СЫР ӨҢІРІНДЕГІ КИЕЛІ ОРЫНДАР: КЕСЕНЕЛЕР ҚАСИЕТІ
Бұл кезеңге жататын Қызылорда облысы аймағында бірнеше жүздеген қасиетті орындар бар. Соларды қысқаша талдап, алдыңғы зерттеулерге тоқталсақ.
Мемориалды-ғұрыптық құрылыстардың (туыстық қорымдар (молалар) және ірі туыстық жерлеу қорымдары) Арал маңындағы малшы-көшпенділердің индикаторы ретінде тарихи маңызы зор. ХІV-ХVІІ ғасырларда қазақ халқының ғұрыптық сәулет өнері: тастан жасалған, қамкесектен және күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кесенелер, «төртқұлақ» түріндегі қоршаулар, саркофаг-жәшіктер, бағана тастар (құлпытастар) және т.б. мемориалды-ғұрыптық кешеннің қалыптасуына негіз болды.
Ғұрыптық құрылыстардан Ақтас, Балдық және Қалжан ахун мешіттері қызығушылық тудырады. Ақтас мешіті Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы монументалды-күмбезді құрылыс болып табылады. Мешіттің ғимараты күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, негізгі жоспарында шаршы пішінді болып келеді. Қазіргі кезде ғимараттың ішкі көрінісіне өзгерістер енгізілген.
Сырдарияның төменгі ағысындағы белгілі Қалжан ахун мешіті өзі қайтыс болғаннан кейін жанұялық қабірге айналған. Ескерткіш – зор көркемдік және тарихи маңызға ие.
Дала күзетшісі секілді алыстан мұнарланып тұратын мұнаралар Сырдың төменгі ағысы аймақтарында ғана кездеседі. Олардың саны 50-ге жуық. Мұнараларға ғылыми-зерттеулер жүргізген архитектор Э.Байтенов оларды тек Сыр өңіріне ғана тән екендігін айтады. Бегім ана, Сараман Қоса және Ұзынтам мұнараларын бүгінде халық киелі санап кеткен.
Сырдың ежелгі арналары Іңкәрдария мен Жаңадария бойында қарахандар дәуіріне жататын ерекше сәулет өнерінің туындылары орналасқан. Іңкәрдария Сырлытамы мен Жаңадария Сырлытамы кесенелері Сыр бойындағы күйдірілген кірпіштен салынған ғұрыптық құрылыстардың сақталған алғашқы үлгілері болып табылады.
Ортағасырлық кесенелер қатарында – Оқшы ата, Асан ата, Жүніс ата, Қасым ата кесенелерінен сәулет өнерінің ерекше белгілерін байқауға болады. Алғашқы екі ескерткіш Сырдарияның төменгі ағысындағы (ХІ-ХІІ ғасырлар) тұңғыш мұсылмандық кесенелердің қатарында және құндылығы жағынан зор маңызға ие. Қызылордадан Сығанаққа барар жолда орналасқан бұл ірі қорым оғыз-қыпшақ дәуірінің пантеон десек те болады.
ХVІ-ХХ ғасырдың басындағы кесенелер тобы күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, Сырдарияның төменгі ағысы бойына ислам дінін әкелген араб дін таратушыларының ұрпақтарымен байланысты – Мүлкәлән (Молда-калан), Қорасан ата, Қылышты ата, Асанас ата, Қожан Қожа, Сүнбибі (Шынқыз әулие), Құлболды ишан, Айқожа ишан, Қарасопы кесенелерін атауға болады.
Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы алғашқы ғасырлармен байланысты ескерткіштер – атап айтсақ, найман тайпаларының негізін қалаушылардың бірі Төлегетай ата кесенесі. Қамкесектен тұрғызылған ғұрыптық қоршаулар Алатағы қорымы мен Белең ана, сондай-ақ атақты мерген Байғана кесенесі, Бөрібай батыр және Бесқыз қорымындағы (Бестам) кесенелер де ерекше сәулет өнерінің туындылары. Олар Сарысу өзенінің төменгі ағысы мен Телікөл (Телекөл) көлінің маңайында орналасқан.
ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын кесенелер зиратхана (тілеухана) – ғұрыптық іс-әрекеттерге, Құран және намаз оқуға арналған бөлмесі бар кесенелер тобы Сарысу өзенінің төменгі ағысы мен Телікөл (Телекөл) көлінің маңайында ғана кездеседі. Бұндай кесененің композициясынан осы өңірге тән қазақ кесенелеріндегі екі камералы құрылысты архитектуралық нұсқаның қалыптасқанын көреміз. Оның жоғары деңгейдегі көркем үлгілері Құлтан, Мұқылтам (қазіргі кезде сапалы жөндеу жұмыстары жүргізілді), Ахмет ишан, Ақтай кесенелері.
Сарысу өзенінің төменгі ағысындағы мемориалды қоршаулар соның ішінде Шағатай қорымындағы қоршаулар. Осы құрылыстарға тән ерекшелік-ескерткіштердің жоғары деңгейдегі тепе-теңдігі (тіпті біреуі қисық сызық сұлбалы болып келген құрылыспен жабылған). ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын күйдірілген кірпіштен соғылған қоршаулар осы аймақта анықталып, зерттелді. Олар Бәтеш тамы, Едігенің мемориалды қоршауы, Сарымола (Қызылмола) екі қоршауы.
Қызылорда қаласынан батысқа қарай, қамкесектен тұрғызылған қазақтың күмбезді ескерткіштері қызығушылық тудырады. Олар әртүрлі композициялық тақырыптағы Көтібар батыр кесенесі, Қосүйтам деп аталатын (Нияз және Мәмбетбақи), Пұсырманбай (ішінде араб графикасында жазылған бедерлі жазуы бар құлпытас орналасқан), Байсалбай, Жеңістам (Жиенес), Жылкелді, Толыбай батыр кесенелері.
Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған Сарлыбай, Келімбет және Құттыбай кесенелерінің ерекшелігі – күмбезінің нақышты, әдемі болуында. Күмбездің сапалы қаландылары ішкі жағында айқын көрінеді, тегіс қатарлы қаландылар күмбезасты құрылыстармен үйлесе қиюласқан. Олардың арасында көркемдік мол безендіруге ие Құттыбай кесенесі.
Мавзолейлер сыртқы фасады өте бай безендірілген және өзіндік сипаты бар күмбездерімен ерекшеленеді. Мысалы, Құттыбай мавзолейіндегі кірпіштен қолдынылған безендірілу элементтері, бүгінгі таңда осы өңірдегі ұста-шеберлердің ағаштан жасалған түрлі композицияларында орын алған.
Бастауын ежелден алған, XVIII ғасырдың аяғы – XIX ғасырға жататын, өзіндік архитектуралык ерекшелігі бар қазақ мавзолейлері, мешіттері және мұнаралары Орта Азия және Қазақстан архитектурасында ғылыми қызығушылық туғызып отырған қазақ халқының ерекше архитектуралық туындылары Сырдың қасиетті жерлерінің географиясын байыта түсері сөзсіз.
Ежелгі дәуірлерден өркениет ізі өшпеген Сырдың бойы әр төбесі қасиетті жер болып табылады. Сыр бойының қасиеттті жерлерін зерттеу Сыр халқын, оқушылар мен жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және өлкеміздің тарихын мақтан ету, мұраларымызды қастерлеуге игі әсерін тигізер еді.
/соңы/
Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
«Археология және этнография»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.
Шахизада ЕРГЕШ,
И.Панфилов атындағы
№5 мектеп-лицейінің оқушысы