БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІЛЕРІ ӨЗАРА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
Арал ауданында «5-6 жастағы балаларды мектепке сапалы дайындауға бағытталған инновациялық әдістер мен технологияларды енгізу» тақырыбында семинар өткізілді.
Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен Арал қаласындағы «Алтын балық» бөбекжайында аймақтық әдістемелік семинар аталған ұжымның шығармашылық ізденістерін, жаңашыл бағыттарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Шараға Қазалы, Арал аудандарынан 50-ден аса педагог қатысты.
Шараны ашқан Қызылорда облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Г.Дихамбаева, баланы мектепте оқуға мақсатты түрде дайындау міндетінің маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде сөз алған Арал аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда аудан көлемінде атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталды.
Семинар барысында қонақтарға «Көңілді әуе шарлары», «Путешествие в страну рисования» кіріктірілген дене шынықтыру және сурет салу оқу қызметтері ұсынылып, кішкентай зерттеушілердің «Көбелек пен инелік» экология оқу қызметіндегі зерттеу жұмыстары, «Көңілді робот» үйірмесі таныстырылды.
Сонымен қатар, ақпарат технологияларды қолдана отырып «Біз зерттейміз» тақырыбында және “Thigs I can do !” тақырыбында ағылшын тілі оқу қызметінде шеберлік сыныптары өткізілді. Сонымен бірге, тәрбиешілердің шығармашылық жұмыстары «Сұйық заттармен тәжірибе» және «Ғарыш. Жұлдыздар. Кеңістік» жобалары ұсынылды.
Семинар соңында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, аталған ұсыным қабылданды. Семинар қорытындысымен шығармашыл педагогтар арнайы сертификаттармен марапатталды.