СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – АСА ҚАУІПТІ ДЕРТ
Адамзат баласының дамуы мен өсуіне айтарлықтай нұсқан келтіріп отырған қауіпті фактордың бірі – сыбайлас жемқорлық әретекттері десек қателеспейміз. Бүкіл әлемдегідей біздің елімізді де сыбайлас жемқорлық әрекеттері айналып өтпей отырғаны рас.
Мен Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында тұрамын. Ауыл тұрғыны ретінде ел ішіндегі сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне тосқауыл болар деген ниетпен өз ойымды айтсам деймін. Өйткені, сыбайлас жемқорлық – қауіпті дертпен тең. Бұл қауіп мол қаражат пен қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерде өрши түсетіні бесенеден белгілі.
Көктем келіп, диқандар жерге соқа түренін салған кездегі бір құбылысты мен нағыз сыбайлас жемқорлық әрекетінің бір көрінісінің мысалына теңеймін. Қыстайғы ауыл үстін басқан өлі тыныштықты бұзып, егістікке болсын, үй іргелік жерімізге болсын соқа түрені түскен бойда сол жерге қашанда құрт-құмырсқаға тойымсыз қарға-құзғынның қаптап кететіні ауылдықтарға таңсық көрініс емес. Міне, осылай ауылға ағылып жатқан көмек қаржыдан мол қарпып қалуға әрекеттенген жемқорлар да жаңа жыртылған топырақтан құрт-құмырсқа іздеген тойымсыз қарға сияқты әрекеттенеді.
Мемлекет тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне берілетін несие мен субсидия, жаңадан салынатын әлеуметтік мекемелердің құрылыс нысандары, тіпті халыққа қызмет көрсететін мекемелердегі жаңадан ашылған штаттық лауазымдар болсын барлығы сыбайлас жемқорлықтың объектісіне айналып отырғаны жасырын емес. Бірақ «ұсталмаған ұры емес» деген, ешкім шағымданбағасын бәрі Заң шеңберіндегідей көрініп, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен сыбайластық жасырын жалғасуда. Мәселе біреудің үстінен шағым түсіріп, түрмені толтыруда емес. Қоғамға қауіпті жемқорлықтың алдын алу негізгі бағытымыз болып қалыптасса, елдегі тұрғындардың әлеуетінің, тіпті рухани жағынан да дамуына айтарлықтай даңғыл жол ашылар еді деп ойлаймын.
Ауыл халқына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан тиімді қаржылай көмектің немесе айлық табысы бір отбасының күнкөрісіне қолайлы жаңа жұмыс орындарының аз ашылып жатпағанын ауыл халқы көріп, біліп отыр. Осы көмектердің елдегі адамдарға әділетті әрі қолжетімді болуы үшін мемлекеттік және құқық қоғау орындарының атқарып отырған жұмыстары да көңіл кеншітетін жағдайда. Бірақ, сол бұрынғысынша ауылдағы ағайынның көңілдері күпті, турасын айтқанда жең ұшынан жалғасқан сыбайластық пен жемқорлық ел ішінде тиылар емес.
Бұл – ел тұрғындардың пікірі. Ал,бұндай келеңсіздіктерге кінәліні басқадан емес негізгі кілтипанды өкпе ренішімізді айтудан жалықпайтын тура өзімізден іздегініміз де дұрыс сияқты. Мәселен, ауыл тұрғындарына бөлінетін қаржылай көмек пен жаңадан ашылатын тұрақты жұмыс орнының хабары алдымен ауыл әкімдігіне келеді. Жақсылық хабарды естіген жұрт әкімдікке ағылып әуре болып жатқанда, ауыл әкімімен немесе әкімдікте қызмет ететін лауазым иесімен туыстық жақындығы барларымыз олармен жасырын жең ұшындағы келісім арқылы жұмысымызды бітіріп жатамыз. Болмаса әкім не басқа лауазым иесінің өзі жақын-жуығын осы әрекетке тартады. Ал,бұндай жасырын көмектің ақысыз, яғни парасыз орындалмайтыны бесенеден белгілі.
