ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

Ел аралас, қой қоралас келетін Киров совхозы мен біздің ауыл құдандалас келетін. Әлі де сол үрдістен жаңылған жоқ. Жұртшылықтан сұрастырып біліп отырамын, кейде өзі де «осындай тірлікті бастадым» деп ойымен де бөлісіп қояды. Ауылдағы тұрмысы төмендеу отбасының жұпыны баспанасын бұздырып, жаңа үй салуына себепші болғанын естіп, кәдімгідей қуанып қалдым. Онан бөлек жыл сайын «Мектепке жолдың» барысында өзі арнайылап бірнеше отбасына кіріп шығады. Бәзбіреулер тәрізді бір сөмкемен емес, құшағын толтырып апаратынын ел біледі. Мал шаруашылығымен айналысатын жомарт жанның жылына бір сиырды сойып, елге беретіні тағы бар.
Әкесі Үсен ертеректе Жетікөл ауылында мектеп ашқан, бала оқытқан. Талай жанның хат тануы үшін өз үйіне алдырып дәріс берген көрінеді. Өзі де өнер, білім десе ішер асын жерге қоятын ол талантты балаларды қолдаудан шаршаған емес. Қасиетті ай басталысымен отыз үйге азық-түлік таратыпты. Оны да ел-жұрттан естіп-білдік.
Кәсіпте айы оңынан туып, қаншалықты биікке көтерілсе, соншалықты қарапайым. «Апай, қандай қайырымдылық істер жасадыңыз? Маған айтып өтсеңіз» дегенімде де сол қарапайымдылығынан танбады. «Жазбай-ақ қойсаң қайтеді?» деді. Көңілдің қылын шертіп тұратын бойы ізгі қасиеттерге тұнып тұрған жанды қалайша жазбайсың?! Кешіріңізші, апай, мен жазып қойдым.
Дәулет ҚЫРДАН