ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАСАҢ, ҚАЙЫРЫМЫН КӨРЕСІҢ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдау керектігін атап көрсеткен болатын. Бұл жақсылық жасап, жомарт жүрек атанған азаматтарды халық білсін деген ойдан туындаса керек.
Өзге адамдарға қамқорлық танытып, жан жылуымен бөлісу, көмек көрсету – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Дегенмен қоғамда қайырымдылық танытуды өмір салтына айналдырған адамдар да аз емес.
Міне, сондай жандардың бірі – Айдос Сайлығараев. Ол – Қызылорда қаласындағы тәтті өнімдер шығаратын кәсіпорын басшысы. Жас кәсіпкер 2003 жылдан бастап кәсібін қолға алып, еңбекке ерте араласады. Ізденімпаз, еңбексүйгіштік қасиетінің арқасында алдымен «Дастархан» асханалар желісін ашты.
Мұнан кейін ол «Cofeе do» кофеханасы мен «Браунис» кондитерлік цехын іске қосады. Біршама уақытты араға салып жаңадан «Браунис» кондитерлік дүкен кофеханасын ашып, тағы бір өзгеріс әкелді. Жалпы, бұл кәсіпкердің «Браунисі» қаладағы алтыншы кәсіпкерлік нысан. Өткен жылы кәсіпкер әлемдік деңгейдегі тәжірибелі германиялық сарапшының көмегімен өнім түрін көбейту және сапасын жақсарту мақсатында жұмыс жасады. Сонымен бірге жеке кәсіпкер кәсіпорынның өндіріс технологиясын жақсарту үшін «Прэко Қызылорда» консалтингтік компаниясымен «Даму» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кеңесшілерінің көмегімен Германиядан SES эксперт шақыртты. Тәжірибе алмасты. Мамандардың қабілетін арттырып, жаңа өнім түрлерін шығаруды үйретті.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын көресің» деген ұстанымды ұстанатын жас кәсіпкер қалада өтетін қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емес. Тұрмысы төмен отбасыларына қамқорлық танытып келеді. Бастысы, ол 150-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкер жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан балаларды мектепке қажетті оқу-құралдарымен және формалармен қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, қаладағы «Браунис» дүкенінің барлық нүктесінде «Ел арай» қоғамдық қорының арнайы жәшіктері орналасқан. Онда түрлі ауруларға шалыққан балалардың ем-домына қажетті қаражат жиналады. Осы қоғамдық қордың өткізген барлық қайырымдылық шараларына атсалысып, демеушілік танытып келеді.
Бұдан бөлек, қаладағы №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп-интернатының оқушыларына қамқорлық жасап, тәттілермен қуантады. Жыл сайын қалалық демалыс паркінде балаларға арналып торт пісіріледі. Жалпы салмағы 80 кг болатын, биіктігі 2 метрлік тортты тарту еткенде, балалардың қуанышында шек болмады. Сондай-ақ, «Фитнес» орталығында өткен қайырымдылық шарасында мүмкіндігі шектеулі балаларға азық-түлік пен тәттілер үлестірілді.
Тәулік бойы жұмыс жасайтын «Браунисте» тұтынушылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Жеңілдіктер де ұйымдастырылып тұрады. Айдостың айтуынша, тынымсыз еңбектің арқасында кез келген жетістікке жетуге болатынын, сонымен бірге үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыру маңызды роль атқарады екен.
Iскер кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да үлкен жобаларын жүзеге асыруды көздеп отыр. Ұзаған жылдың мәресінде қызылордалық кәсіпкер Алматы қаласынан «Браунис» нүктесін ашты. Айдос мұнымен тоқтап қалмай енді Астана қаласынан да ашуды көздеп отыр. Ал, болашақта Қазақстаннан өзге сырт елдерге өнімдерін экспорттауды жоспарлап, осы бағытта еңбек ете беретінін жеткізді.
«Еңбектің наны тәтті» деп тегін айтылмаған. Маңдай термен, адал жолмен шаруасын дөңгелентіп отырған кәсіпкер еңбек етіп, жемісін көрген жандарды үлгі тұтады.
Міне, адамға адамның қадірі осындайда білінеді. «Нарық заманы орнады, адамдардың адамгершілік қасиеті төмендеді, азайып барады» деп жиі айтып жүрсек те, осындай нар жігіттердің жасаған жақсылықтары көкейге үміт ұялатады. Қайырымдылық ірі-ұсақ болып бөлінбейді. «Кең болсаң, кем болмайсың», қайырымды болу міндетің деген ойға жетелейді.
С.АДАЙБАЕВА