СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРУДЕ?
Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамда белең алып отырған өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі болып табылады. Ол ҚР-ның азаматы үшін де, еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетіп қана қоймай әрбір кәсіптің еркін әрекетін біршама деңгейге әлсірететіні айдан анық.
Біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған негізгі нормативтік құқықтық акт - Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңы қабылданды, сонымен қатар Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалып, ол қоғам өмірінде сәтті түрде жүзеге асырылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қоғамның әр мүшесі жүргізуі тиіс, себебі сыбайлас жемқорлықтың белең алуы өмірдің экономикалық және әлеуметтік деңгейін төмендетіп, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделеріне шек қояды, шешім қабылдаудағы негізділік және заңдардың әділдігі мен әрекеттілігіне адамдардың сенімін жоғалтады.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы Жолдауы бойынша тоғызыншы бағыт – «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» аясында тоқталып, біраз толымды пікірлер айтып, «Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс» - деп, жаңа жолдауын ел назарына ұсынған болатын. Осы қағиданы басшылыққа алып, «Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде» де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл бойынша тиімді жұмыс жүргізу бойынша сапалы іс-шаралар ұйымдастырылып, әрбір мекемедегі азаматтардың өтініш-тілектері дер кезінде қаралып, қанағаттандырылып, керегінше ақпаратты сол бойда өтініш иесі жаңа ақпараттық жүйеде қадағалап-қарап, тиесілі мағлұматтармен таныса алады. Әрине, бұл екі тарап үшін де тиімді болмақ. Әрі бұл елдің игілігі үшін жасалатын жақсылықты істердің тиімді нәтижесінің көрінісі.
Республиканың әрбір тұрғыны өз елінің азаматы ретінде мемлекетке залалын келтірмей, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өзінің де өзгенің де еш ар-ожданына тиіспей, мемлекет алдындағы жауапты ісін тиянақты орындау керек.
Қ. ТҰРЫМТАЕВ
Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік
аудит департамент басшысының орынбасары