ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын.
Адамзат баласы дүниеге шыр етіп келген жеріне кіндігімен байланады. «Туған жер» деген қасиетті ұғымды төбемізге қойып, қастерлейтініміз де сондықтан. Қаз басқан қадамымызға, жетістіктерімізге, ат жалын тартып азамат болғанымызға куә болған сол аяулы мекен туралы естеліктер әрбіріміздің жүрек түпкірімізде сақтаулы. Күнделікті күйбең тірліктен қол босамай, туған жерге ат ізін салмай кетсек те оған деген ықыласымыз әрбіріміздің көңіл төрімізде тұр.
Туған жер! Осынау қасиетті сөз айтылғанда тебіренбейтін, толғанбайтын
адам жоқ шығар. Мен «Егемен Қазақстан» газетінен академик Д.Кішібековтің «Туған жер неліктен қымбат?» атты мақаласын оқыдым. Туған жердің қасиетін ғылыми негізде түсіндіруге тырысқан ғалым мал екеш малдың да өскен топырағын аңсайтынын айтады. «Мәселен, түрікмен жерінде керемет «ахалтеке» деген сұлу жылқы өседі, ол жері құмды, ылғалы кем, ыстық аймаққа бейімделген. Егер ол жылқыны Англияға, не басқа елге апарсаң, өсіп, көбеймейді. Өшіп бітеді. Бұл – жаратылыстық табиғи заңдылық».
Ал адамзат баласы үшін ұлтқа бөлінбейтін ортақ сағыныш бар. Ол өз туған жеріне деген сағыныш... «Орыс халқында мақал бар «Каждый кулик свое болото хвалит» деген. Дәлме-дәл айтылған пікір. Кімнің де болса туған жері өзіне жұмақ, жаннан артық. Жердің қасиетін ешкім сөзбен айтып жеткізе алмайды». Жаңақорғанда туып-өскен мен үшін оның әрбір тасы мен тауы, бөктері мен төбесі қымбат.
Қарапайым ғана түсінікке салсақ, адамда арман, мақсат таусылмайды. Арманға жету үшін мақсат қойып, мақсатқа жету үшін тіршілік етеді. Уақыт өте келе, жас ұлғайған сайын туған жерге, аунаған топырақты аңсау күшейе береді екен. Бұл – тілмен жеткізе алмайтын туған топырақтың киесі, туған жердің қасиеті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы проблеманы ғылыми тұрғыдан әлемдік дәрежеге, үлкен парасат биігіне көтерді. Қоғамда қызу қолдауға ие болған бағдарламалық мақаланың «Туған жер» бағдарламасына байланысты тұстары қазіргі қоғам үшін ең маңызды мәселелердің бірі.
Елбасы «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», – деп жазады мақаласында. Меніңше, туған жерге деген сағыныш қамқорлыққа, туған жерге деген сүйіспеншілікке, жанашырлыққа ұласуы тиіс. Жаңақорғанға барған сайын ондағы жастардың жалыны, білімге деген құштарлығы, ақ адал көңілі мен тау қопарар күш-қайратына тәнті боламын. Ондағы ағайынның бірлігі мен тірлігі көңіліңді марқайтады.
Ауыл десе, балалық шағымда құмына табанымды күйдіріп, күніне маңдайымды сүйдіріп, суына шомылып, асыр салып ойнаған Жаңақорғаным есіме түседі. Оның әр төбесін көрген сайын өткенім ойға оралады. Ауылға барсам балалық шағымның қайталанбас суреттері көз алдыма тізбектеліп келе береді. Бозбала болып шаш қойған кезіміз, ел қорғаймыз деп белгісіз жаққа борыш өтеуге аттанған сәттер... Мұның бәрі ауылда өскен әрбір баланың арманы болатын...
Арман жетегінде жүріп, жоғары білім алуды көздедік. Ғылым жолына түстік. Алыстап кетпесек те, ауылға жиі соғып тұрғанды жөн санаймыз. Барған сайын туған елімнің түлегенін, өскенін көреміз.
Елдің шаруасын түзеуге жанашыр ең алдымен сол жердің азаматтары. Халықтың басына түскен ауыртпалықты қара нардай көтеріп, талай қиын өткелдерден алып шыққан азаматтар бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Олардың әрқайсысы бөлек-бөлек әңгіменің арқауы.
Бүгінде тоқсан жылға жуық тарихы бар Жаңақорған ауданы мақтауға тұрарлықтай заман талабына сай дамып келеді. Жер қойнауы қазбалы байлықтарға бай болғандықтан, өнеркәсіптің дамуы да өзгелерден кем түспейді. Сондай-ақ, ешқашан сарқылмайтын рухани қазыналарымыз да бар. Осы қазына өткеннен мұра болып, келер ұрпақты тәрбиелеп отыр. Топырағынан түлеген талай тұлғалар жас ұрпаққа жол көрсетіп кетті.
Туған жерге қызмет етудің қандай маңызды екенін атқарған жұмыстары арқылы дәлелдеді. Бүгінде көненің көзі болып ауданның әр жерінде тарихтан сыр шертетін орындар жетерлік. Олардың әрқайсысы тұрғындардың жүрегіне жылулық, санасына сәуле сыйлайды. Шетке шықса болды, осы рухани байлықтарымызбен әр азамат мақтана жөнеледі. Бұл – туған жердің құдіреті.