Үйінен түстенген уәкілге шапан жауып, ат мінгізетін қазақтың ұрпағымыз ғой. Ал қомақты несие алуға жасырын ықпал еткен немесе ұл-қызымызды айлық табысы бар жұмысқа орналастырған лауазым иесіне сый-сияпат жасайтынымыз да жасырын емес. Сый-сияпат деген не тәйірі, жасырын түрде жылқы, мүйізді ірі қара малын атайтынымыз да көпшілікке белгілі. Бұны қолында билігі бар лауазым иесі ешкім білген жоқ деп ойласа, жұмысы біткен ауыл қазағы одан бетер қатырдым дейді.
Бірақ, осындай жағдайдың күнде болмаса да үйреншікті әдетке айналып отырғанын жұртшылық айна қатесіз біліп отырғандықтан ел билігінің өкілдеріне сол жұртшылықтың өкпе реніштері көбеймесе азаймай отыр. Дәл осындай жағдай тек қана ауыл әкімдігінде ғана емес, елдегі халыққа қызмет ететін мекемелер мен мектептерге, ауруханаларға жұмысқа орналасушылар арасында да кездеседі. Осыған байланыста ел ішінде ащы әзіл болса да тура шырылдаған шындыққа бергісіз мынадай әңгіме бар.
Осыдан 3-4 жыл бұрын мектеп директорының күйеуі жаңадан өріске қосылған екі-үш бас өгізшесі жоғалып, соны ауыл айналып іздейді. Жоғалған малды ауылда әр көшеге тиесілі мал түнейтін шаңлақтан іздейтініміз бар. Әлгі кісі де екі-үш көшеге тиесілі шаңлаққа келгенде оның бір қуақылау жиені оған: «Нағашыеке, іздеген өгізшелеріңді әйелің қай көшеден іздейтініңді айтпады ма? Біздің көшеден биыл ешкім мектепке жұмысқа орналасқан жоқ қой, сондықтан сен малыңды әйелің айтқан көшенің шаңлағынан іздегенің жөн болар», - деген екен.
Ащы шындықтың нағыз өзі осы.Нағыз өзі емес-ау, қорқыныштысы да осы ма деймін. Себебі, мектептегі бос оқытушылық орынға кім қалай орналасты, бастысы басшыға не беріп орналасқанын мектеп оқушыларына дейін қолмен қойғандай біліп отырады. Осындай сорақы жағдайды көріп өскен балаларымызға қандай үлгі-өнеге көрсетіп отырғанымыздың өзін ойлау қорқынышты емес пе?
Десе де қазір басқа ауылдарда қайдам,біздің ауылдағы жағдай жөнге түскендей. Өйткені, мектепке қоғамдық ұйымдардың ықпалымен жаңа, тәрбиелі, сауатты ең бастысы – адал басшы келгелі бұндай қаңқу әңгіме тиылған сыңайлы. Болмаса осыдан 4-5 жыл бұрын ауыл мектебіндегі басшының руының өкілдерінен тұратын мұғалімдердің жүктеме сағатының көптігін айтпағанда, қарауыл мен хатшыға дейінгі жұмыс орны сол басшының жақын-жуығына тиесілі еді. Бұны айтып отырғаным, қазіргі ауылдық деңгейдегі басшылар пара алудың әдіс-тәсілін сақтық үшін өзгерткен. Олар жұмысқа өздерінің жақындарын қабылдап, ал олардан параны «жоғарғы жаққа беремін» деген желеумен алуға көшкен. Сонда құда да, құдағи да тыныш. Жақыны «қайтсін жоғарыдағылар дәметеді ғой» деп өзін жұбатса, аларын алған басшы өзіне жақын адамның ешқашан шағымданбайтынын ойлайды да, күпті көңілдері орнына түседі.
Ауыл проблемасы қашан да баршылық және қашанда өзекті. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты ендігі бір түйткілді мәселе – ауылдағы дара кәсіпкерліктер мен біренеше ондаған адамдарға жұмыс беріп отырған шаруашылық құрылымдарында да бар. Адал еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетіп отырған оларда не сыбайластық болсын деп ойлауымыз да мүмкін.Енді осыны тарқатып көрелік. Ауылдағы жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы сыбайластыққа жуықтайтын шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – еңбекақы мен жұмыскерлерге тиесілі әлеуметтік төлемдердің аударылмауы.
Бұл жерде ауыл кәсіпкерлері мен шаруашылық құрылымдарының басшысы жұмыскерлердің өздеріне аса қажеттілерін ғана заңды тіркеуге алып, жұмысқа қабылдайды. Ал, қалған жұмыскерлер салық огандарына жолданатын құжатта көрсетілмейді. Бұл өзіне керекті адамдарға ғана ғана әлеуметтік төлемдер аударады деген сөз. Себебі, зейнетақы қорына аударылатын төлемдер мен басқа да әлеуметтік төлемдер жұмыскер есебінде еңбек ететін басшының отбасы мүшелері мен жақын-жуықтарына ғана төленеді.
Бұл жерде де бөтенге тиесілі ақы мен төлемдер сыбайластықпен төленбей тұрған жоқ па? Бірақ кінәлі тағы да өзіміз. Өйткені, шағымданушы жоқ болған соң кінәлі де жоқ қой. Оның үстіне кәсіпкерлерді құзырлы орындардың тексеруіне елімізде үлкен шектеу, тиым бар. Айта берсе ауылдың мұңы таусылған ба?
Осылай дегенімізбен бір ауыл емес жалпы қоғамға қауіпті сыбайластықтың алдын алмасақ ауылдың көркеюі, ауыл халқының әл-ауқатының артуы екі талай. Ауылға қатысты мәселелерді шешетін бірнеше лауазымдық орындарға қызметкерлер тағайындауда да тиісті өзгертулер қажет сияқты. Себебі, ауыл халқына егістік жер мен олардың жеке малына жайылымдық жер бөлуге қатысты және шаруаларға субсидия төлеуді шешетін лауазым иелері арасында да жергілікті сыбайластықтар бар.
Бұл жердегі түйткілді мәселе мынада. Біздің халықтың менталитетінде туыстық пен жақын сыйластық қатынастар өте жақсы жолға қойылған. Сондықтан осы лауазым иелерін тағайындағанда қызметкерлерді ротациялау әдісі тиімді болар еді. Өйткені, біздегі бұндай лауазым иелері он-он бес жылдап қызмет еткенде ауыл емес, бүкіл аудан тұрғындарының жартысы оның туыс, жегжатына айналып кетпесіне кім кепіл? Ел ішінде дәл осындай мысалдардың бары да басы ашық шындық.
Енді ауылық жерлердегі сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне тосқауыл болар деген оймен мына пікірімді де айта кетсем деймін. Ең бастысы – ауыл халқының көпшілігінің құқықтық сауаты өте төмен.Олар бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заң актілері мен ақпартаттық жарияланымдарды күнделікті оқып отырмайды. Оқыған күнде де түсініп жарытатындар аз. Ал, осы бағыттағы аудан мен облыстан шыққан ақпараттық насихат тобының түсіндірме жиындарына ауылда тек қана мұғалімдер, дәрігерлік мекеме қызметкерлері, зейнеткерлер мен тағы да сол сияқты мұң-мұқтаждары аз адамдар ғана қатыстырылады. Ал, өзіне әлеуметтік төлемдер төленбей жүрген немесе арзан несиеге қолдары жетпейтіндер мен оқу бітірген ұл-қыздарын жұмысқа орналастыра алмай жүрген қарапайым еңбек адамдарының бұндай пайдалы жиындардан үнемі шет қалатынын көріп жүрміз.
Осындай белсенді халық тобының аз жерінде сыбайлас жемқорлықтың өрши түсетіні белгілі. Сонда қоғамға өте қауіпті ауылдық жерлердегі сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қалай тосқауыл қоюға болады? Оны тыйып тасамаса да сыбайлас жемқорлыққа жол беретін теріс әрекеттерді барынша азайтып, қарапайым ауыл халқының арасында әділеттілік орнатуға әбден болатын сияқты. Ең бастысы ауыл халқының құқықтық сауатын көтеру керек. Солай етеміз деп жұртты жаппай партаға отырғыза алмаймыз. Ол үшін ауыл тұрғындарына құқықтық кеңес беретін жиындар ең кем дегенде әр тоқсан сайын өткізілсе. Бұндай пайдалы жиындарды өткізіп тұратын бірден-бір маман-заңгер барлық ауыл әкімдіктерінде бар. Бірақ олардың лауазымдық міндеттерінде бұндай қызмет көрсетілмеген. Демек олар халыққа пайдалы құқықтық кеңес беруге міндетті емес. Міндетті болмаған соң ауыл әкімі оны мәжбірлей алмайды. Сондықтан ауыл әкімдіктерінің заңгер-мамандарының қызметтік міндеттеріне тұрғындарға тегін жүйелі құқықтық кеңес беру қызметін қоса тапсыратын міндеттер жүктейтін өзгерістер енгізуді тиісті мемлекеттік орындар қолға алса ауыл тұрғындарына тиімді болары сөзсіз.
