ҰЛТТЫҚ КОНКУРСТЫҢ ҚАЛАЛЫҚ КЕЗЕҢІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпазы болып Көмекбаевтар отбасы атанды.
Үш кезеңнен тұратын ұлттық конкурстың бірінші қалалық кезеңіне қатысуға өтініш білдірген 18 отбасының ішінен 5 отбасы іріктеліп, комиссия мүшелері аталған отбасылардың үй ішімен, тыныс тіршілігімен танысты.
Нәтижесінде Көмекбаевтар отбасы жеңіске жетті.
Осы өсіп-өнген шаңырақта жасы жетпістен асқан Шахарбек ақсақал мен Ұлжан апа екеуі мәуесін жайған бәйтерек секілді ұрпағының ортасында берекелі-бақытты өмір сүруде.
Олар он бала сүйді. Перзенттерін абыройлы азамат етіп өсірді. Барлығына білім алып берді. Он баладан өрген немере-шөберелері әулеттің абыройын одан сайын асқақтатып келеді. Отағасы Шахарбек Көмекбай есімді палуанның ұрпағы екен.
Үлгілі шаңырақ – өзгелерге өнеге. Еңбексүйгіштігінің арқасында ерлі-зайыптылар мақтаулы маман, өнегелі ата-ана атанды. Өмірдің сынақ сәтінен сүрінбей өтіп, халық үшін қалтқысыз қызмет етті.
Сонымен қатар, байқаудың ІІ дәрежелі дипломымен Назаровтар отбасы, ІІІ дәрежелі дипломымен Байдәулетовтер отбасы марапатталды. Ал, «Өнегелі отбасы» номинациясы Досмахановтар отбасына, «Салауатты отбасы» номинациясы Тұрабаевтар әулетіне табысталды.