Жаңақорған десе оның дертке дауа суы мен батпағы ойға оралады. Алыс-жақын көрші елдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне дауа таппай келгендер, аунап-қунап құлан-таза айығып шығып, алғысын жаудырып жатады. Жыл сайын жаңарып, түлеген Теріскен көлінің шипасы барған жанды қайта өмірге әкелгендей қуат береді. Сөзімнің басында туған жерге деген сағыныш қамқорлыққа ұласуы керек деген ойды айтқан едім. Соның нақты айғағын шипажай тарихын парақтағанда көз жеткіземіз.
Адам баласы үшін денсаулық қаншалықты қымбат болса, сол денсаулықтың жақсаруына сеп болатын шипажай кеңестік кезеңнің тұсында түрлі саясаттың да құрбаны бола жаздаған. Дүниені дүр сілкіндірген 1941-1945 жылдары жаралы жауынгердің жанына ем болған орталықтың тұралап қалған кездері де болған. Шипажайдың тағдыры алдымен сол елдің азаматтарын қатты ойландырған. Қасиетті жердің қадірін біліп, оны адамзаттың игілігіне жұмсауда азаматтық танытқан ағалардың өнегелі ісі – туған жерге жасаған қамқорлықтың нағыз үлгісі.
Қазіргі таңда құрылғанына бір ғасыр болған шипажай көпке таныс. 1918 жылдан бастап бой көтерген «Жаңақорған» шипажайының тарихы тереңде жатыр. Осы шипажай тұрғысында ел арасында аңыз-әпсаналар көптеп кездеседі.
Бірі ертеректе қақпанға түсіп жараланған аңның Теріскен көлінің батпағы мен рапасына аяғын малып, жайылмай жатып алатынын сырттай бақылап сол маңайда жүрген малшы үш-төрт күн өткеннен кейін әлгі малдың құлан таза жазылып кеткеніне куә болады. Сол малшы осыдан кейін жарақат алған малын осы жерге әкеліп, дерттерінен айыға бастағанын өз көзімен көрген десе, енді бірі «Жаралы киік жайлы аңызды» тілге тиек етеді. Міне, аудан атын баршаға мәлім етіп отырған «Жаңақорған» шипажайының емдік қасиеті алғашқы күндері осылай байқалған.
Нақты деректерге сүйенсек, 1901-1907 жылдары Теріскен көлін екі бөліп «Орынбор-Ташкент» темір жолын салушы құрылысшылардың көлдің емдік қасиетін жаппай пайдалануы шипалы көлге деген елдің қызығушылығын арттыра түскен. Сол маңайдағы тұрғындар көлдің жағасына орналасып, суын асына да, денсаулығына да пайдаланған.
1916-1917 жылдары Ақмешіт қаласындағы темір жол ауруханасының дәрігерлері көлдің суы мен батпағын Ташкент қаласында лабораториялық тексеруден өткізіп, емдік қасиетін алғаш рет зерттеген. Табиғат тамашасына ғылым қайшылық жасасын ба?! Білікті мамандардың өзі де шипажайдың дертке шипа болатындығын мойындаған. Осындай күрделі әрі көп зерттеулерден кейін «Жаңақорған» шипажайы Сыр өңіріндегі алғашқы санаторий болып 1918 жылдың 14 қарашасында бой көтереді.
Соғыс жылдарында да жараланған жауынгерлерге Теріскен көлінің қара батпағы мен тұзды рапасы қызмет етеді. Қаншама жаралы жауынгердің аяққа тік тұрып, елімен қайта қауышуына мүмкіндік жасаған туған жердің суы мен балшығы екеніне ешкім шүбә келтірмейді.
«Жаңақорған» шипажайының жайы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да мәз емес болатын. Тұралап қалған шипажайға жан бітіріп, оны көпшіліктің емделу орталығына айналдыруда Амангелді Абдуллаевтың еңбегі зор.
Бүгінгі күні Әбекеңнің игі ісін жалғастырушы Абдуллаев Бақытжан Амангелдіұлының басшылығымен шипажай заман талабына сәйкес жабдықталған. Ауласы жасыл желекке, жолдары гүлге оранған түрлі-түсті субұрқағымен абаттанған микроклиматты шипажайда емделушілер үшін қолайлы деп танылған жағдайлармен толықтай қамтамасыз етілген. Ал, қаншама жылдардың жүзі болса да, емдік қасиетін әлі жоғалтпаған тұзды рапасы мен қара батпағы шетелге де танылып үлгерді.
«Ұлтарақтай болса да, ата қоныс ел қымбат, ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат» демей ме? Міне, өзгелер ұлтарақтай санаған өз елім қашанда дарқан даланың егесі сияқты көрінеді. Адам сенгісіз қасиеттерімен күллі әлемді игеріп отырғандай әсер қалдырады. Шөбінің басын тұлпардың тұяғы ғана таптаған туған жеріміз қашанда ыстық ғой, шіркін!
Бахытхан ӘБДІКӘРІМОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.