КІТАП – САРҚЫЛМАС РУХАНИ ӘЛЕМ
Кітап – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап бұлағынан сусындаған оқырман кітапханадан ешқашан сырт айналмайды деп ойлаймын. Мұндағы қызу еңбек қарқыны таңнан кешке дейін бір толастамайды. Қай сыныптың оқушысы болса да қоңырау арасында сабағына дайындалуға арнайылап осы құтты мекеніміз кітапханаға келеді.
Кітапханаға бас сұқпай өтетін оқушы аз десем де болады. Кітап жас балаларды жақсы әдеттерді үйренуге шақырады. Менің ойымша, қазіргі кезде баланың қызығушылығын арттыру үшін «балабақша-мектеп-кітапхана, мұғалім-ата-ана» ара жігі ажырамай жүйелі жұмыс жасау қажет. Балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап кітаптың құдіретін ұғындыру керек. Мысалы, өзінің ең алғаш оқыған кітабы туралы мағлұмат беру.
Міне, сонда ғана әр баланың кітапханаға деген көзқарасы қалыптасады, кітапты ұқыпты ұстауды, уақытында қайтаруды үйренеді. Қорыта айтқанда, біздің болашағымыз жас ұрпақ дейтін болсақ, сол ұрпағымыздың адамгершілігі мол, рухани бай, өз елінің патриоты, еңбекқор болып бой түзеуіне асыл қазынамыз-кітаптың орны ерекше. Қазіргі заман талабына сай креативті шешім қабылдайтын, әр нәрсе жайында сыни ойлай алатын ұрпақ тәрбиелеу осы қарапайым кітап оқумен тығыз байланысты. Баршаңызды кітап оқуға шақырамын.
Ақалтын НОҒАЙБАЕВА,
Қ.Мұхамеджанов атындағы
№1 мектеп-гимназия кітапхана меңгерушісі
Қызылорда қаласы