АҚҚОЛДЫ АНА

Бұрын көшпенді қазақ елінде қазіргідей жабдықталған дайын перзентханалардың атымен болмағаны белгілі. Қазақ әйелі отының басында, ошағының қасында сәбиінің алғашқы іңгәсін естіген. Оларға көрген-түйгені көп тәжірибелі аналар көмектесіпті. Өмір сүру салтымен тіршілік қажетіне бейімделген, кітаби білімі жоқ сол апалар бүгінгі күннің акушер-гинекологтарының міндетін атқарған деуге болады.
Бұлардың арасында есімі ел аузында ілінген қолы шипалы, аузы дуалы арнайы ана босандыратын «ақжарқын ана», «аққолды ана» атанған ерекше шарапатты туыт аналары болған екен. Ондайлардың «аққолды ана» атануы кейде толғақ үстінде бала теріс келіп, ана мен баланың өміріне қауіп төнген қысылтаяң жағдайда қойдың жақсы жуылған бүйенің қолына киіп, баланы оңына келтіріп, ананы аман-сау босандырып алатынынан екен. Тапқырлығына таңғаласың, жаңа сойылған қойдың бүйені жасанды зат емес, «табиғи қолғап» болғандықтан анаға да, балаға да ешбір зияны тимей, қайта тәнге жұмсақ, жағымды болыпты.
Әжелеріміз: «Әлемдегі аурудың ең қиыны да, тез ұмытылатыны да – толғақ», - деп айтушы еді. Бұл сөздің мәнін өзі ана болғандар ғана жақсы түсінеді. Жарық дүниеге жаңа адамды әкелу ащы да азапты толғақпен келеді. Әне, сол толғақ үстінде әркім өзін әрқалай ұстайды, өйткені пенде жаратылысы бір-біріне ұқсамайды. Шыбын жаны кеудесінен ұшып шығардай қиналғанда біреу ойбайлап айғайлайды, енді біреуі белі үзіліп жатса да, дымын шығармай тістеніп, сазарып қалады. Екеуіде де жақсы емес, ойбай мен айғайды естігенде сыртта жақсылық хабар күтіп тұрғандар үрейленіп суық ойға бой алдырады әрі үздіксіз ойбай мен айғайдан әйелдің күш-қуаты кеми береді. Ал тістенетіндердің жағы күйзелістен қарысып қалады да, босанған соң күш жұмсап ашқызуға тура келеді. Көпке бармай ондайлардың тістері босап түсе бастайды. Осындай жайларды болдырмау үшін аққолды ана келіншектің аузына тары салады екен. Толғақ қысқанда амалсыздан қышырлатып шайнау арқылы бебеулеуге де, тістенуге мүмкіндігі қалмаған. Бұл қарадүрсін әдіс болғанымен ананың толғақ үстінде әлсіремеуіне әрі тіс түбінің босамауына үлкен септігін тигізеді екен. Осының өзінде тәрбие мен өнеге жатыр ғой.
«Аққолды ана» немесе «ақжарқын ана» атанған сол мейірбан жандар өздері кіндік шеше болмаған. Қазақ салты бойынша аяғы ауыр келін күтіміне қомақты еңбек сіңіріп, кіндік шеше болуға дайындалып жүрген қамқоршылардың қолын қағып, жолын кесуді көргенсіздікке балаған. Олар тек өзінің кәсіби міндетін орындаған. Ана мен баланың жағдайының оңды болып нәрестенің аман-сау дүниеге келуін, сонымен қатар туытпен бірге кездесіп қалатын әртүрлі қауіп-қатердің болмауына асқан жауапкершілікпен қараған. Өйткені адам өмірінен қымбат не бар дейсіз, шыр етіп сәбидің өмірге келуі бір үйдің ғана емес, бүкіл әулеттің, ауылдың қуанышы. Адамдар бір-бірінен сүйінші сұрап мәре-сәре шаттанғанда туыт аналар төңірегінен түгел алғыс естіп, абыройға ие болып, жүздері жарқын, маңдайлары ашық болғандықтан «ақжарқын ана» атанған екен.
