ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы комерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалына жаңа директор болып Қайруллаев Айдын Бөкенбайұлы тағайындалды.
АҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов бейнеконференция арқылы Айдын Бөкенбайұлын жаңа қызметімен құттықтап, абырой мен сәттілік тіледі.
Қайруллаев Айдын Бөкенбайұлы 1981 жылы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Қорқыт ата университетін 2002 жылы журналист, 2008 жылы заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын облыстық телеарнада редактор болып бастаған.
2001-2002 жылдары «Сета» радиосының бас редакторы болды. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы, ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту басқармаларының бастығы болды.
2015 жылдың шілде айынан Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, 2016 жылдың наурыз айынан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы басшысы қызметінде болған.
Айдын Бөкенбайұлы ішкі саясат саласында тәжірибесінің молдығын дәлелдеп, өзін тәжірибелі маман және басшы ретінде көрсете білді.