ҮРЛЕМЕЛІ ТОСПАНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРУДЕ
Қызылорда облысының негізгі аграрлық бағыты – күріш дақылын өсіру. Өңірде 1992 жылға дейін 280 мың гектар суармалы жер болса, қазіргі уақытта оның көлемі 220 мың гектарға қысқарып қалған. Яғни, 60 мың гектар алқап белгісіз себеппен айналымнан шығып қалған.
«ҚазСУШАР» РМК-ның Қызылорда филиалы мамандарының айтуынша, Сырдария өзенінен жоғары орналасқан су қоймаларындағы су көлемі азайған кезде жаз айларында су деңгейі түсіп кетеді. Осыдан барып су тапшылығы сезіле бастайды. Соның кесірінен, Жаңақорған мен Шиелі аудандарында бірнеше жүздеген гектар ауыл шаруашылығы дақылы судан қағылып отырған. Ал облыс көлемінде егілетін күріш дақылының 30 пайызы осы екі ауданның үлесінде.
Жаңақорған ауданындағы Түгіскен алқабын сумен қамтамасыз ету мақсатында Келінтөбе магистральді каналы 1964 жылы салынған болса, Шиелі ауданындағы Жаңа Шиелі каналы 1950-жылдар ішінде пайдалануға беріліпті.
– Осы екі аудандағы су жағдайы – ондаған жылдан бері тиісті шешімін таппай келе жатқан көкейкесті мәселелердің бірі. 2012 жылы Су ресурстары комитеті аталған мәселені шешу жолдарын қарастырып, ұсыныс беруді біздің филиалға тапсырған еді. Мамандарымыз қазіргі уақытта материалдардың полимер негізінде шығарылуына байланысты әртүрлі синтетикалық материалдар мен бөгет конструкцияларын салу тәжірибесіне тоқталған болатын.
Олардың негізігі элементі – синтетикалық материалдардан (резеңке маталы, полимер пленкалы) жасалған үрлемелі бөгеті. Мұндай конструкцияларды Қытайда кеңінен пайдаланады. Мұны жан-жақты білу, көру, танысу мақсатында мамандар Қытай еліне барып, салынған құрылыс нысандарында және өнімдерді шығаратын зауыттарда болды. Бұл бөгеттер конструкциясы қалта қабықтың ішінде вакуумдық су айдағыш (насос) арқылы сумен толтырылады, сумен толған қалта бөгеттің шектік биіктігі – 3,5 метр.
Олар біртіндеп су жіберу арқылы қажетті су деңгейін реттеуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты филиал екі аудандағы магистральді каналдардың сумен қамтамасыз етуін түбегейлі жақсарту үшін арнайы тапсырма алған еді. Тапсырма орындалып, 2012 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жобаның сметалық құны – 997,5 миллион теңге, – деп түсіндірді «КазСУШАР» Қызылорда филиалының қызметкері Жақып Бегеш.
Осы жобаны жүзеге асыру 2013 жылдың наурызында қолға алынған екен. Қытайдан екі плотинаға қажетті мата материалдардан жасалған конструкциялар Қызылордаға түгел жеткізіледі. Құрылыс нысанын тездетіп пайдалануға беру үшін 700-ден астам маман мен жұмысшы вахталық тәсілмен жұмыс істеген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осыншама ауқымды шаруа тоғыз ай ішінде сапалы аяқталған. Қазіргі уақытта магистральді каналдар толық қуатында жұмыс істеуде. ТМД елдері бойынша мұндай құрылыстың бірінші рет Қазақстанда, оның ішінде Қызылорда облысында салынуын су шаруашылығы саласына жасалып отырған қамқорлық деп бағалауға болады. Ең бастысы, облыстың су шаруашылығы саласын дамыту тетіктері мен ауыл экономикасын және елдімекендерде тұрып жатқан халықтың тіршілік деңгейін көтеруге жақсы мүмкіндіктер туған.
Шиелідегі ғылыми-өндірістік агротехнология шаруа қожалығының төрағасы Керімхан Егізбаевпен әңгімелесудің орайы келді.