Баланың өмірге келуін сөз етіп отырып, оның түскен кіндігі мен тоғыз ай ана жүрегінің астында шақалаққа серік болып жатқан жолдасы туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл жөнінде халқымыздың ертеде қалыптастырған мәні терең, мазмұны кең ырымдары бар. Әсілі, қазақ халқының кез келген ырымы ізгі ниеттен, шынайы пәк көңілден туындап, жақсылыққа бағышталды. Ғасырлар бойы қайталана-қайталана адамға медет беретін тылсым күшке айналған. Сенім- ұлы күш, сенім бар жерде кие бар. Әр ұлтты демейтін, сүйейтін киесі өзіне ғана қасиетті, өзіне ғана тиесілі. Мың жерден өзгенің ырымын, салтын керемет келістіріп орындасаң да, тегіңде жоқ болғандықтан ешқашан саған жұғысты болмайды.
Сонымен, ата-бабаларымыз «Еркек-түздің тынысы, әйел-үйдің ырысы» деп түйіндеп, қыздың кіндігі мен жолдасын «отбасының алтын қазық құт-берекесі болсын» деп оттың басына көмген. Әжелеріміздің «оттың басына түкірме», «оттың басын баспа» дейтін тыйымы осыған орай шығыпты. Ал ұл баланың жолдасын «елін-жерін, атажұртын қорғайтын намысты азамат болсын» деп алты қырды асырып апарып, таза жерге көміпті. Ер-азамат түздің адамы болуымен бірге «ол шаңырақтың иесі, әулетті жалғастырушы, босағаны берік ұстайтын тірек болсын» деп кіндігін туған үйінің табалдырығының астына көмеді екен. Әлгі «табалдырықты баспа» деген көне тыйымның жауабы осында жатыр.
Міне, осылай бұрынғы қазақ баласының жолдасы мен кіндігі жерге берілген екен. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейтін мағыналы сөз бар. Ит қарыны тойған жерде жүре береді. Итте отан да, туған жер де жоқ, өйткені иттің кіндігі жерге көмілмеген. Ал кіндігі жерге «жабысқан» ата-бабаларымыз ұлтарақтай жерінің өзін жатқа бермей жан алып, жан беріп жаумен шайқасқан. Қолында құдіретті қаруы болмаса да, қылыш-семсер, найза-шоқпар, садақпен-ақ сіз бен бізге осыншама ұлан-байтақ жерді мұраға қалдырыпты. Ал біз ше? Жетпіс жыл бойы қай ата-ана баласының кіндігі мен жолдасын жерге көмген? Көмбек түгілі, көргеміз жоқ. Күл-қоқысқа тасталып ит жеді ме, мысық жеді ме, құрт-құмырсқаға азық болды ма, бір құдай біледі. Бұл күнде ата-бабаның қаны мен теріне суарылған, сүйегі жатқан жерді аузы-мұрны қисаймай «сатамыз» дейтін, қарыны тойған жерде жүре беретін ит тектестер көбейді. Үлкен кішіге ұлағат көрсете алмай, кіші «өзім білемге» салып ит иен мысықтай жауласып, намыстан жұтап, құрт-құмырсқадай ұсақталып, берекеміздің кетіп бара жатқанының бір ұшы- кіндігіміздің қасиетті Жерімізден ажырап қалғанынан шығар?! Ата марқұм: «Құдайға сенбеген тылсымға да сенбейді», - деуші еді. Сену-сенбеуді әркімнің өз еншісіне қалдырайық, тек адам ретінде осы әңгімені ой-санасынан өткізсе екен деймін.
Өткен ғасырда ана болғандар жақсы біледі, босанған әйелді баласының кіндігі түспейінше үйіне жібермейтін. Кейін өзіміз жеке шаңырақ көтеріп, еркін ел болғалы бері, екі күннен соң перзентханадан шығарып жіберетін болды. Жас ана бұрыңды-соңды естігені бар, түскен кіндікті тастауға болмайтынын шамалап түсінеді, алайда ары қарай не істеу керектігін білмейді. Өкініштісі сол, азан білмесе де құлағын қағатын дүмше молда секілді, өзедері ештеңенің байыбына бармай-ақ ақыл айтушылар жеткілікті. Біреуі «тұмарға қосып тігу керек» дейді, енді біреуі «баланың алғашқы алынған қарын шашымен қосып, шүберекке түйіп үйде сақтау қажет» дейді. Әлеуметтік желіден әжептеуір атағы бар бір әйел: «балаларымның кіндігін Құранның арасына салып сақтаймын», - деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Қасиетті Құранды кіндік қоймасына айналдырып әрі соны мақтанышпен өзгеге үлгі етіп отырған сол пендеге қайран қалдым. Әрине, бауыр еті баласы үшін аналар қолынан келген бар игілікті жасауға дайын тұратыны белгілі. Жоғарыдағы ақыл айтушылар да жақсы ниет ойлаған болар, десе де, әркім өзінше бұра тартып білгішсінбей, ата-бабадан қалған ұлағатты қазақ дәстүріне неге жүгінбейді екен деймін. Рас, баяғы отбасы мен табалдырық өзгеріп кеткен, бірақ Жер-ана өзгерген жоқ, орнында тұр ғой...
