ҚЫЗМЕТ САПАСЫНЫҢ АРТУЫ – ХАЛЫҚ СЕНІМІН КҮШЕЙТЕДІ

Аталған бағдарламаның 27-ші қадамында, «Жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамытып, мемлекеттік сот орындаушыларын біртіндеп қысқарту», - көзделген.
Осыған орай, Қызылорда облысының Әділет департаменті жеке сот орындаушылары кадрын жасақтау жұмысына назар аударып, нәтижесінде бүгінде облыстың барлық аудандары мен қалалары жеке сот орындаушысымен қамтамасыз етілді. Бүгінде облысымызда қызмет көрсетіп отырған 59 жеке сот орындаушысының орындауында 63 732 атқару құжаты болып, оның 18 пайызы аяқталған. Бұл 11 431 атқарушылық құжат орындалғандығын білдіреді.
Тарихқа үңілсек, жеке сот орындаушылар ең алғаш рет Францияда енгізілген. Балтық елдерінде бұл жүйе өте жақсы жолға қойылған. Эстония мен Латвия елдерінде де жеке сот орындаушысы лауазымы ерте пайда болған. Көптеген дамушы мемлекеттер Францияны үлгі тұтады. Елімізде енгізілген бұл үлкен бастаманы Балтық елінің білікті мамандары да қоштады. Болгария секілді бірнеше мемлекеттердің заңдарын қарай отырып, шетел мамандарымен бірлесе отандық жеке сот орындаушылары туралы жоба осылайша өмірге келді. Бұл орайда, ТМД елдері ішінен Қазақстан алғашқылардың бірі болып, бұл бағыттағы көшті бастағанын да атап өткен жөн.
Жеке сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы.
Осы ретте, жеке сот орындаушысы лауазымына орналасудағы бірқатар әкімшілік барьерлердің алынып тасталып, неғұрлым қарапайымдандырылғандығын атап өту қажет.
Айталық, жеке сот орындаушысына тағайындауға конкурсты алып тастау жолымен жеке сот орындаушысы лицензиясын алу тәртібі өзгертілді.
Енді, жеке сот орындаушысы қызметіне лицензия алу үшін тағылымдамадан өткен тұлғалардан тек Әділет департаментінде аттестаттау мен тестілеуден өту ғана талап етіледі.
Осылайша, елімізде жаңадан қолданысқа енгізілген жеке сот орындаушылар институты заңнама шеңберінде өзінің жұмысын орнықтырып, халықтың ықыласына бөленуде. Өйткені, бұрын тұрғындарда сот орындаушысын таңдау құқығы болмаған болса, ендігі жерде жеке сот орындаушысын таңдау еркіндігі бар.
Міне, осыдан кейін жеке сот орындаушылар арасында үлкен бәсекелестік туындап, жұмыс сапасы арта түседі. Жұмыс сапасы артты дегеніміз - соттардың және басқа да уәкілетті органдардың атқарушылық құжаттары уақытылы әрі сапалы орындалды дегенді білдіреді. Ал атқарушылық құжаттардың тиісінше орындалуы халықтың сот орындаушысы қызметіне сенім артуына, наразылықтар мен шағымдардың азаюуына, ең бастысы мемлекет саясатының дұрыстығына көз жеткізуіне әсерін тигізбек.
Т.АБДИЕВ,
Қызылорда облысының
Әділет департаментінің бөлім басшысы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі.