РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДА БЕЛСЕНДІЛІК БАР
Рухани жаңғыру – бүгінгі күннің басты талабы. Мұны қасиетті Сыр елінің халқы жақсы біледі. Сондықтан болар, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы жарық көргелі ондағы жүктелген міндеттер облыста қарқынды жүзеге асуда. Тарихи жәдігерлеріміз жинақталып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тіпті мақаладағы міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы орталық та құрылып, өз жұмысын бастап кетті.
Жалпы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруға ешқандай кедергі жоқ. Тек сапалы жұмыс жасау күн тәртібінен түспесе болғаны. Кешегі еліміздің бас қаласында өткен баспасөз мәслихатында аймақтағы маңдайалды оқу орнында қандай игі бастамалардың қолға алынып жатқанын естіп қуанып қалдық. Барлығы да бағдарламалық мақаланы жүзеге асыруға бағытталған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде тақырыптық кафедралар ашылып, рухани жаңғыруға қатысты арнайы пәндер оқытыла бастады. «Өлкетану» оқулығын дайындауға аймақ тайқазанынан қыруар қаржы қаралып, бүгінде сарапшылардың қолынан өткен оқулық баспаға жіберілген. Мұның барлығы кейінгі ұрпақтың бәсекеге қабілетті болып қалыптасарына ықпал етеді.
Жалпы рухани жаңғыруға бет бұрған облыстың да, облыс басшысының да бағыты өте құптарлық. Осындай құнды дүниелердің аймақта жүзеге асуы бізді бір қуантқанын жасыра алмаймыз. Әсіресе «Туған жер» арнайы жобасы өңірдің дамуына тың серпін берді. Жобаны іске асыруда және оны ілгерілетуде меценаттар табандылық танытты. Өткен жылдың өзінде меценаттар есебінен білім мен мәдениет ұйымдарының ғимараттарын қайта жаңғыртуға, балаларға арналған ойын алаңдарын салуға, аллеялар мен скверлер тұрғызуға 6 млрд-дан астам қаржы бөлініпті. Осындай қолдаулар олардың рухани жаңғыруға ынталылығын білдіреді. Мұның тағы бір көрінісі біздің ауданда да жалғасын тапты. Кент орталығында бас қосқан кәсіпкерлер мен өнер адамдары, Жалағаш топырағынан түлеп ұшқан басқа да азаматтар ауданның көркеюіне атсалысу жайын ақылдасты. Кейбірі шама-шарқынша қаражат та бөлді. Міне, осының барлығы туған жерге тағзым емес пе? Мұндай шаралар облыстың басқа да аймақтарында қарқынды жүзеге асуда.
Біз ел болып рухани жаңғыруға атсалысуымыз керек. Сыр еліндегі бағдарламалық мақаланың жүзеге асуы өткен брифингте кеңінен баяндалды. Барлығы да айтуға тұрарлық дүниелер. Рухани жаңғыру аясында атқарылған жұмыстар жетерлік.
Зейнебек НҰРЖАНОВ,
Жалағаш ауданының тұрғыны.