ҚЫЗЫЛОРДАДА АЛАЯҚТЫҚ ӘРЕКЕТТЕР АЗАЙҒАН
Қоғамдағы алаяқтық фактілерін азайту мақсатында Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасы қала әкімдігімен және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп кең ауқымды іс-шаралар өткізіліп, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша тәртіп сақшыларымен өтікізіліп жатқан профлактикалық шаралардың нәтижесінде Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасында алаяқтыққа қатысты деректер саны 31% төмендеген.
Дегенмен де, жеңілдің үстімен, ауырдың үстімен пайда табушылар баршылық. Мәселен, облыс орталығында 39 жастағы әйел жәбірленушіге кезектен тыс мемлекеттік бағдарламамен арзан бағаға пәтер алып беремін деп, ірі мөлшерде, яғни 3 млн теңге ақшасын иемденіп алған болатын. Алаяқ фактісі дәлелденіп, сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл әйел секілді алаяқтардың құрбаны көбіне мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж адамдар. Ал алаяқтыққа баратындар көбіне еш жерде жұмыс істемейтін адамдар, көпшілігі әйелдер. Алаяқтар азаматтардың сенгіштігін немесе қиын жағдайға тап болуын пайдалана отырып, қаражат мәселесін оңай шешуге байланысты ыңғайлы шарттармен адамдардың қызығушылығын оятады, сонымен қатар несие алуға қатысты оң шешім шығару үшін алдын ала төлем жасауға көндіре бастайды. Басқа жағдайда күдік тудыратын жобаларды инвестициялау арқылы аз уақыт ішінде пайда табуға уәде береді. Алаяқтық қылмыстарының жасалу тәсілдерін айтар болсақ, «кезектен тыс арзан бағаға пәтер алып беремін», «банктен несие алып беремін», «қылмыстық жауаптылықтан босатып беремін», «жұмысқа орналыстырып беремін», «жер алып беремін», «жүргізуші куәлігін алып беремін» деген орындалмайтын уәделер.
Алаяқтық жазасының ауырлығына қарамастан, оңай олжаға кенелгісі келетіндер баршылық. Осы орайда, тәртіп сақшылары алаяқтардың құрбаны болмас үшін сақ болуды ескертеді.