ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ ҰЛТТЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ҮЗДІК ТЫҢДАУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Ұлттық мектеп Елбасының тапсырмасымен 2008 жылы ашылды. Осы жылдар ішінде ол жаңа тұрпаттағы 140 мемлекеттік басқару ісінің қызметкерлерін даярлап шығарды.
2016 жылы Мемлекеттік басқару академиясында оқу ісінің түбегейлі трансформациясы басталды. Назарбаев университеті мен Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебінің қолдауымен магистрлық бағдарламалар жаңартылды. «Цифрлы Академия» жобасы әзірленуде.
Г.Әбдіқалықова өзінің құттықтау сөзінде қазір елімізде Ұлт жоспары іске асырылып жатқанына, онда кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру алғашқы бағыт ретінде белгіленгеніне тоқталды.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің үздік мемлекеттік қызметшілермен былтырғы кездесуінде: «Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет қалыптастырмай, басты мақсатымыз – өсіп-өркендеген Қазақстанды құруға қол жеткізу мүмкін емес», – дегенін атап өтті.
– Бүгінде дүние жүзінде цифрландыру дәуірі басталды. Ол, ең алдымен, мемлекеттік аппаратты ұдайы жаңғыртып отыруды талап етеді. Бұл ретте мемлекеттік басқарудың тиімді моделін қамтамасыз етудің оңтайлы тетігінің бірі – мемлекеттік қызметшілерді оқыту ісінде жаңа үрдістер мен технологияларды ескере отырып, үздіксіз білім беру, – деді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова жаһандық білім беру кеңістігінде дамып келе жатқан мынадай трендтерді атап өтті: бұқараландыру, коммерцияландыру, интернационалдандыру, ақпараттандыру және цифрландыру. Олар инновациялық білімді игеріп, шеберлік пен машыққа ие болуды талап етеді. 2016 жылы Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда 2020 жылға қарай өзекті бола түсетін 10 кәсіби машық аталды: сыни тұрғыдан ойлау, креативтілік, проблемаларды шешу машығы, эмоционалдық интеллект және т.б.
– Ол үшін бізге үздіксіз білім алу культін қалыптастыру қажет. Атап айтқанда, өз білімің мен қабілетіңді жетілдіріп, өз-өзіңді дамыту арқылы өмір бойы білім алу керек, – деді Г.Әбдіқалықова.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі тыңдаушыларына жаңа білімдерін, іскерлік қасиеттері мен машықтарын мемлекеттік қызметте Қазақстан халқының игілігі үшін жұмсауға тілектестік білдірді.