп Ғалымжан төбеден түсе берді.
Жасы елу бестегі ел ағасының төбеден құлдырай түсіп бара жатқаны сырғанақ тепкен жеті жасар баланы елестетті. Шынында мен оның кеудесіндегі сағынышты көріп тұрғандай едім. Сағыныш деген осындай болады екен ғой, әп-сәтте салмақты адам мақтадай жеңілдеп, екі қолын қанат қылып ұша жаздады.
Ғалымжанның Әптан деп отырғаны – Әбдіғаппар аға. Ата-қонысын егесіз қалдырғысы келмеген Әптан азын-аулақ малын осы жерде ұстап отыр екен. Өзінің көңілі баладай, кеудесі даладай кісі екен. Бөріойнақтың биігінен төмен қарай тартқан пәуескедей қоңыраулап сөйлегенін қағазға сүйкеп үлгере алмағасын, тыңдауға көштім.
– Бұл жерде 70-жылдарға дейін ауыл болды. Ел кеткесін Бөріойнақ көшкен жұрт болып қалмасын деп Пішән көкеміз қоныс аудармай отырды. Туған топырақтың қасиетін сезінгені ғой. Мен де сол жолмен осы жерден үй салып қойдым. Негізі үйім Жаңақорғанның өзінде, бірақ Бөріойнаққа келсем тынысым ашылып, көңілім шалқып кетеді. Сол аталарымыздың аруағы көтеріп тұратын секілді.
Біздің ата-бабаларымыз осы жерде өсіп-өнген. Байлықты да, батырлықты да ұстаған. Патша өкіметі тұсында темір жол түсті де, мал жайымен ғана жүрген біраз жұрт осы салада жұмыс жасай бастады. Біздің әкеміз де теміржолшы. Ол кісілердің өкімет жұмысын өз басынан жоғары қоятын қасиеті ғана жоқ бізде. Өйткені, қазір әркім өз күнін өзі көреді, өз кәсібін нәсіп қылады.
Баяғыда Сапар деген атамыз болған. Сол кісінің інісі Шүкән көкеміз Жаңақорған темір жол стансасының бастығы, ал, баласы Машай көкеміз соғыстан кейінгі жылдары Жаңақорған ауаткомында қызмет еткен. Елуінші жылдардың өзі елдің қарны тоймаған заман. Ет болса, қамыр жоқ, нан болса, қант жоқ бір уақыт қой.
Бір күні Жаңақорғаннан Шүкән мен Машай көкеміз Бөріойнақтағы бірі ағасының, бірі әкесінің жағдайын білмек болып, ауылға келеді. Қолдары ұзын адамдар, бір қалта құмшекер ала келіпті. Ол кезде құмшекер дегенді көрмеген адамдар бар. Шал қуанып қалсын, тәттілеп шай ішсін дегендері ғой. Сөйтсе, Сапар атамыз:
– Екеуің бірдей ауылға келіпсіңдер, ауданды кімге тастадыңдар? Мен сендерден құмшекер сұрадым ба, бар жұмыстарыңды істеңдер, – деп ұрсып жіберіпті. Міне, қандай кісілер?! Қоғамның мүддесін өмірінен артық көретін осындай әкелеріміздің арқасында мына мамыражай заманның орнағанын біз білсек те, кейінгілер біле бермейді.
Мынау өзіңмен бірге жүрген Ғалымжанның әкесі Мампаев Алғашбек көкеміз де сондай, жұмысқа жанын жалдаған адам. Ылғи темір жолдың бойында жүретін. Біз ес білгелі ол кісіні темір жолдың жағасынан көрдік. Өмірінің соңына дейін сол қалпынан айныған жоқ.
Бүгінде Шүкән көкеміздің баласы Дәрібек, Машай көкеміздің баласы Жантөре, Машай көкеміздің інісі Ділдабек көкенің баласы Бектөре әкелерінің берген тәрбие-өнегелерімен сыйлы өмір сүріп жатыр. Ағайын дегенде атын түсіп беруге бар, осы елдің тілекшілері.
Болатбек атамыздың інісі Үсен деген көкемізден тарайтын Бексұлтан мен Нұрсұлтан да көпшіліктің ортақ ісіне барын салатын ағайыншылықтарын танытып жүреді. Үсенов Дамир – кәсіпкер, Үсенов Бекзат – полковник, екеуі де елге танымал азаматтар. Ата-бабамыздың топырағын иіскеуге келдік деп Бөріойнаққа сәлем беріп тұрады, әулиелердің басына құран оқытады.
Жаңа айттым ғой, аталарымыздың жақсы қасиеттерінің бәрін бойымызға тоқығанбыз деп, соның бірі – қонақжайлылығымыз. Әншейін айтып отыр деме, қона жатсаң түйе соймасам да, бие соям.
Жазушы болсаң, осы әңгімеңде біздің тұлғалы аталарымыздың аты тұғырда тұрғандай тұрсын, ол балаларымызға үлгі болсын. Алғашбек көкелеріміз біз айтып отырған аруақты аталарымыздың ізі, асылдардың көзі еді. Біз сол кісілердей бола алмаспыз, бірақ олардың қандай еңбеккер болғанын білеміз. Иманым да, жиғаным да кейінгі ұрпағыма бұйырсын деп рахат іздемей, жанын күйттемей өмір кешті, жарықтықтар.
Әптан ағаның әңгімесінен соң біз Жаңақорған кентіне қарай бет түзедік. Ирелеңдеген айдау жол қайда қашарын білмей жөңкілген күйі жүрдек көліктің астына тығылып жатыр. Арамыз алыстаған сайын Бөріойнақ бірте-бірте биіктей берген сияқты сезілді. Биігіне мың ғұмырдың сырын бүгіп алған алып төбе артымнан еріп келе жатқандай қалың ойдан арыла алмадым.
Ойыма түркілер көк бөріні қасиетті санайды деген ұғым түсті. Өйткені, бөрілер еркіндікті сүйеді. Қу жаны үшін ешкімнің табанын жаламайды. Төбенің басына шығып, айға қарап ұлып, «О, тәңірім, мен өзіңнен ғана медет күтемін» дейді екен деп келетін аңыз-әңгімелер бар. Қазақ аталарымыздың бөрілі байрақ көтергені тегін бе еді. Себебі, бостандықты бөріден артық бағалайтын мақұлық жоқ. Аң патшасы арыстан да қолға үйренеді. Бір тамағы үшін бағынады, жаны үшін жағынады. Бөрі үйренбейді, оған адамның қолынан қарын тойдырып тұтқында отырған қорлық, өлімнен күшті. Бөрі мен қасқырдың тұқымы да екі бөлек.
Бөрі – тұқымы таза жыртқыш. Қазақ әркіммен арпалысқан адамды «қасқыр» дейді, онша жаратпағаны. Ал, әрі күшті, әрі мәрт жігіттерді «ой, бөрім!» дейді, жақсы көргені. Егер мына жер Бөріойнақ аталған болса, осы жерде бөрілер мекен еткен болса, бұл расында, тегін жер емес.
Бұл жердегі тіршілік көтеріле көшіп кетсе де, өткен ғұмырдың өшпес белгісіндей болып Бөріойнақ төбесі қалыпты. Оның әлі қанша ғасырға куә болатынын келер ұрпақ көреді.
Біз ол кезде қайдамыз?..
Д.АЯШҰЛЫ