ЭТНОС ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА КОММУНИКАТИВТІК ТРЕНИНГ ӨТТІ
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының «Асыл сөз» мектебі» аясында коммуникативтік тренинг өтті. «Тіл-ел бірлігінің кепілі» тақырыбындағы шара қаладағы №10 «Білім инновация» лицей интернатында болды. Оған қаладағы 8-10 сыныптағы аралас мектептерден 16 этнос оқушысы қатысты.
Тренингтің мақсаты еліміздегі этнос жастарына тілдік мәртебені, бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында этнос топтарының оқушылары арасында пікір алмасу. Белгіленген тақырып бойынша мәселелерді қарау, талқылау, нәтиже шығару. Жас ұрпақтың патриоттық сезімін оята отырып, елін, жерін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады.
Сұрақ-жауап, ойын, пікір алмасу форматында өткен тренингте оқушылар «Өрмекші торы» ойыны арқылы бір-бірімен танысып, өзара байланыстарын нығайтты. «Ішкі түйсік» әдісі арқылы алдын-ала аяқталмаған жағдаяттар дайындалып, оқушыларға қойылды. Мәселен, «Мен білім министрімін...», «Уақыт машинасына тап келсең, қай кезеңге барар едің, неге?», «Мемлекеттік тіл үйренудегі мен үшін кедергілер..» деген сынды сұрақтарға қатысушылар белсенді түрде жауап беріп, келелі ойларын ортаға салды.
Сонымен бірге, көп тілді меңгеру жолдары, тілді өздігінен үйрену әдістері өткізіліп, бірнеше бағыттағы коммуникативті жаттығулар ойнатылды. «Мың бала» облыстық мәдени-ағартушылық жобасының «Авторлық жоба» байқауының 2017 жылғы жеңімпазы Гүләйім Байназар оқушылардың үш тілділігін дамыту үшін интерактивті тақта арқылы ойындар ойнатты.
Тілдік мәртебені көтеру, бірлікті нығайту ниетінде өткен шара соңында «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Шакизат Абдраманова аралас мектеп оқушыларын марапаттап, сый-сияпат көрсетті.