Маған талай жас аналар мен олардың шешелері хабарласып, жөн-жоба сұрап жатады. Қазақтың ұлттық төл дәстүрлерін білгісі келетін ондай адамдарға риза болам, шама-шарқымша білгенімді түсіндіріп ұқтыруға тырысамын. Айтайық, кіндікті сыртқа апарып кісі аяғы таптай бермейтін таза жерге немесе даладағы тамыр тартып, жапырақ жайып өсіп тұрған ағаш түбіне көмуге кеңес беремін. Бұл бабалар дәстүрінен қиғаш кетіп тұрған жоқ, қисынға келіп, қиюы қабысып тұр деп ойлаймын. Ал оны орындау-орындамау- әркімнің өз еркі.
«Айтпаймын десем аузым бар, көрмейін десем көзім бар» болған соң көңілімді көптен бері қажап жүрген нәрсе – сәбидің жолдасы жайлы. Ертедегі әжелеріміз таза жуып, аққа орап жерге көмгізетін, ана құрсағынан шыққан бала жолдасын айтып отырмын. Құдайға шүкір, қазір нәресте кіндігімен үйге келетін болды, ал жолдасының қайда кететіні сол баяғы белгісіз күйі қалды. Неге десеңіз, оны іздейтін, сұрайтын адам жоқ. Тәуелсіздікке дейінгі жетпіс жыл, одан кейін бостандықтың ширек ғасыры ішінде бір ата-ана баласының жолдасына жоқшы болып, жерге көмгенін естідіңіз бе? Мен естімедім. Білуге талпынсам да оған қолым жетпеді. «Тексеріп, зерттейміз» деген жан-жағы тұйықталған бітеу сөзден басқа жауап алмадым.
Естіген құлақта жазық жоқ, Кеңес заманында «бала жолдасын арнайы ыдыстарға салып Мәскеуге жібереді екен, жоғарыдағы лауазымды адамдардың ханымдары мен оларға жақын жүретін атақты әйелдер жас көрінуі үшін, өңіне әжім түспей жылтырап тұруы үшін бетіне жапсырады екен, жарамсыздары қоқысқы тасталады екен.....» дейтін. Осылай толып жатқан «екен»- дерді еститінбіз. Рас-өтірігін көзің көріп, қолыңмен ұстамаған соң, бір бүйіріңе шаншудай қадалса да дымың ішіңде, ауызды жауып жүрдік. «Саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған» заман еді ғой. Әйтсе де, отты үйде жақса да, түтінінің сыртқа шығатыны секілді, қанша құпияласа да, әлгіндей қыбыр-сыбырлар бәрбір таралып жататын. Бұл әңгіменің бекер емес екенін ішіміз сезетін, бірақ ашық айтудан жалтарып жүре бердік. Ендігіміз не? Сүйекке сіңген әдет мен кіжінуіміз көп те, бел шешіп кірісуіміз жоқ, ынжықтық әлі иығымыздан түспеді. Иә, солай. Әйтпесе, ана тоғыз ай бойы баламен бірге көтеріп, ащы толғақпен келетін сәби жолдасын нағыз иесінен сұраусыз өздеріне меншіктеп алғандардың не істеп жүргендерін, қандай тапсырма орындайтындарын білер едік. Ең болмаса, құдіреті күшті Құдайым ана құрсағына баламен бірге оның жолдасын тектен-тек жаратпағанын ойланар едік....
/жалғасы бар/.
Ескерту: Біз Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты кітабын үзінді күйінде бере бастадық. Өйткені, бұл кітапта халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарының мағынасы жас ұрпаққа кеңінен түсіндіріледі. Осы арқылы бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастырып, ұлттық болмыстан айнымай, қазақы тәлім-тәрбиенің мәнін ұғындырады.
Кітапта құрсақ шашудан бастап, баланың алғашқы мүшеліне дейінгі аралықта салт-дәстүр, жөн-жоралғылар барынша қамтылған.
Кітапта құрсақ шашудан бастап, баланың алғашқы мүшеліне дейінгі аралықта салт-дәстүр, жөн-жоралғылар барынша қамтылған.