«Шиелі – аграрлы аудан. Бұрындары су жетіспеушілігінен дау туындап жататын еді. Біз ғылыммен айналысатын Қазақстандағы бірегей шаруа қожалығы саналамыз. Сырдарияда су аз болды да, деңгейі төмен магистральді қаналға су жетпейтін. Су тапшылығынан басты дақылымыз күріш піспей қалады. Судың деңгейін көтеру үшін тоспа салу әдісін қолға алдық. Оның деңгейі төмен болған кезде үрлемелі тоспа арқылы суды көтеруге қол жеткіздік. Ыбырай Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе отырып, күріштің «Айкерім» атты жаңа сортын өндіріске енгіздік. Бұл сорт өнімділігі мен сапасы жағынан өте тиімді екенін көрсетіп отыр», - дейді Керімхан Егізбаев.
– «Ақмая» шаруа қожалығында 2600 гектар егістік алқап бар. Негізінен, күріш өсірумен айналысатын облыстағы ең ірі шаруашылық. Қожалықты Дәулет Жұмабеков басқаруда. Биыл шаруашылық күріш егістігін 2,5 гектарға ұлғайтыпты. Қожалық күріш және жоңышқа өсірумен айналысады.
«Егістігіміз су тоспасының көмегімен суарылады, – дейді Дәулет.
– Алқаптар үрлемелі су тоспасының көмегіне жүгінеді. Аудандағы үздік шаруа қожалықтарының біріміз. Облыстағы «Қазводхоз» мекемесімен келісімшартқа отырып, судың рақатын көріп отырмыз. Ауылдағы ағайынға да жұмыс табылды. Жалғыз біз емес, басқалар да биылғы үрлемелі су тоспасының арқасында күріштік көлемін ұлғайту үшін ұтымды жұмыс істеп жатыр.
Жаңақорған су шаруашылығы өндіріс¬тік учаскесінің басшысы Әбдімәжит Ахметовтың айтуынша, биыл аудан бойынша 7,5 мың гектар жерге күріш дақылы егіліпті. Ауданды сумен қамтамасыз ету үшін бес магистральді канал жұмыс жасайды екен. Жаңақорғандағы егістіктің жалпы көлемі 35 мың гектарға жеткен.
– Үрлемелі су тоспасының артықшылығы көп. Ол Келінтөбе каналының мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізіп отыр. Жұмыс кестесі тұрақты. Сырдария өзенінің су деңгейі төмендеген жағдайда үрлемелі су тоспасына насос арқылы су алып, Сырдарияның деңгейін көтеруге болады. Сол кезде Келінтөбе каналының су алу қабілеті артады. Соның нәтижесінде, су тапшылығына жол берілмейді, – дейді Әбілмәжін Ахметов.
Жаңақорған мен Шиелі аудандарының мамандары су шаруашылығында жүргізіліп жатқан жаңа үрдістер, инвестициялық жаңа жобалар, жаңа тәсілдер Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің іскерлік басшылығының нәтижесі деп біледі.
Аталған аудандарда су мәселесі түбегейлі шешілген деуге негіз бар. Осының арқасында мәселен, шиеліліктер алма, қауын мен қарбыз алқаптарын ұлғайтқан. Қос ауданда да жылыжайлар салынып, жұмыс жасалуда. Жаңадан салынған үрлемелі бөгеннің арқасында қауын-қарбыз өңірге ғана емес, Ресей нарығына да шығарылуда.
Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Тұрмағамбет Әлиасқарұлы:
– Биыл Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толғалы отыр. Осыған орай ауданның жеті кереметін белгіледік. Соның бірі – тоған плотина. Қазір жергілікті халық бұрынғыдай сабылып көшпейді керісінше, ауылда тұрақтап, игерілмей жатқан жерді игеріп, ауласында жылыжай салып, алқабында жайқалтып күріш өсіріп дегендей, солардың игілігін көруде, – дейді.
Бүгінде екі аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бұрынғыдан көш ілгері кеткен. Тіршіліктің нәрі аталған су көзінің молшылығының арқасында деп түсінеміз мүны. Әрбір ауыл тұрғыны Жер-Ананың кереметін түсініп, маңдай терін төге еңбек етуде. Сол себепті, ауылдан үдере көшу тоқтаған, жұмыссыздық деген ұғым жоқ.
Мейрамгүл СЫБАН,
«АЙҚЫН»