Ауылдағы негізгі қоғамдық ұйымдар – ардагерлер ұйымдарын, коғадық Кеңестер мен қауымдастық жиналысы мен «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелерінің жұмыстарын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытына пайдалау тиімді болар еді. Ауыл халқының тиімді несие мен жер алу мәселесі және ауылдағы мекемелердегі босаған немесе жаңадан ашылған жұмыс орындарына адам қабылдау кездерінде осы ұйымдардың талқысына салынып барып, несие мен жер берілсе, тиісінше жұмысқа қабылдау да осылай шешілсе сыбайластық орын алмасы айқын. Әйтпесе дара қабылданған шешімнің арасында қашанда жең ұшынан жалғасқан сыбайластық әрекет жүреді.
Бұндай қоғамдық ұйымдарға мүшелер тартқанда да сыбайластыққа жол берілмеуі тиіс. Олар ауыл тұрғындары арасында беделге ие, ұяты бар, құқықтық сауаты жоғары, әділ шешім қабылдауға барынша атсалысатын адамдардан жасақталса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.
Бұлай етпесек қауіпті дерттің үлкен-кішісі болмайтыны сияқты ауыл арасындағы сыбайластықтың да үлкен-кішісі жоқ. Әйтпесе ауылдағы қатардағы мамандықтың лауазымынан бастап кәсіп ашамын деген қарапайым ауыл тұрғынына берілетін несие мен жер теліміне дейін тамыр-таныстық арқылы шешілетін болса онда қауіпті құбылыстың өрши түсері сөзсіз.
Десе де қоғам мен мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізетін осы әрекеттерге қарсы елімізде көптеген мемлекеттік шаралар атқарылуда. Осы бағытта қабылданған бұрынғы заңдар мен басқа да құқықтық актілерді айтпағанда Елбасымымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап,қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған бес негізгі басымдықты белгілеп берді.
Бұл құжатта барлық сала бойынша, соның ішінде Заңның үстемдік құруына қатысты да нақты бағыт-бағдар көрсетілген. Ал, елімізде қабылданған Заңның көпшілігінде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне тосқауыл болатын баптар бар.
Заң – ел игілігі үшін қабылданады. Ондай Заңдарымыз бар,оны ел игілігіне асыратын жауапты орындар мен Заңнан аттағандарды тезге салатын құқық қоғау орнындарының жұмыстары да жолға қойылған.
Менің айтқан ұсыныстарымның көпшілігі өзіміздің құқықтық сауаттылығымызға, негізінен ұятымызға байланысты шешілетін мәселелер. Бірақ оған біріміздің сауатымыз жетпесе, біріміздің ұятымыз аздау. Ұсыныс-пікірімізге құлақ асар жауапты орындар табылса құқықтық сауатымыздың да жөні ретке келер. Бірақ осы ұят жағын көбірек ойлағанымыз жөн сияқты.Осылай дегенімібен біз осы ұятты аз ойлайтын сияқтымыз. Кім-кімге де күнкөріс қамы қажет-ақ. Бірақ ұятты ойласақ, бір ауылда қатар түтін түтетіп отырған ауылдасымызға тиесілі несие мен жер үшін немесе жұмыс орны үшін ақ адал малымыз бен арымызды қатар саудаға салып, жемқорлардың көмейін толтырмас едік қой.
Болатбек НҰРЖАНОВ,
Жалағаш ауданы,
Мәдениет ауылының тұрғыны.
Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі, ІІО-ның ардагері